Қазақстанда соңғы күндері «Черная касса», «Котел» деп аталатын, бар болғаны 14 300 теңге салып, бірнеше күнде еселеп, 114 400 теңгені қайтаруға мүмкіндік беретін ойын қарқын алып, қатарына көп адамды қосып жатыр. Бұл ойынның артында не тұр? Бұған сеніп, адам жинап, ақша салған адамдар бастарын қандай қатерге тігеді? Бұл туралы танымал блогер Дәулет Тұрлыбайұлы жан-жақты талдау жасады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Ойын шарты бойынша адам 14300 теңге салып, администратор картасына жібереді. Тағы адам тартып, 8 адам жинауы керек. Сол 8 адам жиналып болған соң, саған 114400 теңге түседі.
Қазақстандықтарға қаржылық сауаттылық жайында дәріс оқып, білімімен бөлісіп жүрген блогер тұрғындарды бұл қаржы пирамидасына алданбауға шақырады. Instagram-да таралып кеткен ойын өте сенімсіз дейді ол.
«Черная касса» бір адамдарға көмек деп жатады, асар дейді. Мысалға, сіз бес адамның түрін көресіз, біреуіне көмектесесіз, келесі айда оған көмектесесіз, үшінші айда басқалары сол адамға көмектеседі. Ал енді Instagram-да белгілі бір адам төңірегінде бір-біріне көмек жасап жатады. Бір-бірін танымайтын адамдар реквизитке ақша аударады, одан кейін ол өзімен бірге адам әкеліп, оны тіркеу керек, айналып келгенде үлкен пирамида болып шыға келеді», - дейді ол.
Оның айтуынша, пирамидалық бизнестің барлығы бір күні күйрейді.
«Пирамида қай кезде болмасын, күйреген. Бастапқыда адамдар өзгелерді тіркеп, өзінің салған ақшасын алып мәз болып жататын шығар, бірақ, ең соңғы адамды ойлау керек. Кім тұрғанын білмедім, бірақ, менің постымның астында біреулер комментарий қалдырыпты: «Мен өзімнің салған ақшамды екі есе қылып қайтарып алдым. Бастысы сол ғой» деп жазыпты. Сонда мұнда адамның эгоизмі басым. Өзім пайда тапсам дейді, өзінен кейін тіркелгендерді ойламайды», - деп ашынады қазақстандықтарға қаржылық сауаттылық төңірегінде білім беріп жүрген азамат.
Айтуынша, әзірге алданып қалдық деп хабарласқандар жоқ.
«Әрине, кез келген пирамида басында пайдасын әкеледі. Қашанға дейін жалғасатынын білмеймін, бірақ, бір апта, он күннен кейін алданып қалған адамдар жайлап шыға береді. Мысалы, мына графикада бір қарағаннан білінбеуі мүмкін, бірақ, аударып қарағанда пирамида екені көрініп-ақ тұр. Сондықтан алданып қалудан сақ болу керек», - дейді Дәулет мырза.
Қазір ІІМ Криминалдық полиция департаменті осы факті бойынша тексеріс жүргізуде. Айта кетсек, қаржы пирамидаларын құрғаны және басқарғаны үшін (ҚР ҚК 217-бабы) мүлкін тәркілеумен 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жаза қарастырылған. 2018 жылы ішкі істер органдары 103, өткен жылы 23 қаржы пирамидасын анықтады.
«Биылғы жылдың басынан бері ішкі істер органдары қаржы пирамидаларын құрудың 4 фактісін тіркеді. Ескертулерге қарамастан, қазақстандықтар алаяқтықтың түрлі схемалы қақпанына түсуде. Мұндай құрылымдарды ұйымдастырушылар жаңа аңыздар ойлап тауып, кәдімгідей тұсаукесерлер жасайды. Осылайша, өзінің құқыққа қарсы қызметін кеңінен жарнамалайды. Ал жеңіл табыс тапқысы келген адамдар тез баюға ұмтылып, ойланбастан ақшасын бере салады», – деп атап өтті Криминалдық полиция департаменті.