Бүгін толассыз жауған жаңбыр салдарынан елорданың EXPO ауданындағы бірнеше ғимаратты су басып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Олардың қатарында «Hilton Astana» қонақ үйі де бар. ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап берген қонақ үйдің басшылығы меймандар уақытылы эвакуацияланғанын жеткізді.
«8 тамыз күні шамадан тыс жауған жауын салдарынан елорданың EXPO ауданындағы бірнеше ғимаратты су алып кетті. Олардың ішінде Hilton Astana қонақ үйі бар. Сағат шамамен 12:40-та қонақ үйдің кіреберісін су басты. Қонақтар уақтылы эвакуацияланды. Қазіргі уақытта алдыңғы кіреберістің төбесінен аққан су тоқтады. Қонақ үй қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Келушілер үшін ешқандай қауіп жоқ», - деп мәлім етті қонақ үйдің басшылығы.
Қонақ үйдің дерегінше, оқиғаның себебін таяуда мамандар анықтайды. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде Astana IT University оқу орнын су басып кеткені көрсетілген видео тарады. Аталған университеттің баспасөз қызметі бұл жағдайға ресми түсініктеме беруге уәде етті.