$ 498.34  519.72  4.85

Алматы облысында қандастың баспанасын өзі үйінде жоқ кезде қиратып тастаған

Баспанасынан айырылған қандас отбасының қазір қайда екені белгісіз.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында ұзақ жылдар шаруашылықпен айналысқан отбасы бір күнде баспанасынан айырылды. Жер иесі тұрғын үйді заңсыз салды деп, ешкім жоқ кезде қиратып тастаған, деп хабарлайды Экспресс К. 

Бір күнде тұрар жерінен айырылған отбасының бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады. Видеода қираған үйдің маңында қатты жылаған ер кісі мен әйел адамды көруге болады. Айналасында бір топ жұрт жұбатып әлек.

Жерге талас. Еңбекшіқазақ ауданының жайылымдық учаскелерінің бірінде бай фермер малшының үйін жермен жексен етті, - деп жазылған бейнежазбаға.

Аталған жағдайдың мән-жайын білу үшін Экспресс К тілшілері жергілікті әкімдікке хабарласты. Онда оқиғаның жер үшін талас екенін растады. Яғни, аталған жер телімі "Жалайыр Шора" ЖШС-не тиесілі көрінеді. Серіктестік иесі — Бағдатхан Мүптекова. Сонымен қатар бұл жер телімі иелігіне аталған серіктестің тағы бірнеше адамының құқығы бар.

Бірақ, Бағдатхан Мүптекова өзге серіктестерге ескертпестен Нұра ауылына көшіп келген қандас Дәлелхан Пазыл есімді тұрғынға сатып жібереді. Ол сол маңнан үйін тұрғызып, шаруашылықпен айналысқан. Арада біраз уақыт өткеннен кейін серіктестіктегі жерге иелік ететін өзге адамдар бұл жағдайды естіп, заңсыз үй тұрғызды деп сотқа жүгінген.

"Қауымдастық мүшелерінің бірі Серік Ауғанов жерге заңсыз үй салды деген шағыммен сотқа жүгінген. Сот жерді қайтару туралы арызды қанағаттандырған. Бірақ үйді бұзу туралы шешім болмады. Соған қарамастан жер иесі Дәлелханның үйде жоқтығын пайдаланып, баспанасын сүріп тастаған", — деді аудандық әкімдіктің баспасөз қызметіндегілер.

Баспанасынан айырылған қандас отбасының қазір қайда екені белгісіз. Әкімдікке қойылған "уақытша баспанамен қамту, я болмаса қандай да бір қолдау көрсетілді ме?" деген сұрағымыз жауапсыз қалды. Ондағылар тек енді қандастардың заң аясында үйге кезекке тұрып, өз уақытымен баспаналы бола алатынын жеткізді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары