Алматы облысында жеті жүзге жуық оқушы небәрі 140 орынға арналған ескі мектепке қайта көшетін болды. Оқушылар үш жылдан бері сабақты онлайн оқып келген еді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Талғар ауданына қарасты Дәулет ауылынан жаңа мектептің құрылысын салуға мемлекеттің 1,6 миллиард теңгесі жұмсалған. Алайда ол мектептің құрылысы аяқталмай жатып апатты деп танылғандықтан, жабылып қалған болатын. Ашынған халық наразылыққа шығып, жауапсыздыққа барған ауданның басшыларын жауапқа тартуды талап етіп келеді.
«Мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін 643 оқушы аталған ауылдағы ескі мектеп ғимаратында үшінші тоқсаннан бастап офлайн форматында оқиды. Оқушыларды 15 км қашықта орналасқан жалпы білім беретін өзге оқу орындарына қоғамдық көлікпен тасымалдау балалардың өміріне қауіп төндіреді. Ғимарат 1986 жылы салынған. 140 орындық ғимараттың жылыту жүйелеріне демеушілердің қаражатына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мемлекеттен, ата-анадан қаражат қарастырылмайды», - деп хабарлады Алматы облыстық білім басқармасы.
Сапасыз салыған мектептің іргетасы шөгіп, қабырғалары жарылып кеткен. Облыс басшылары жаңа оқу орнына осымен үшінші рет күрделі жөндеу жұмысын жүргізбек.
Сапасыз құрылысты қабылдап алған басшылардың үстінен тексеріс жүргізіледі. Іске прокуратура да араласпақ. Халық наразылығы күшейген соң ғана жауаптап жалтарып жүрген басшыларға қатысты тексеріс басталды. Ата-аналар үш жыл онлайн форматында сабақ оқып жүрген оқушылардың білім деңгейін нөлге теңеп отыр.
«Осы жұмысқа салғырт қарағаны үшін Алматы облысы әкімдігі тарапынан Сәулет және құрылысты бақылау басқармасының басшысына қатысты қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев облыс прокурорына жұмысқа тікелей тексеру жүргізуді сұрады», – деді Алматы облысы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Ғалымұрат Жүкел.
Ескі мектептің де жағдайы мәз емес. 35 жыл бұрын салынған екі қабатты оқу ғимаратының жартысы жарылып кеткен.