Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Атырауда Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарының әкімдерімен кеңес өткізді.
Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, кеңесте инвестициялар және даму министрі Ә.Исекешов, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы С.Мыңбаев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы А.Мырзахметов баяндама жасады.
Шара барысында Мемлекет басшысы Қазақстандағы өнеркәсіптік өнімдердің жартысы елдің батыс өңіріндегі төрт облыста өндірілетінін атап өтті.
«Бұл облыстардың дамуының бүкіл экономикамыз үшін маңызы зор. Жер аумағының үлкендігіне байланысты елдің әр өңірінің өзіндік ерекшелігі бар. Батыс мұнай өндіруге және өңдеуге маманданған. Соған байланысты біз нақ осы саланың дамуына мол инвестиция салып жатырмыз», - деді Қазақстан Президенті.
Бұл орайда Нұрсұлтан Назарбаев өңірде инфрақұрылымдық құрылыс ауқымын кеңейту қажеттігіне тоқталды.
«Жаңа экономикалық ахуал біздің индустриялық бағдарымыздың дұрыстығын тағы көрсетті. Сол себепті мен бүгін кабель өндіретін және мұнай саласына арналған ауыр жабдықтар шығаратын екі зауытты барып көрдім, бұлар - маңызды әрі қажетті нысандар», - деді Мемлекет басшысы
Қазақстан Президенті әкімдердің назарын мұнай-газ саласының айналасында шағын және орта бизнесті дамыту қажеттігіне аударды.
«Атырау облысында шағын және орта бизнес үлесі 8 пайызға, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында 17 пайызға тең. Бірақ аталған мұнайлы өңірде шығарылатын өнім көлемін ұлғайтуға ден қойған жөн. Соның есебінен жұмыс орындары ашылады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы өндіруші кәсіпорындардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін индустриялық аймақ құру мәселесін қозғады.
«Мысал ретінде Шеврон компаниясын айтуға болады, оның жұмысын арматура және құбыр шығаратын зауыттар қамтамасыз етеді, сәйкесінше өңірдің әлеуметтік дамуына қажетті қаражат түсуде», - деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ индустрияландыру және инфрақұрылымдар құрылысы жөніндегі жоспарларды жаңа экономикалық жағдайды ескере отырып қайта қарауды тапсырды.
«Дағдарыс кезінде тұрақты жұмыс орындарының саны қысқарады, бұл бүкіл әлемге тән өзекті мәселе. «Нұрлы жол» бағдарламасын әр өңірде ірі өндірістен қысқарып қалғандар үшін жұмыс орындарын ашуға бейімдеу керек деп ойлаймын. Біз мұндай тәжірибені 2008-2009 жылдардағы дағдарыс кезінде қолданғанбыз», - деді Қазақстан Президенті.
Оралдан ең шалғай орналасқан Бөкей ордасы ауданы орталығы Сайқын ауылында тұратын кәсіпкер Бибігүл Жұмағұлова жаңа индустрияландыру аясында тәулігіне 500 литр сүт өнімдерін өндіретін цехты іске қосты.
Осы мақсатта кәсіпкер ғимарат тұрғызып, ресейлік Колакс компаниясының жабдығын сатып алып, орнатты. Жаңа цехта жұмыс жасайтын мамандар оқытылды. Бұл жоба негізінен импорт алмастыруды көздейді. Дегенмен аталмыш ауданның Ресеймен шекаралас орналасқандығын ескере отырып, өнімдерді сыртқа шығару да көзделуде. Цехта пастерленген сүт, қаймақ және айран өндіріле бастады.
Жалпы, Б.Жұмағұлова - өңірге бұрыннан да танымал кәсіпкер. Ол жыл басында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық байқауда орта және шағын кәсіпкерлік саласындағы «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» аталымы бойынша «Парыз» сыйлығын жеңіп алып, қола жүлдеге ие болған-ды. Биыл қайырымды кәсіпкер Ұлттық қоғамдық «Алтын жүрек - 2015» жобасының «Жылдың қайырымды адамы» аталымына қатысып, бағын сынап көрмек.
Тасы өрге домалаған Б.Жұмағұлованың иелігінде күніне 600 қалаш пісірілетін наубайхана, пластикалық терезе шығаратын «Санди» ЖШС-і кәсіпорнымен бірге мал шаруашылығы өркен жайып келеді. Бұған енді сүт өндіру цехы қосылып отыр. Күні бүгін іскер жан ауданда 57 адамды жұмыспен қамтып отыр. Нәзік жандылығына қарамай, ауылдың оңтүстік бетінде баспаналар салдырып, құрылыс жұмыстарын да қарқынды жүргізіп келеді. Жалпы, қарамағында еңбек етіп жатқандарға жылына 2 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінеді екен.
Жақсылық жасауды әдетіне айналдырған Бибігүл Мұқасқызы биыл да аз қамтылған, асыраушысынан айрылған және мүмкіндіктері шектеулі 66 балғынға әрқайсысына мың теңге көлемінде жаңа жылдық сыйлық жасап, кішкентай жүректерді бір қуантты. Оған қоса аудан мектептерімен тығыз байланыс орнатып, оларға да ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Осы жылы М.Бегалиева атындағы орта мектепке бейнекөрініс түсірілімін экранымен (250 мың теңге) сыйласа, осы мектептің 148 баласына жаңа жылдық сый-сияпат тарту еткен. Жәңгір хан атындағы орта мектептің акт залын өз қаржысына әдемілеп безендіріп, көптің алғысын алды. Сондай-ақ, Қасиетті Рамазан айы кезінде (Қадір түнінде) Алланың жердегі үйі - мешітте дастархан жаюды кәсіпкер өз мойнына алған. Өткен жылдары 3 топ мүгедегі Гүлсім Сағындықоваға шаштараздың барлық құралын, сайқындық Мергүл Омарғалиеваға (3 топ мүгедегі) 20 түрлі әдісі бар тігін машинасын сыйға тартты. Өз істерін ашқысы келетіндерден де қолдау-көмегін аяған емес.
-Қазақстанда Елбасымыздың қолдауымен «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес кәсіпкерлік кеңінен өрістеп келеді. Алыс ауданда тұрсақ та, жаңа индустрияландыруға біз де өз үлесімізді қосудамыз. Мақсат - байю беру емес, елге керекті кәсіптің аясын кеңейту. Сонымен қатар бизнесімнен түскен қаржының белгілі бір мөлшерін қайырымдылық істеріне арнаймын. Бұл - менің бұлжымас дағдым. Жалпы, жыл бойына миллион жарым теңге көлеміндегі қаражат демеушілік істеріне кетеді, - деді Б.Жұмағұлова.
Қазақстанның жаңа индустрияландырылуы әлемдік экономиканың қазіргі даму ғұрпына сәйкес болуы тиіс |
Шикізат өндірісі секторының экспорттық түсімі көлемдерiнiң төмендеуiмен айқындалған Қазақстанның экономикасына жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстың ықпалы, елдің индустриалды дамыту және экономиканың дәстүрлi секторларының бiрiншi кезекте әртараптандыруды қажет етеді. Ағымдағы жылдың мамыр айында «Нұр Отан» ХДП кезектен тыс XII съезіндегі сөзінде, Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев: «2010 жылдың бірінші қаңтарынан бастап «Қазақстан-2030» Стратегиясының аясында біз индустриялық-инновациялық үдетілген даму бесжылдығын бастаймыз. Біз әлемнің барлық мемлекеттерінде өткен ғасырдың басында болған индустрияландыру туралы емес, инновациялық индустрияландыру туралы айтып отырмыз. Біздің индустрияландыру әлемдік экономиканың қазіргі даму ғұрпына сәйкес болуы тиіс...» деп айтып өтті. |
Белгіленген стратегиялар мен жобаларды жүзеге асырудағы, қазақстандық мазмұнды арттыру жөнінен инвесторлармен жұмыстағы, “Жол картасы” және басқа да іс-шараларды жүзеге асырудағы белсенді, жүйелі және Үкіметтің әкімдіктермен, сол сияқты, бизнес-қауымдастықтармен бірлескен жұмысы арқылы Қазақстан алға қойған мақсаттарын орындап келеді. Мемлекет басшысы экономикалық және индустриялық саясаттың барлық мәселелері келесі интеграциялық саты – Еуразиялық экономикалық одақты құруға дайындық жағдайында экономиканың өсуіне ғана қолдау көрсетіп қоймай, сонымен бірге, оның құрылымдық қайта жаңғыруын да жеделдету қажеттігі жөнінде үкіметке тапсырма берген болатын. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы жолдауында: «Құрметті отандастар! Қазақстанның әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына кіру тұжырымдамасында алдағы жұмыстың ұзақмерзімді басымдықтары белгіленген. Біз мына басым бағыттар бойынша бірқатар мәселелерді шешуіміз керек. Бірінші. Инновациялық индустрияландыру трендін түзеу және күшейте түсу маңызды. Мен Үкіметке 2016-2019 жылдарға арналған Үдемелі индустрияландырудың Екінші бесжылдығы жобасы жөнінде бірқатар тапсырмалар бердім. Индустрияландыру басымдықтары санын шектеу керек», - дейді. Сонымен қатар, Жолдаудың соңғы жақтарында: «Біздер, қазақстандықтар – бір халықпыз! Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы. Егеменді дамудың 22 жылында барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтар жасалды. Олар көктен түскен жоқ. Бұл құндылықтар – уақыт сынынан өткен Қазақстандық жол тәжірибесі» - дей отырып, «Төртіншіден, бұлиндустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім» - деп атап өтеді.
Жуық арада ғана ел Үкіметі Индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға есептелген мемлекеттік бағдарламасының жобасын мақұлдап еді. Мемлекет басшысы оны бекіткеннен кейін шаралардың тыңғылықты жоспары қабылданды. Бағдарламаның негізгі бағыттары жайында ОҚК баспасөз мәслихатында премьер-министрдің орынбасары – индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев баяндады. Оның атап өтуінше, екінші бесжылдықтың бағдарламасын осы жылы аяқталғалы тұрған бағдарламаның жалғасы деп білу керек. Ол Елбасы тапсырмасы бойынша дамыған отыз елдің қатарына кіруді діттейді. Әсет Исекешев алдағы бесжылдықта басымдық берілген салалардың саны аз болатынын хабарлады. Атап айтқанда, олар: мұнай өңдеу мен химия саласы, химия өнеркәсібі, тамақ өнімдерін шығару, машина жасау, құрылыс заттары мен металлургия салалары. Бұл бағдарламада кластерлерді дамыту қарастырылған әрі инновациялық және технологиялық жаңғыртуға баса көңіл бөлінген. Салалық бағдарламалар алынып тасталған бесжылдық межеде кластерлік тәсілдемеге бизнестің белсенді қатысуы мен жекеменшік инвестициялардың жүйелі түрде тартылуына барынша мән беріледі. Әсет Исекешев екінші бесжылдық төрт бағыт бойынша дамытылатынын атап өтті. Біріншісі, макроэкономикалық тұрақтылықты және қаржылық базаның өсімін қамтамасыз етуі тиісті шикізаттық сектор. Екіншісі, өсім сапасын қамтамасыз ететін өңдеу өнеркәсібі. Үшіншісі, болашақта бәсекелестікті қамтамасыз ететін инновациялық сектор. Төртіншісі, адамдарды жұмыспен қамтитын сектор. «Осы бесжылдықта бизнестің барынша белсенді қатысуын атап өтуге болады. Атап айтқанда, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бағдарламаны әзірлеуге де, оны жүзеге асыруға да атсалысады», - деді Әсет Исекешев.
Министрдің мәліметінше, индустрияландырудың екінші бесжылдығында мемлекет пен бизнес арасындағы жауапкершілікті барынша шектеуді енгізу ұсынылады. Яғни, мемлекет республикалық картаға мемлекет тарапынан жол салу, субсидия беру сынды қандай да бір міндеттемелерді өзіне алатын жобаларды ғана қосатын болады. Мұндай инвесторлармен инвестициялық келісімшарт жасалады және мемлекет өз рөлі үшін жауапкершілік алады. Ал бизнес өз өнімінің, жобасының сапасына жауап береді. Бұл тұрғыда Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен арада уағдаластық та бар. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі басшысының сөзіне қарағанда, шаралар жоспарына қатысты Үкіметтің нақты тапсырмаларының қатарында еліміздің машина жасау саласы көлік өндірісінің көлемін жылына 37-дн 190 мың автомобильге дейін және экспортты 30 пайызға дейін жеткізу міндеті тұр. Оның айтуынша, әрбір саланың өзіндік маңызды ерекше міндеттері мен проблемалары бар. Дегенмен, әрбір салаға техникалық реттеуден бастап кадрларды дайындау сынды қолдауларды қоса алғанда, Үкімет тарапынан қаржылай демеушілік болады. Бұдан бөлек, Үкімет заңдар және басқа да көтермелеу шаралары арқылы қолдау көрсетіледі. Мемлекеттік көмектің шамамен 80 пайызы басымдықты салаларды дамытатын кәсіпорындарға беріледі. Ал басымдықты бағдарлама қатарына кірмеген кез келген кәсіпорын өнімділіктің жоғары деңгейі, экспортқа бағдарлығы және толықтай алғанда жоба тиімділігі жағдайы бойынша қолдауға ие бола алады. Негізгі қаржы операторы ретінде берілген «Бәйтерек» холдингінің нақтылауы бойынша екінші бесжылдықты жүзеге асырудың қаржылық көлемі 6,6 трлн теңгені құрайды.
Индустрияландыру мен инновацияларды дамытудың негізгі тетігі саясат пен бизнестің байланысуында жатқаны белгілі. Қазақстан сыртқы займдар рыногындағы ахуалға сындарлы баға бере отырып, Қазақстанның толыққанды индустриялды-инновациялық мемлекетке айналуы үшін инвестициялар тартуға, бүтіндей алғанда елде ғана емес, сонымен бірге өңірлер бойынша да үздік инвестициялық ахуал туғызуға қалыптасқан жүйелі жұмыстардың ғана көмегін тигізе алатынын көп сарапшылар ескертеді. Инвестициялық “омбудсмен” түрінде қызмет істейтін шетел инвестициялары жөніндегі комиссия құру мәселесі Үкімет деңгейінде қаралуда. Оның басты міндеті – мемлекеттік қызметшілердің өз жұмыстарына деген көзқарастарын түбірінен өзгерту. Яғни, істеген ісіне инновациялық тұрғыдан қарау. Мемлекеттік қызметшінің инвесторға қатысты “тәртіп сақшысы” емес екенін түсінудің маңызы зор. Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінің де қызметтерінің белсенділіктерін арттыра түсу қажет. Бұл орайда үкіметаралық комиссияның әр мүшесі – елші, министр, әкім, ұлттық холдингтер мен компаниялар басшылары үшін шетел инвестицияларын тартудың мақсатты көрсеткіштерін анықтау ұсынылады. Басқаша айтқанда, мұның өзі жыл ішінде ол салаға немесе өңірге нақтылы қанша инвестиция тартуы тиіс екендігі жөніндегі өзіндік бір жоспар іспетті болмақ. Сондай-ақ әрбір әкімдікте Индустрия және жаңа технологиялар министрлігімен үйлесімді түрде шетел инвесторларымен жұмыс жөніндегі өңірлік офис қызметін атқаратын құрылымдық бөлімшелер де болуы керек.
Соңғы жылдары шағын және орта бизнеске салықтық ауыртпалықтар дәйекті түрде төмендетілуде, әкімшілік кедергілер қысқартылуда. Бірақ біз Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына байланысты біздің еліміз бен жекелеген өңірлер арасында саламатты бәсекелестіктің күшейе түсетінін де түсінуге тиіспіз. Ол дегеніңіз, біздің іскерлік ахуалдың тартымдылығын әрбір критерийлер бойынша тексеріп, неғұрлым оперативті, икемді, бейтарап, тіпті креативті болуымыз керектігін білдіреді.
Өкінішке қарай, инновациялық дамудың мемлекеттік органдардың, әкімдердің, мемлекеттік компаниялар басшыларының бәріне бірдей күнделікті қызметтегі шынайы басымдыққа айнала алмағанын мойындауымыз қажет. Біздің пайымдауымызша, ахуалға тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп отыруы тиіс. Инновациялық саясатты жүзеге асыруға қатысты “Орталық – сала – өңір” үлгісі бойынша бақылаудың жалпылай қамтитын жүйесін құру керек. Өңір басшылары жоғары технологиялы инновациялық өндірістерді өз қорғауларына алып, оларға барынша қолайлы режимдер туғызуы керек. Әрбір жаңашыл, өнертапқыш биліктің ерекше ықыласына бөленуі тиіс. Оның сыртында әр өңірде, әр салада және әрбір басым бағыттар бойынша инновациялар орталықтарын құру мүмкіндіктерін зерттеуге кірісу керек. Бүкіл әдістемелік қолдауды, үдерістерді үйлестіруді, институттық көмекті біздің министрлік ұсынатын болады. Өз кезегінде әрбір мемлекеттік орган мен ұлттық компанияда инновация мәселелері үшін жауап беретін басшының бірінші орынбасарын белгілеу қажет.
Қазақстанда индустрияландыруға бағыт алу. 1925 ж. желтоқсанда өткен БК(б)П-ның ХІV съезінде Кеңестер Одағын индустрияландыру бағыты белгіленді. Капиталистік шаруашылықтан ерекше, елдің экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ететін, өзіндік машина, станок жасау, металлургия, химия, қорғаныс және басқа да ірі өнеркәсіптері бар жүйе құру қажет делінді. Шаруашылықтың барлық салаларын соның негізінде техникалық қайта жасақтандыру мен еңбек өнімділігін арттыру үшін бүкіл экономиканың негізі ретінде ең алдымен ауыр өнеркәсіпті дамыту, оның шаруашылықтағы жетекшілік рөлін бекіту арқылы шет елдермен экономикалық жарыста озып шығу мақсаты қойылды. Бұл сол кездер үшін дұрыс, бірақ күрделі мақсат еді. Кеңестер Одағы көлемінде бұл бағытта біршама жетістікке қол жеткізілді. Бірақ оның біржақты жүргізілгенін, дәлірек айтқанда, ұлттық аймақтарды, соның ішінде, әсіресе, Қазақстанды патшалық билік кезіндегідей шикізат көзі дәрежесінде қалдырғанын көреміз.
1925 жылдың қыркүйегі мен 1928 жылдың қыркүйегі арасындағы үш жылда өнеркәсіп салу ісіне 3,3 млрд сом қаржы жұмсалды. Ол орасан зор қаржы негізінен алғанда Ресей аумағындағы ескі өнеркәсіп орындарын қайта жөндеу мен жаңа қуатты зауыт-фабрикалар, су-электр станцияларын жасауға жұмсалды. Соған қарамастан Қазақстандағы индус¬трияландыру ісі патриархаттық-феодалдық қатынастарды, яғни дәстүрлі шаруашылық жүйесін біржолата жою, феодализмнен капитализмге соқпай социализмге жедел қарқынмен өту сияқты ұрандармен басталды. Жерді қайта бөлу, мал-мүлікті тәркілеу, күштеп ұжымдастыру әрекеттері осылайша жаңа науқанмен ұласты.
1926 ж. 27—30 сәуірде сол кездегі республика астанасы Қызылордада өнеркәсіптің дамуы мәселесіне арналған арнайы өлкелік мәжіліс өткізілді. Онда Қазақстанның орасан зор табиғат байлығы атап өтіле отырып, зерттелмеген аймақтардағы қазба байлықтарын кең түрде барлау қажеттігі көрсетілді. Қазақ АКСР-нің ХШК (Халық шаруашылығы кеңесі) мен Мемлекеттік жоспарлау Комитетіне республиканы өнеркәсіптік аудандастыру мен өнеркәсіптің, ең алдымен түсті металлургияның дамуының перспективалық жоспарын жасау тапсырылды. Кеңесте сондай-ақ Қазақ АКСР-ы жағдайында “әсіресе жер және мал шаруашылықтарымен тікелей байланысты жергілікті өнеркәсіпті кең түрде өрістету” өмірлік қажеттілік ретінде атап көрсетілді. Осы негізде өңдеу өнеркәсіптерінің тері, май, ұн, тұз өндіру, балық аулау сияқты салаларының даму жолдары айқындалды. Байқап отырғанымыздай, басты назар патша заманындағыдай тау-кен ісі мен өңдеу өнеркәсібіне аударылған екен. Демек, пайдалы қазбалар мен ауыл шаруашылығы өнімдерін орталықтағы ірі кәсіпорындар үшін өндіру басты міндет ретінде белгіленді. Бұл Қазақстандағы индустрияландыру ісінің отаршылдық, дәлірек айтқанда, шикізат көзі ретінде орталыққа қызмет еткізу бағытында басталғанын көрсетеді.
Бірнеше жылға созылған революция мен Азамат соғысы кезінде капиталистік қатынастардың енуі кезеңінде пайда болған тау-кен орындары мен кәсіпорындар қаңырап, иесіз қалған еді. Тек жаңа экономикалық саясат кезінде олардың кейбіреулері қайтадан іске қосылды. Соның барысында Орал — Ембі аймағындағы бірнеше мұнай кәсіпшіліктері, Орталық Қазақстандағы көмір, Алтайдағы түсті металл өндіру кәсіпорындары қайта жанданды. Дегенмен, Қазақстан экономикасында әлі де болса ауыл шаруашылығы негізгі сала болды. Оның үлесіне жалпы шаруашылықтық өнімнің 84,4 пайызы тиетін және халықтың 90 пайызы ауылды жерлерде өмір сүретін еді. Осындай жағдайда бұрынғы ұлт аймақтары делінгендерді, оның ішінде Қазақстан да бар, Ресей төңірегіне — метрополияға топтастыру саясаты жалғаса берді. Ресей аумағында Волхов ГЭС-ін, Днепрогэсті, Сталинград трактор, Ростов ауылшаруашылық машиналарын жасау, Кузнецк, Магнитогорск, Кривой Рог және т.б. металлургиялық зауыттарды салуға бар қаржы-қаражат пен күш жұмылдырылды. Ал дәл осындай кәсіпорындардың Қазақстан жерінде де аса қажет екеніне назар аударылмады. Мұндағы бай кен орындары мен бүкіл ауылшаруашылық өнімдері орталық аймақтардағы осындай кәсіпорындарда өңделіп, тауарға айналдырылғаннан кейін ғана қажет делінген мөлшерде қайта жеткізіліп отыратын еді. Кеңес үкіметінің индустрияландыру барысындағы орашолақ, біржақты саясаты сол кездің өзінде Троцкий, Бухарин, Зиновьев сияқты саясаткерлердің қарсылығын тудырған болатын. Қазақстанда да бұл мәселе көлемінде қызу тартыстар болды.
Қазақстанды индустрияландыру мәселесі бойынша пікір-таластар. Қазақстанды индустрияландыру мәселесі бойынша бірнеше бағыттағы көзқарастар арасында қызу пікірталас жүрді. Солардың негізгілеріне тоқталып өтейік. Бірінші бағытты жақтаушылар — Қазақстан экономикасының орталыққа тәуелділігін, шикізат көзі ретінде дамуын жақтады. Олар мемлекеттік саясат негізінде, республиканың ерекшеліктерін ескере отырып, “партияның ауыл шаруашылығы шикізат базасы есебінде оның өнімдерін өңдеумен ғана шектелуін, ұсақ өнеркәсіпті дамыту жолын ұстануы бірден-бір дұрыс бағыт” деп мәлімдеді.
Екінші бағыт бойынша — Қазақстанды тек шикізат базасы ретінде пайдалану дұрыс емес екендігі, мұндағы индустрияландыруды жоғарғы жақтағылардың талабы бойынша жүргізбей, жергілікті қажеттілікті ескере отырып, өнеркәсіптер салу негізінде іске асыру керектігі баса айтылды.
Үшінші бағыттағылар — қазақ жерін индустрияландыруға қарсы болды. Олар көшпелі өмір — қазақ халқының дәстүрлі шаруашылығы, ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік ерекшелігі. Ал қарқынды түрде индустрияландыру оның ұлттық болмысын бүлдіреді, “түйеден социализмге” тікелей өту мүмкін емес деді.
Келесі, төртінші бағытты жақтаушылар шовинистік көзқараста болды. Олар қазақ халқының индустрияландырудың қарқынына ілесе алатынына күмән келтірді. Қазақтармен “өнеркәсіп-қаржы жоспарын орындай алмайсың”, “өндірісті қазақтандыру пайда бермейді”, “қазақтандыру өндірісті қымбаттатып жібереді”, “қазақ бәрібір жұмыс істемейді, ол қайтсе де далаға қашады” және т.б. деп санады.
Бұл соңғы екі бағыт негізсіз, жеткілікті дәлелсіз пікірлерге негізделген еді. Ал алғашқы екі бағытты жақтаушылар арасында күрделі тартыс жүрді. Бірінші бағытты Голощекин мен оның төңірегіндегілер ұстанды. Олар Сталин мен орталықтағы кейбір үкімет мүшелерінен қолдау тапты. Сондықтан бұлар өктемдеу болды. Соған қарамастан екінші бағытты жақтаушылар ой-тұжырымдарының тереңдігімен ерекшеленді. Қазақстанда “Кіші Қазан” науқанын жүргізуге ұмтылған Голощекин мен оның төңірегіндегілер қазақ жерінде ірі өнеркәсіп орындарын салуды жақтамады. “Өнеркәсіп саласында ең негізгісі ірілендіру емес, қайта оны жергілікті ұсақ және орташа (жарма тартатын, жүн жуатын, май шайқайтын орындар, жөндеу шеберханалары және т.б.) деңгейде, яғни бәрін ауыл шаруашылығына байланысты және оны неғұрлым рентабельді ететін деңгейде ұстау”, — деп мәлімдеді олар. Голощекин бұл бағытты 1927 ж. ұсынып, 1930 ж. мамыр-маусым айларында Алматыда өткен VІІ Бүкілқазақтық партия конференциясында тағы да қайталады. Орталық Комитеттің Саяси бюросының мүшелігіне кандидат А.Андреев VІ Бүкілқазақтық партия конференциясында: “Біз КСРО-дағы индустрияландыру мәселесіне әрбір республиканың өз ауыр индустриясын құру, әрбір республиканы бас-басына индустрияландыру жолымен жүрмейміз”,— деп, Кеңес үкіметінің шет аймақтарды орталыққа бағындыру, тәуелді ету саясатын ашық мәлімдеді. Бұл Қазақстандағы Голощекиндік бағытты айқын қолдап, олардың әрекетін күшейте түсті. Соның барысында К. Сарымолдаев: “Қазақстанның алдында да Одақ аумағында шешілетін мәселелер тұр, сондықтан жалпы мәселелерден асатындай өзгешеліктер бізде жоқ”, — деп бұл бағыттың ыңғайымен кетті.
С.Сәдуақасовтың индустрияландырудың отаршылдық бағытына қарсы күресі. Индустрияландырудағы голощекиндік бағыттың біржақты отаршыл бағытын айқын көре білгендердің алдыңғы қатарында тағы да С.Сәдуақасов тұрды. Ол: “Егер империалистік орыс буржуазиясы шет өңірлерден тек шикізат талап, фабрикалар мен зауыттарды өз қолтықтарының астына орналастырған болса, социалистік өнеркәсіп шаруашылықтың қажеттілік жағдайына орайластырылып дамытылуы қажет. Егер қалпына келтіру кезеңі кейбір ұлттардың нақты теңсіздігі сияқты өткеннің “қарғыс атқан мұрасы” түріндегі қиындықтарға кездессе, қайта құру кезеңі оларды жеңуі қажет. Міне, артта қалған аймақтарды социалистік құрылысқа бейімдеу және шет аймақтардағы Кеңес өкіметін нығайтудың кепілі осында жатыр”, — деп көрсетті. Индустрияландыру барысында жергілікті кәсіпорындарды орталыққа тәуелді еткісі келген республиканың келімсек басшысымағының орашолақ бағытын былайша әшкереледі: “Голощекин жолдастың жүн жуатын орыннан әрі бармай, дұрысырақ айтқанда, барғысы келмей отырғаны неліктен, ал шұға фабрикаларын ұйымдастыру өзінен-өзі керек болып отыр ғой. Жуылған жүнді, сол жүннен жасалатын “мәскеулік” шұғаны әрлі-берлі екі рет тасығанша, Қазақстаннан дайын шұғаны бірден тасып әкету темір жолға да оңайға түспей ме?” Тоталитарлық тәртіптің экономикалық негіздерін қалыптастыру саясатын бастаған сталиншіл үкіметтің қолшоқпары болып отырған Голощекин бағытының түп-тамыры Кеңестердің Бүкілодақтық ІV съезінде айқын көрінді. Әсіресе ондағы Рыковтың қорытынды сөзі ұлттық аймақтар өкілдерін қатты алаңдатты. Солардың ішінен орталық үкіметтің индустрияландыру саясатының кемшіліктерін көрсетуге ұмтылғандардың бірі тағы да С.Сәдуақасов болды. “Рыков “ұлттық республикалар өздерінде қилы өндіріс ұйымдастыруға көмек сұрағанын біздер жабық шаруашылық құрғысы келеді деп түсінеміз” деп теріс айтты. Индустриялдық тұрғыда дамыған шаруашылық біздің пікірімізше ешқашанда алғашқы қауымдағыдай тұйық шаруашылық болмайды. Сондықтан Рыков жолдастың Одақтың бірлігі мен оның жеке аймақтарының өзара тәуелділігі арта түссе екен деген тілегі ұлттық аймақтар бұрынғыша шикізат базалары болып қала беруін тез арада тоқтатқанда ғана жүзеге аса алады”, — деген пікірлері әрі үлкен ерлік, әрі бірден-бір дұрыс пайымдау еді. Ол сонымен қатар, қазақ жеріндегі индустрияландырудың жүйесіз, бей-берекет жүргізіліп жатқанын, оны реттей отырып қарқынды түрде іске асыруға болатындығын да айтты. Қазақ даласының бай табиғи байлықтары мен шикізат көздерін және миллиондаған жұмыссыз қазақтарды тиімді пайдалану бұл мәселені шешуді тездететінін де көрсетті.
Патша үкіметінің кезінде қоныстандыру ретінде қазақ даласын орыстандыру саясатының жүргенін жете түсінген ол индустрияландыру барысында да әр түрлі желеумен осындай бағыттың орын алып келе жатқанын жақсы сезінді. Республикаға одан сыртқары аудандардағы деревняларында жерлері жеткілікті, сондықтан “партия алдына көші-қонды күшейту туралы мәселе қоятындай жағдай жоқ” деп, сырттан “бос” жұмысшыларды әкелуге, сол арқылы жаппай қоныстандыру саясатына қарсы болды.
Қазақстандағы индустрияландырудың барысы мен сипаты. 1928 жылдың 1 қазанынан шартты түрде басталатын бірінші бесжылдық жылдарында Қарсақбай, Риддер сияқты кәсіпорындар, Ембі мұнай өндірісі, Степняк алтын кені және т.б. қайта қалпына келтірілді. Өңдеу өнеркәсібінің Семей тері, кірпіш, Петропавл ет комбинаты сияқты байырғы түрлері жөнделіп, қайта іске қосылды. Ал бес жылдың ішінде жаңадан салынғандары: Іле ағаш тілу, Балқаш мыс балқыту, Шымкент қорғасын, Ақтөбе фосфор тыңайтқыштары, Орал мен Алматыда ет комбинаттары, Гурьевте (қазіргі Атырау) балық консервілеу комбинаты, Мерке, Жамбыл және Талдықорғанда қант зауыттары ғана болды. Олардың өзі негізінен шағын аумақты қамтамасыз етуге бейімделген кәсіпорындар еді.
Кеңес үкіметінің басшылары да патша заманындағыдай Қазақстанға бай шикізат көзі ретінде қарады. Табиғат байлықтарының күрделі ошақтарын табу мақсатында бірінші бесжылдық жылдарында КСРО Ғылым академиясы кешенді ғылыми экспедициялар ұйымдастырды. Академик Н.С.Курнаков басшылық еткен Орталық Қазақстандағы геологтар мен геофизиктер тобы Қазақстан Республикасы “Кеңес Одағының тұтас металлогенді провинциясы” болып табылады деген тұжырым жасады. Ал Орал-Ембі аймағын зерттеген академик И.М.Губкин бастаған топ оның мұнайға аса бай екенін дәлелдеді. Кеңес үкіметі осы байлықтарды пайдалануға баса көңіл бөлді. Соның барысында соғыс басталғанға дейінгі кезеңде Қарағанды шахталары, Ембінің мұнай кәсіпшіліктері, Алтай мен Ащысай кәсіпорындары қайта жабдықталып, Зырянов, Риддер полиметалл, Балқаш пен Жезқазған кен-металлургия комбинаттары салынды. Қазақстандағы түсті металлургия өнеркәсіптің жетекші саласына айналдырылды. Бірақ олар негізінен руда күйінде қазып алынған түсті металдарды өңдеумен айналысты. Тазартылып, өңделіп дайындалған түсті металл өнімдері шикізаттар ретінде орталықтағы ірі өнеркәсіп орындарына жөнелтіліп отырды. Мысалы, Орталық Қазақстан Оңтүстік Оралдың ірі кәсіпорындарын рудамен, металмен, көмірмен жабдықтады. Кенді Алтай өңірі Сібірдегі кәсіпорындарды қамтамасыздандырды. Ембі мұнайы Орск сияқты мұнай өңдейтін зауыттарға жіберілді. Балқаштың мысы мен Шымкенттің қорғасыны да Қазақстаннан тыс жерлерге тасып әкетілді. Жоғарыдан жүргізілген индустрияландыру негізінен шикізат көздерін игеруге және оларды Ресейге жіберіп отыруға бағытталды. Қазақстандағы зауыт-фабрика делінгендер халық тұтынатын дайын өнімдер шығармады. Оларды Кеңес Одағының басқа аймақтарынан, Ресейден алып отыруға мәжбүр болды. Машина жасау, металлургия және қорғаныс өнеркәсіптері болмады. Энергетика базасы мен құрылыс материалдарын жасайтын өнеркәсіптер жетіспеді.
Түрксіб темір жолын салу. Индустрияландыру кезіндегі Қазақстандағы ең күрделі құрылыс — Түрксіб темір жолын салуды аяқтау болды. Патша үкіметі Қазақстанды жаулап алу барысында, әскери-стратегиялық мақсатта Орынбор-Ташкент бағытында темір жол салып, оны қазіргі Алматы арқылы Семеймен жалғастыруды көздеді. Бұл елімізді қоршай отырып, тұқырта ұстауды және Қазақстан мен Орта Азия байлығына қызығып отырған басқа да шет елдіктерді енгізбеуді көздеген саясаттың нәтижесінде дүниеге келген еді. Бірақ еліміздің батыс және оңтүстік-батыс бөлігінде темір жол салғанмен, ол бағытты шығыс бөлігі арқылы Сібірмен қосу ісі аяқталмай қалған еді. Патша үкіметі кезінде көптеген талас-тартыс тудырған бұл істі аяқтауды Кеңес үкіметі қолға алды. Ол патша заманындағы Түркістан-Сібір темір жолы атауына қайта ие болды. Бұл жолды салу 1927 ж. қайта қолға алынып, оған екпінді құрылыс айдары тағылды. Орталық үкімет оған үлкен мән беріп отырды. 1928 ж. желтоқсанда БК(б)П ОК мәжілісінде Түрксіб жұмысшыларының тұрмыс жағдайы туралы мәселе арнайы қаралды. Ал 1929 жылғы қаңтарда өткен жиналыста құрылыстағы бұқаралық және мәдени-ағартушылық жұмыстар туралы мәселе талқыланды. Партиялық басшылықты нығайту мақсатында мұнда Солтүстік және Оңтүстік деп аталған екі аудандық партия комитеттері құрылды. 1929 ж. 3 мамырда КСРО ХКК Түрксіб құрылыс басқармасының есебін тыңдады. Кеңес үкіметі құрылыстың оңтүстік және солтүстік бөліктерін 1930 ж. аяқтап, 1932 ж. пайдалануға беруді қамтамасыз етуді тапсырды.
Түрксіб құрылысының бастығы болып В.С.Шатов тағайындалды. РСФСР үкіметі жанынан Түрксіб құрылысына көмектесетін арнайы комитет құрылды. Оны РСФСР Халық комиссарлар Кеңесі төрағасының орынбасары Т.Рысқұлов басқарды. Құрылыс жұмыстарына бірнеше ұлт өкілдерінен құралған 100 мыңдай адам тартылды. Қысы-жазы, ауа-райының қолайсыздығына қарамастан еңбек еткен олар, сөз жоқ, ерліктің үлгісін көрсетті. Әсіресе қиын да күрделі қара жұмыстар қазақ еңбекшілерінің еншісінде көбірек болды. Соның нәтижесінде патша заманында тәулігіне орта есеппен 150 метр ғана салынатын Жетісу темір жолын салу Кеңес заманында 1500 метрге дейін жетті. Ертіс, Іле, Аягөз, Шу, Қаратал және т.б. өзендерден өтетін көпірлер де жылдам салынды. Түрксіб темір жолы жоспарда белгіленген бес жылдан екі жыл бұрын, яғни үш жылда салынып бітті. Құрылыстың бірінші кезеңінде солтүстікте 155 км, келесі кезеңінде — 185 км, ал 1929 ж. — 432 км ұзындыққа темір жол төселді. Бұл жұмыс жылдамдығы күніне орта есеппен 2,5 км деген сөз еді. 1927—1929 жылдары оңтүстіктен ұзындығы 506 км жол жасалды. Түрксібтің оңтүстік және солтүстік бөліктері 1930 ж. 28 сәуірде Айнабұлақ станциясында түйісіп, жол уақытша пайдалануға берілді. Ал 1931 жылдың қаңтарынан бастап тұрақты түрде жұмыс істей бастады. Жалпы ұзындығы 1445 километрге созылған бұл темір жолдың ел өміріндегі маңызының зор екенінде дау жоқ. Бірақ біздің мынаны да ескеруіміз қажет. Патша заманындағы сияқты бұл бағыттағы темір жол да негізінен еліміз аумағындағы шикізатты шетке тасу, ал шеттен дайын тауар алып келу үшін қызмет етті. Қазақстан сонымен Кеңес Одағының да шикізат дайындайтын шеткері аймақтарының бірі болып қала берді. Ал салынған өнеркәсіп орындары мен темір жолдар еліміз аумағынан шетке тасылатын шикізат көлемін көбейте түсті. Мәселен, 1929/30 шаруашылық жылдары 1928/29 жылдармен салыстырғанда Қазақ жерінде өндірілген тас көмір — 1,4 есе, мұнай — 1,3 есе, мыс кені — 2,5 есе, түсті металл кендері — 2,3 есе көп өндірілді. Түрксібтің салынуымен республикамыздағы жүк тасымалы 1928 жылғы 2902 мың тоннадан 1932 ж. 8888,4 тоннаға дейін, яғни 3 еседен астам өсті. Әсіресе құрылыс материалдарын тасу — 10 есеге, тас көмір мен кокс — 8 еседей, мұнай өнімдері — 2 есеге артты. Осылайша Қазақстандағы индустрияландыру кезіндегі басты құрылыс болып жарияланған Түрксібтің өзі кеңестік тоталитарлық орталықтың біржақты саясатының жемісі болып шықты.
Қазақстан металлургиясы. Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Қазақстан КСРО-дағы республикалар арасында металлургия бойынша екінші орынға шықты. Мәселен, Шымкент қорғасын зауыты КСРО-дағы қорытылған қорғасынның 73,9, ал Балқаш зауыты елімізде балқытылған мыстың 51, Қарағанды бассейні көмірдің 90 пайызын берді. Қазақстан мұнай өндіру бойынша да Ресей мен Әзірбайжаннан кейінгі үшінші орында тұрды. Бұның бәрі, сөз жоқ, жұмысшылардың, соның ішінде қазақ еңбеккерлерінің, еліміздің жарқын болашағына ұмтылуы, өскелең ұрпағы үшін жақсы жағдай жасауға тырысуы арқасында жеткен жетістіктер еді. Еңбекшілердің ерен ерлігіне партияның “Шығыстағы алғашқы социализм құрушылар”, “дүние жүзілік пролетариаттың авангарды”, “коммунистік ұйым¬дасқан еңбек және шығармашылық энтузиазм” және т.б. рухани үгіт-насихаты мен идеологиясының кең түрде жүргізілуі де өзіндік ықпал етті. Еңбекті материалдық және моральдық ынталандыру да оңтайлы пайдаланылды. Стахановшылар мен екпінділер қазақ даласында дүниеге келіп жатқан өндіріс орындарының маңызына терең мән берді, болашағына сенді. Сондықтан барлық жұмысшылар қатаң ауа-райына, қиын тұрмыс жағдайына қарамастан қажырлылықпен еңбек етті. Уақытша жертөлелерде, шатырларда, киіз үйлерде тұрды. Сол кездердегі Балқаш мыс балқыту комбинатын салуға қатысқан жұмысшылардың бірі кейінірек былай деп еске алады: “Монтаждау бригадасы уақытпен санаспай жұмыс істеді, бірінші немесе екінші ауысым дегенді білмедік. Өндіріс қажет еткен кезде жұмысқа шыға беретінбіз. Жұрттың бәрі ынта-жігермен жұмыс істеді, өйткені шөл даланы бас идіріп, түсті металлургия алыбының салынатынын білдік және соған сендік”. 1930 жылдың басында республикадағы екпінділер саны 10 мыңнан асты. Әсіресе Т. Күзембаев, Ә.Мұрынбаев, М.Сағымбеков, С.Өтебаев, Б.Нұрмағамбетов, З.Табылдинова, А. Сафин және тағы басқа қазақ еңбеккерлері еңбек даңқына бөленді.