Нұрсұлтан Назарбаев енді құрметті сенатор болмайды. Бұл атау жоғарғы палатаның регламентінен алынып тасталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Осыдан екі-үш апта бұрын Сенат регламентіне тиіс өзгерістер енгізілді. Біз регламенттен құрметті сенатор атағын алып тастадық. Бізде қазір ондай институт жоқ. Бұл шешімді қабылдауымыздың себебі, біздің барлық халық референдумда дауыс берді. Тұңғыш Президент туралы жарлық Конституциядан алынып тасталды. Бұл - халқымыздың шешімі", - деді Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар, Әшімбаев бұған дейін құрметті сенатор атағы бір адамға ғана берілгенін айтты.
"Құрметті сенатор атағы енді заңда жоқ. Бірден айта кетейін, Сенат регламентіне өзгерістер енгізілген. Біз бұл норманы қайта қарап, өзгерткенде "Құрметті сенатор" атағын алып тастадық. Бұған дейін ол тек бір адамға берілген еді. Қазір бұл атақ ешкімге берілмейді. Өйткені қазір бұған бізде заңды негіз жоқ", - деп түсіндірді ол.