$ 498.34  519.72  4.85

Аягүл Миразова: «Басқа жұмысты кәсіп еткендердің айлық үшін қайтадан мектепке келіп жатқанын қолдамаймын»

Айлық үшін басқа саладан қайтып келгенін 100 пайыз қолдамаймын.
фото: nege.kz
фото: nege.kz

NEGE тілшісі білім саласындағы түйткілдер жайында ұлағатты ұстаз, тұңғыш Еңбек ері атағының иегері Аягүл Төреқызымен әңгімелесті.

 – Аягүл Төреқызы, былтыр «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы қабылданған еді. Жоба барысында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігі және сапасын қамтамасыз ету жайы,  орта білім беру сапасын арттыру, сондай-ақ мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету мәселесі қолға алынды. Ұлағатты ұстаз ретінде айтыңызшы, жоба қаншалықты деңгейде жұмыс істеп жатыр?

 – Жалпы, білім саласында біраз жаңалық пен жақсылық болып жатыр. Мұғалім мәртебесін көтеруге байланысты талай жұмыс істелінуде. Мұның нәтижесін ұстаз қауымы көріп келеді. Материалдық жағдай бір бөлек, мұғалімнің еңбегі бағалануы тиіс. Бұл оның мәртебесіне және өзіне де байланысты. Білімділігіне, біліктілігіне, шәкіртпен арадағы қарым-қатынас жасау қабілеттілігіне тікелей байланысты. Ал қаржы жағына келсек, мұғалім миллионер болмаса да, өмір сүруіне жететіндей, яғни өзінің еңбегінің нәтижесіне қарай еңбекақы алуы тиіс. Бірақ әлі де ойластыратын біраз дүние бар деп ойлаймын. Оны айтып та жүрмін.

Себебі, жоғары оқу орнын бітірген жас мамандардың жалақысы жоғары емес. Олар күнкөріске, жүріп-тұруына жететін ақша алмайды. Жастардың қаржылай шығыны ересектерге қарағанда көбірек екені рас.  Еңбекақысы көп болуы үшін сағаты жүктемесі де көп болуы тиіс. Бірақ жас мамандарға сағат аз беріледі. Сондықтан жоғары оқу орнын бітіріп, қолына дипломын алған жас мамандарға біліктілік сынағынан өткеннен кейін-ақ жалақысын жоғары етіп қойса жақсы болар еді. Әрі қарай жұмысының нәтижесіне және біліктілік санатына қарай үстемесі көбейе түседі. Әрине, жаңадан келген жас маман бірден нақты көрсеткіштерге қол жеткізе алмайды ғой.

Оның авторлығы болуы керек, олимпиададан, ғылыми жобадан жетістігі болуы қажет, оқушылары жеңімпаз болуы тиіс. Мұндай нәтижеге жету үшін кемінде он жыл керек емес пе? Мұғалім тәжірибе жинап, оқушыны айтарлықтай көрсеткішке жеткізе алатындай қалыпқа келу үшін уақыт керек. Сондықтан мұндай көрсеткішке жеткенше оның айлығының төмен болуы дұрыс емес. Ешкім ауамен тамақтандайды. Сосын кейбір жас мұғалімдер шыдай алмай тағы бір жерде жұмыс істейді. Тіпті болмаса, оқушыға қосымша ақылы сабақ берумен шұғылданады. «Екі кеменің құлағын ұстаған суға кетеді» демекші, бұл кезде жұмыста береке болмайды. Тиын-тебеннің соңына түсіп кетеді. Сондықтан жастардың жетістіктерін күтіп отырмай өмір сүруіне жететін жалақы тағайындау керек деп санаймын.

– 50 жылдан астам ұстаздық еткен маман ретінде білім саласында қандай олқылықтарды баса айтар едіңіз?

– Екіншіден, білім саласында түрлі өзгерістер, небір реформалар қабылданды. Елімізде басшысы ең көп ауысқан осы білім саласы. Санасаңыз, 30 жылда қаншама министр тағайындалды. Оның бәрі реформаны бастап, аяғына жеткізбейді. Ұлттық тұрғыдан біраз дүниені жоғалтып алдық десем, артық айқаным емес. Оқулықтың сапасы, мазмұны төмендеп кетті. Әйтеуір білім саласына енгізбеген нәрсе қалмады.

Кейбір пәндерді бір-біріне қосып, былықтырып жібердік. Мысалы, қазақ әдебиеті мен қазақ тілін қосып, сауатсыздыққа әкелдік. Бұл мәселе қазір көтеріліп жатыр. Одан басқа да бұл салада кемшіліктер жеткілікті. Президент оқулықтарды қайта қарауға, бағдарламаны қайта жасап, ұлттық болмысымызды қалыптастыруға, тәрбиеге бас мән беруге тапсырма берді. Енді осы олқылықтар ескеріліп, біз ойлағандай оқулықтар жарық көрсе дейміз.

Жалпы, біз қызықпыз. Бір-бірімізді тыңдап, ортақ мақсатқа жету үшін бар күш-жігерімізді салып, бірігу деген жоқ. Әркім өз көрпесін өзіне қарай тартады. Содан кейін де шала дүние көбейіп кете ме деп алаңдайсың. Жұмыс тобының атқарған шаруаларынан хабардармын. Бірақ сол жұмыс өз дәрежесінде әрі қарай қолдау тапса, министрлік тек сөзбен ғана емес, іспен дәлелдеп, ұстаз қауымның қолына жақсы бағдарлама мен дұрыс оқулықты тигізсе, таптырмайтын дүние. Өйткені, білімнің негізі мектепте қалыптасады десек, ұстаз, оқушы, ата-ананың қолында бір құрал – оқулық болуы тиіс. Сол бағдарлама дұрыс құрылып, жоспарланса оқушыда білім де, білік те болады.

Қазіргі жастардың тәлім-тәрбиесі көз алдымызда. Халық мұны қаңтар оқиғасы кезінде де көрді. Олар ешқайдан келген жоқ, аспаннан түскен жоқ. Бәрі өзіміз өмірге әкелген, өзіміз тәрбиелеп, оқытқан балалар. Мұның бәрі жан-жаққа еліктеп, әр елдің тозығын да, озығын да алып, енгізгенінің кесірі. Бұл жерде бәріміз кінәліміз. Ата-ананың, қоғамның, білім ұяларының, ұстаздың кінәсі жеткілікті. Бірліктің жоқтығы анық байқалды. «Бірлік жоқ жерде тірлік жоқ» екенінің көрінісі. Енді бұдан сабақ алып, қайталамауға тырысу керек. Өзімізбен көрші тұрған мемлекет тәуелсіздігін сақтап, тілін, діні, әдет-ғұрпынан да шашау шығармай ұлтжанды азаматтар тәрбиелеп отыр. Тілімізді құрметтеп, «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» демекші, өз озығымызды жоғалтып алмасақ, келешек жарқын болады деп ойлаймын. Бұл көпті көрген, өмірден түйгені бар, бұрынғы мен қазіргіні салыстыра алатын, жетістікке қуанып, кемшілікті дөп басатын дүйім жұрттың ойы.

– Мұғалім мәртебесі туралы ойыңызды дөп айттыңыз. Білуімше, бұрын педагогика мамандығында оқып, кейін нәпақа табу үшін басқа салада еңбек еткендер талай жылдан кейін мектепке оралып жатқан көрінеді. Сіз не дейсіз?

– Мұғалімнің мәртебесін бекіткеннен кейін, айлық мәселесі шешілді. Яғни, қазір көп тәжірибелі мұғалімнің жалақысы жоғары. Алайда, ертеректе педагогика мамандығын бітіріп, басқа жұмысты кәсіп еткендердің қайтадан мектепке келіп жатқаны бір жағынан жақсы, екінші жағынан дұрыс емес. Мұғалім болу – ойыншық емес. Ұстаздық ету – болғысы келсе, бола салатын, қойғысы келсе қоя салатын мамандық емес. Ең бірінші, олар қарайып қалды.

Осыдан жиырма, он бес жыл бұрын алған білімнен қанша қалғанын бір Алла білсін. Айлық курстан өтіп, мектепке жұмысқа кірем дегендердің кемшілігі де көп болады. Заман бір орнында тұрған жоқ. Білім саласына да небір жаңа технология енгізілді. Сондықтан ойыншыққа айналдырудың керегі жоқ. Жақсы білім мен тәрбие беретін, заман талабына сай жаңа технологияны игерген, ақпараттық жүйені еркін меңгерген мамандар ғана нағыз ұстаз болып, елдің келешегіне еңбек ете алады.

Ал айлық үшін басқа саладан қайтып келгенін 100 пайыз қолдамаймын. Одан ұтылмасақ, ұтпаймыз. Мұғалім болғысы келу бір бөлек, ал туа бітті мұғалімдік қасиетке, қабілетке ие, мінезге бай болу басқа дүние. Яғни, ұстазға тән қасиетті бойына жинақтаған адам болуы қажет.

– Шынында, бұрын педагогика – ең төменгі мамандық ретінде саналды. Сосын көбі менсінбей, басқа саладан нанын тауып келді.

– Иә, бұрын солай болды ғой. Жоғары оқу орнына қабылданатын кезде де ең төменгі шекті баллмен педагогикаға түсіп жатты. Уақытында солай болды. Қазір шекті балл да көтерілді. Кім көрінген, яғни білімсіз жастар түсе алмайды. Екінші, адамның қабілеті болуы керек. Ол баламен жұмыс істей ала ма, қарым-қатынас жасау мәдениеті қалай, осы жағы ескерілуі тиіс. Білімді талай кісі жүр. Бірақ бойдағы білімді оқушының бойына сіңіре алмайды, оқушы және ата-анамен тіл табыспайды. Яғни, оған қабылеті жетпейді. Ол қандай мұғалім? Білгенінің бәрі өз бойында қалатын мұғалімнен де пайда жоқ. Сондықтан мұғалім болу – оңай шаруа емес. Мектеп – құдыретті, қасиетті шаңырақ. Ал сол мектепте жұмыс істейтін мұғалім де, оқитын оқушы да қасиетті болуы керек.   

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары