$ 498.34  519.72  4.85

Миллион теңге: Ақтауда ана сәбиін мұрнынан айырған дәрігерлерді сотқа берді (ВИДЕО)

Мамандар бөбекті аман алып қалуға барын салып жатқандарын айтады.

Ақтаудағы облыстық перинаталдық орталық мұрнынан айырылған сәбиге миллион теңге өтейтін болды. Туғалы жансақтау бөлімінен шықпаған бөбектің бір түнде мұрны шіріп түсіп қалған, деп хабарлады КТК арнасына сілтеме жасаған Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Бұған анасы тыныс алу аппаратын уақтылы бақыламаған дәрігерлерді кінәлалап сотқа берген. Судья сәбидің мүшкіл хәлге түсуіне медицина мамандарымен қоса, анасы да себепші деп шешіпті. 

Алты айлық Талғаттың жағдайы тым ауыр. Туғалы арнайы аппараттың көмегімен тыныс алып келеді. Жақында ғана перинаталдық орталықтан облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне ауыстырылған. Өкпесінің әлсіздігінен өздігінен демала амайды.

"Өте ауыр жағдайда. Өздігінен дем алу мүмкіндігі балада бар. Бірақ өте әлсіз. Тез шаршап қалады. Себебі, өкпенің дұрыс жетіспеуіне байланысты", - деді Маңғыстау облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Гүлжан Ермекбаева.

Мамандар бөбекті аман алып қалуға барын салып жатқандарын айтады. Бірақ аппаратқа үйреніп кеткен сәбидің тіндері шіріп жатыр. Мұндай жағдайға перинаталдық орталық қызметкерлері жеткізді деп ашынады анасы. Олар тыныс алу аппаратының мұрынды қажап, содан нәрестенің нәзік терісінде жара пайда болғанына уақытылы мән бермеген көрінеді. Осыны айтып сотқа да арызданған. Сот бір миллион теңге өндіру туралы шешім шығарып берді.

"Сот отырысында анықталған мән-жайлардың негізінде жинақталған дәлелдемеге құқықтық баға беріп, ең алдымен сәбидің мүддесін жоғары қойып, сот талап қобшының талабын ішінара қанағаттандырып, жауапкерден бір миллион теңге зиян өндірді", - деді Ақтау қалалық №2 сотының төрағасы Рақымжан Байсенов.

Бүлдіршіннің анасы Бақыт Бекназарова соттың шешімімен мүлдем келіспейді. Баласын айықтырып, мұрны мен таңдайын қалпына келтіруге миллионның жетпейтінін айтады. Онымен қоса сәбидің мүшкіл хәлге түсуіне дәрігерлермен бірге өзін де себепші қылғанына ашынады.

"Оның мұрнын емдетуге ол бір миллион теңге жетпейді. Таңдайын да емдетуім керек. Әрі қарай бұл баламды мүгедек етті. Айналып келгенде өзімнен инфекция жұқты деп, менен көріп жатыр. Мен инфекция жұққанымда, басқа ауру болғанда, алты айдан бері бір ауруым шыққан жоқ", - деп ашынды сәбидің анасы Бақыт Бекназарова.

Енді ашынған ана перинаталдық орталықтың үстінен облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірмекші. Қазір ең бастысы – сәбиді аман алып қалу. Өздігінен тыныс алып шауып кетсе, шіріген мұрынды тек он төртке толғанда ғана пластикалық операциямен қайта қалпына келтіруге болады екен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары