$ 494.87  520.65  4.91

Ақмола облысында алтын кенішінде қаза болған жігіттің өліміне қатысты жаңа дерек шықты

Үш адам оның өлі денесін көлікпен әкеліп, ауылдағы үйінің ауласына тастап кеткен.

Ақмола облысы Бестөбе кентіндегі алтын өндіру шахтасы аумағында көз жұмған 23 жастағы жігіттің өліміне қатысты жаңа мәліметтер пайда болды. Марқұмның жақындары оның денесін әлдекімдер қапқа салып әкеліп, СҚО-дағы үйінің ауласына тастап кеткенін айтады, деп хабарлайды КТК арнасы. 

Телеарнаның мәліметінше, марқұм Дмитрий Шевченко жұмысты ғаламтор арқылы іздеп тауып, 400 шақырым жердегі Бестөбеге аттанған.

Ата-анасы оны Бестөбедегі шахталардың біріне жұмысқа заңды түрде орналасты деп ойлаған. Алайда олар бригада құрып, жиналған азаматтарды жер астына алтын іздеуге жіберетіндер болып шыққан. Бұл жолы да бір топ адам ашық жатқан ескі кенішке түскен.

Туыстарының пайымдауынша, жарылғыш зат қолданған кезде Дмитрий қаза тапқан. Өйткені сүйегінің сау тамтығы қалмаған. Кейін үш адам оның өлі денесін көлікпен әкеліп, ауылдағы үйінің ауласына тастап кеткен.

"Қапқа салып алып, ит сияқты әкеліп тастады. Далдұл болған өлі денесін көріп есіміз шығып кетті. Мұндайды кім күткен?! Олар осы топтың басшылары. Сонда қалай, өз бетінше өлікті артып алып, әкеліп тастап жүре беретін ол кімдер? Жарылғыш затты ресми түрде жұмысы жоқтарға кім берген сонда? Базарда сатылмайды ғой. Бұл нағыз қауіпті бизнес болғаны ғой", - дейді марқұмның ағасы Андрей Шевченко. 

Бұл жайттан кейін Дмитрий Шевченконың жақындары полиция шақырған. Полиция қызметкерлері әлгі үш адамды тауып, тергеуді бастаған.

"Шахталардың бірінде қайтыс болған 23 жастағы азамат Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданының тумасы. Алған дене жарақаты ауыр болған. Қазір күзетілетін нысанға заңсыз кірді деген баппен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды", - дейді Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары