$ 498.34  519.72  4.85

Медеу ауданында мүгедек балаларға әлеуметтік қызмет көрсетуге қатысты семинар өтті

Алматы қаласы Медеу аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің психоневрологиялық ауытқулары бар және 18 жастан асқан мүгедектерге үйде арнаулы әлеуметтік көмек көрсететін №2 бөлімшесінің қызметкерлері «Мүгедек балаларға әлеуметтік қызмет көрсетуді жетілдіруде әлеуметтік қызметкерлердің құзіреттілігін арттыру» атты тақырыпта семинар өткізді.

Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – мүгедек балалармен жүргізілетін әлеуметтік қызмет түрлерін жетілдіру жолдарын дамыту және сол тұлғалармен, отбасы мүшелерімен жұмыс жасайтын әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін шыңдау, заманауи технологияларды меңгере отырып, жұмыс істеу біліктіліктерін арттыру.

Іс-шараның ашылу салтанатынан кейін алғашқы болып әлеуметтік қызметкерлердің қоғамдағы алатын орны мен атқаратын қызметі жөнінде бөлімшеміздің жас маманы Г.Т.Боржыкбаева «Мүмкіндігі шектеулі балалардың тәрбиесіндегі әлеуметтік қызметкердің алатын орны» атты тақырыпта баяндама оқыды.

Қазақстан Республикасы әлеуметтік қызметкерлерінің алғашқы форумына байланысты өткізілген ауданаралық сайыстан «Ең үздік әлеуметтік қызметкер» номинациясы бойынша бөлімшенің әлеуметтік қызметкері Тлепова Ақмарал қатысып, бірінші орынға ие болып, Алматы қаласының атынан Астана қаласында өтетін Республикалық деңгейдегі сайысқа жолдама алған болатын. Соған сәйкес,әлеуметтік қызметкердің баламен, отбасымен жасайтын жұмысы туралы түсірілген бейнесюжеті көрермендер назарына ұсынылды.

Республика көлемінде өткен әлеуметтік қызметкерлердің алғашқы форумына қатысып келген бөлім басшысы Е.Д.Байқоныс форумнан алған өз әсерімен бөлісе келе, мамандарды алда келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтады.

«Әлеуметтік қызметкерлер мен еріктілер қауымдастығының» төрайымы Г.Д.Хакімжанова қазіргі қолданыста жүрген стандарттың шығу тарихына тоқтала келе, келешекте мүгедек балаларға көрсетілетін қызмет түрлерінде жаңашылдықтың болатындығы, онда ата-аналарымызға оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша техникалық қосалқы құралдарды алуда өз таңдау еркіндігі берілетіндігі жөнінде қол жетімді, тиімді жобалардың шетелдік тәжірибе негізінде дайындалып жатқандығын айтып өтті.

Келесі кезекте филология ғылымдарының кандидаты, доцент, заңгер, түзету педагогикасының ұлттық ғылыми-практикалық орталығының арнайы мектепке білім беру зертханасының аға ғылыми қызметкері, «Азамат әлеуеті» жеке қайырымдылық қорының президенті А.Д.Сейсенова сөз алып, 18 жастан асқан мүгедектер қоғамнан тыс қалып жатқандығын сөзге тиек етіп, көбінесе оларға әлеуметтік-еңбектік қызмет түрлерін көрсетуді басты назарға алу қажеттілігін айтты.

PhD докторы, Нархоз университетінің доценті Г.Ә.Әбенова әлеуметтік сала мамандарын дайындауда жаңа әдістер енгізілгендігін, онда тек теориямен ғана шектеліп қоймай өмірде кездесетін түрлі қиын жағдаяттардан шығу жолдарын шешуде әлеуметтік жұмыс ғылымы тәжірибелік тұрғыда біліктілікті қажет ететіндігін, ол үшін студенттердің тәжірибелік білімін шыңдауда, көзбен көріп, жүрекпен сезіне жұмыс жасайтын осындай мекемелермен тығыз байланыс орнатудың маңызды екендігін айта келе, бірлесе жұмыс жасауға ұсыныс тастады. «Халықаралық Әлеуметтік Жобалау Қауымдастығының» жоба бойынша менеджері А.А.Қазыбекова 18 жастан асқан мүгедектерді кәсіби бағдарлауда өз ұйымы тегін қызмет көрсететіндігін жеткізді. Қоғамнан тысқары қалған азаматтарды қоғамға кіріктірудің жолдарын ұсынды.

Келген қонақтар мен әлеуметтік сала мамандары өздеріне қажетті мағлұматтармен қанығып, білім, білік, тәжірбиесімен бөлісіп, пікір алмасты. Сондай-ақ, іс-шараға ата-аналарда белсенле қатысып, мамандарға деген ыстық лебіздерін жеткізді.

Бөлімшеде әлеуметтік қызмет көрсетілетін бала Қадірбекұлы Мұхаммед те әлеуметтік сала мамандарының кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, өзінің дайындап келген өлең шумақтарын арнады.

Іс-шара барысында балалардың өз қолдарымен жасаған қолөнер жұмыстары да көрмеге қойылып, жоғары деңгейде бағаланды. Іс-шара өз деңгейінде өтті. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары