Ұлттық қауіпсіздік комитеті Тараз бен Шымкенттен ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерін анықтады, - деп хабарлайды ҰҚК баспасөз қызметі.
«2022 жылғы 30 маусымда ҰҚК Ішкі істер министрлігімен бірге Тараз және Шымкент қалаларында «А» және «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің жұмылдырылуымен ұйымдасқан қылмыстық топтың заңсыз іс-әрекетінің жолын кесті», - делінген хабарламада.
Тексеріс барысында қылмыстық топ мүшелерінің тауар-материалдық құндылықтарды аса ірі мөлшерде ұрлауға және кәсіпкерлерден ақша бопсалауға қатысы бар екені туралы дәлелдер жиналған.
«Арнайы операция нәтижесінде қылмыстық топтың 14 басшысы мен белсенді қатысушылары ұсталды.
Процессуалдық іс-шаралар барысында қару-жарақ арсеналы, қомақты ақша сомасы, сондай-ақ, тергеу үшін қызығушылық тудыратын құжаттар табылып, тәркіленді», - делінген ҰҚК хабарламасында.
Соталды тергеу жүргізіліп жатыр, ұсталғандардың басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі.