Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері алаяқтық жасады деген күдікке іліккен Петропавл тұрғынын Нұр-Сұлтан қаласынан ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 34 жастағы петропавлдық жалдамалы пәтерлерде жасырынып, туыстарымен және таныстарымен қарым-қатынасқа шықпаған. Ер адам туыстарының екі пәтерін жалған сенімхат бойынша сатты деген күдікке ілінген.
СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері оның жүрген жерін қызметтік іссапар кезінде анықтады. Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, Нұр-Сұлтан қаласының тергеу изоляторына орналастырылды.
«Қылмыскерлерді іздестіру – криминалдық полиция қызметкерлерінің жұмысындағы басты міндеттердің бірі. Бұл іс-шара учаскелік полиция инспекторларымен, көші-қон қызметі және басқа да бөлініс қызметкерлерімен бірге өткізіледі. Айта кететіні, «Заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде Мамлют ауданының полицейлері аудан орталығының 61 жастағы тұрғынын ұстады. Ол Башқұртстан аумағында жасалған алаяқтық үшін мемлекетаралық іздеуге жарияланған», – деді Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.
Жалпы, 6 ай ішінде СҚО-да іздеуде 60 адам болған. Жыл басынан криминалдық полицейлер 30 қылмыскердің жүрген жерін анықтаған. Іздестіру жұмысында «өткен жылғы» санатындағы қылмыскерлерді іздеуге ерекше көңіл бөлінеді. Жыл басынан осы санат бойынша 10 қылмыскер ұсталды. Бұдан бөлек 228 із-түссіз жоғалғанның жүрген жері анықталған.