Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік жағдайларын жақсарту туралы тапсырмасын орындау мақсатында «Нұр Отан» партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктерінің және олардың құрылымдық бөлімшелерімен өзара бірігіп, партияның барлық аймақтық және аумақтық филиалдарында «Кедергісіз келешек» партия жобасы аясында «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды Бірыңғай тақырыптық қабылдау» республикалық акциясын өткізуде.
Аталған республикалық акция Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын жүзеге асыру аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге ықпал ететін болады.
Осыған байланысты «Нұр Отан» партиясы Алатау аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алмасаев Мұханқали Тұрашұлы «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарды қабылдады. Аудандық филиалдағы қабылдауға «Нұр Отан» партиясы Алатау аудандық филиалы саяси бюро мүшесі, №29 қалалық емхананың бас дәрігері Садықова Ақмира Махамбетқалиқызы, №25 қалалық емхананың эксперт-дәрігері Ғайша Құсманқызы және мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс бөлімінің бас маманы Ұлжан Анжибекқызы қатысты. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандардың денсаулығы мен әлеуметтік жағдайларына тұрақты түрде назар аудару. Қабылдауға келген аудан тұрғындары әр сала мамандарына өз сұрақтарын қойып, қажетті жауаптарын алып жатты.
Осыдан бірнеше күн бұрын партияның қоғамдық қабылдауына мүмкіндігі шектеулі Смағұлова Сағат ападан өтініш келіп түскен. Сағат апа өзіне мүгедектер арбасын алуға жағдай қарастыруды сұраған. Сол өтініш бойынша «Нұр Отан» партиясы «Ақ жүрек» бастауыш партия ұйымының төрайымы, №29 қалалық емхана бас дәрігері Ақмира Махамбетқалиқызы өзі басшылық етіп отырған мекеме атынан апамызға мүгедектер арбасын сыйға тартты. Өз кезегінде Сағат апамыз партия және №29 қалалық емхана ұжымдарына үлкен алғысын білдірді. Жиын соңында Мұханқали Тұрашұлы осындай іс-шаралар болашақта өз жалғасын табатынын айтты.
Салтанат АХМЕДЖАНОВА.