Ақпарат көздерінде көптің көңілін алаң еткен өзекті ақпараттардың бірі - қазақ тіліндегі қабылданған заңдардың жо-жоқ, мүлдем жоқтығы емес, аздығы болып тұр. Яғни, еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері ана тілімізде тек екі заң ғана қабылданыпты-мыс. Мұны журналист, Нұргелді Әбдіғани сын садағына іліп, әлеуметтік желіде жазба қалдырды. Бұл жайлы Skifnews.kz ақпарат порталы хабарлайды.
«Тәуелсіздіктің 28 жылында елімізде тек екі заң ғана қазақ тілінде дайындалған екен. Оның бірі - Әкім Ысқақтың ықпалымен әзірленген "Көші-қон туралы" заң болса, екіншісі - Фариза Оңғарсынованың бастамасымен дайындалған "Бала құқықтары жөніндегі" заң. Ал, қалғаны тек ғана орыс тілінде дайындалған.
Конституция бойынша Қазақстанның мемлекеттік тілі - қазақ тілі. Ендеше заңды қазақ тілінде, мемлекеттік тілде әзірлеуге, талқылауға және қабылдауға не кедергі? Қазақ тіліне қырын қарайтын кім? Парламент пе, әлде Үкімет пе?
Енді не сұрайсыз? Масқара ғой бұл!
Бізде заң жобаларының 80-90 пайызын Үкімет дайындайды екен. Ал Парламент солар дайындап әкелген орыс тіліндегі заңдарды қарайды. Талап жоқ! Орыс тілінде әкелген жобаны қабылдамай, мемлекеттік тілде жазылуын неге талап етпейді? Мұндай Үкімет пен Парламентке енді не деп сенім артуға болады? "Аdilet.zan.kz" деген сайтағы заңдардың қазақшасын оқып көріңізші. Тіліңіз сүрініп, жағыңыз талады. Айтарға сөзім жоқ, тіпті...», - деп жазды ол facebook парақшасында.
Тілге жанашырлығын білдіре азаматтық пікірін жазба ретінде жариялаған оның бұл көзқарасына желі қолданушылары самарқау күй танытпады.
Мәселен, Әсел Назаралы деген есім-сойымен тіркелген желі белсендісі «Баяғыда Сенат жанталасып аударма жасайтын, Мәжіліс кофе ішіп отыратын соларды жұмсап қойып. Сенат та қалыспайды, бір амалын тауып Министрліктерге жүктеді, аударма мәселесін. Министрлік қарап қалсын ба? Ол Комитеттеріне сілтеді. Комитеттерде де отырғандар өңшең ығай мен сығайдың балалары. Олар өздеріне бағынысты басқармаларға, басқармалар мекемелерге, мекемелер ЖШС-ларға, ЖШС-лар аудан-аудандарға, олар ауылға сөйтіп қайтадан ол аударма жоғары қарай аударылып жетеді әйтеуір жоғарыға. Содан аударманың несі қалады? Тілі, термині, лексиконы өзгереді. Кейін Сенат пен Мәжіліс тараған соң быт-шыт болды ол жүйе!», - деп бар ойын ортаға жайып салыпты.
Ал, Құмар Ибраев болса, «Масқара! Өзімізді сыйламау!», - деп қысқаша ғана «Әу!» депті.