Ақтөбе облысында автогаз мәселесі әлі де ушығып тұр. Бұл жолы қымбатшылық басталды. Осы уақытқа дейін Ақтөбедегі жанар-жағар май бекеттерінде осы отынның 1 литрі 49 теңгеден сатылған еді. Енді 6 теңге қосылып, бір литрі 55 теңгеден беріліп жатыр деп мәлімдеді КТК телеарнасы.
Жергілікті кәсіпкерлердің айтуынша, олар бағаның өзгеретінін алдын ала білген. Яғни, Энергетика министрлігіндегілер қаңтардан бастап сұйытылған газдың бірден 13 пайызға қымбаттайтынын жоспарлап қойған екен. Ақтөбелік пысықай кәсіпкерлер мұны әп-сәтте пайдаланып, жаңа жылдың алғашқы күнінен-ақ бағаны көтеріп жіберді. Олардан ақтаулықтар да қалысар емес. Мұнда қаңтардың бірінен бері автогаздың литрі 52 теңгеден сатылып жатыр. Бұрынғы бағасы 45 теңге болатын. Ал, Батыс Қазақстанда баға әзірге өзгере қойған жоқ. Дегенмен, ол алдыңғы өңірлерден әлдеқайда жоғары.
Бейімбет Мусин, БҚО ТКШ бөлімінің басшысы:
- Қазіргі уақытта облысымыз бойынша сұйытылған газдың бағасы 68 теңгеден 70 теңгеге дейін қалада. Бүкіл газ станцияларында газ жеткілікті және де бос сатылымда.