Тілекқабыл Есдәулетов мұндай шешімнің БАҚ пен әлеуметтік желідегі резонанстан кейін қабылданғанын растады.
Атырау облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы ат бәйгесін ұйымдастыру және өткізу лотының күшін жойды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы АқЖайық басылымына сілтеме жасап.
БАҚ-та су тасқыны кезінде ат бәйгесін өткізуге жұмсалған миллиондаған шығындар орынсыз деген жағымсыз пікірлерден кейін іс-шарадан бас тарту туралы шешім қабылданған. Сыбайлас жемқорлықты тергеу қор-бюросы өзінің Telegram-арнасында бұған бірінші болып назар аударды.
Бәйгені ұйымдастырушыларға конкурс өткізу туралы хабарландыру мемлекеттік сатып алулар сайтында 20 наурызда, ал конкурстық құжаттамаға өзгерістер енгізілгеннен кейін 9 сәуірде жарияланған.
Бұл мақсатқа Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы 54,5 млн теңге бөлді. Бюджет өткен жылдың соңында бекітілген. Өтініштерді 9 сәуір мен 30 сәуір аралығында қабылдау жоспарланған. Қызмет көрсету мерзімі - шартқа қол қойылған күннен бастап 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін.
Әңгіме Аламан бәйге, Топ бәйге, Құнан жарыс, Тай жарыс деген төрт кезеңнен тұратын «Ұлы дала тұлпары» атты облысаралық бәйге туралы болып отыр.
Басқарманың қаржы-экономикалық бөлімінің басшысы Тілекқабыл Есдәулетовтің айтуынша, басқарма басшысы Атырау облысындағы төтенше жағдайға байланысты лоттан бас тартуды тапсырған. Сондай-ақ ол мұндай шешімнің БАҚ пен әлеуметтік желідегі резонанстан кейін қабылданғанын растады.
Бұл лот облыстағы төтенше жағдайдан бұрын жарияланып, бюджеті өткен жылдың соңында бекітілген. Жеңімпазды анықтап, төтенше жағдай аяқталғаннан кейін өткізе алар едік. Ал енді, бәйге мүлде өтпеуі де мүмкін – бәрі аймақтағы жағдайға байланысты. Бәйге өткізуден бас тарту туралы шешім БАҚ-та жаңалық шыққаннан кейін қабылданды, - дейді Т.Есдәулетов.
Оның айтуынша, ат бәйгесі облыста жыл сайын өткізіліп тұрады. Өткен жылы да 54,5 миллион теңге бөлініп, оның 8 миллионы ғана игерілген. Қалған сома бюджетке қайтарылған. Жарыс жылдың аяғында өтіп, ауа райы суыта бастағандықтан, жарыстың бір кезеңін ғана өткізу мүмкін болған.