$ 498.34  519.72  4.85

Астана іргесіндегі елдімекен тұрғындары қаңғыбас иттерден зардап шегіп отыр

Астананың дәл іргесінде орналасқан Қосшы елдімекенінің тұрғындары қаңғыбас иттерден зардап шегіп отырғандарын айтуда. Ауылдағы №1 орта мектептің төңірегін мекендейтін төртаяқтылар адамға қарай шабуды әдетке айналдыра бастапты. Бұл туралы ауыл тұрғындары Sn.kz тілшісіне мәлімдеді.

Осы мектепте баласы оқитын ата-аналардың бірі көше кезген иттердің балаларға да, ересектерге тұра жүгіретінін айтып отыр. Қорыққан оқушылар жап-жақын мектептеріне көп жағдайда айналып баруға мәжбүр болады екен.

«Менің ұлым бірінші сыныпта оқиды. Соңғы уақытта балаларамызды сабаққа апаратын кезде мектеп жанында жүрген қаңғыбас иттерді жиі көретін болдық. Адамдарға үріп, айбат шегеді. Ал, 15 қараша күні осы 5 ит бізге қарай шапты. Абырой болғанда, қолымдағы сөмкемен үркітіп, қуып жібере алдым. Бірақ, кішкентай балам қатты қорқып қалды», – дейді Қосшы ауылының тұрғыны Индира Хасенова.

Оның айтуынша, мектеп басшылары бұл проблеманы шешу үшін ешқандай шара қолданып жатқан жоқ көрінеді.

«Бүгін мектепке тағы бардық. Өткендегі 5 иттің қатары бүгін 12-ге жетіпті. Бізді қауып алмас үшін амал жоқ айналып, мектептің артынан кірдік. Күзетшіге бұл проблема туралы айтып едім, тыңдауындай тыңдады, бірақ мүлдем жауап қатқан жоқ. Бір күні болмаса бір күні бұл қаңғыбас иттер балалардың бірін қабады, сондықтан қазірден бастап алдын алып, олардың көзін жою керек», – дейді Қосшы тұрғыны.

Айта кетейік, Астанадан санаулы шақырым қашықтықта орналасқан елдімекен Ақмола облысының әкімдігіне қарайды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары