Карантин уақытында еліміздегі ақындар да қарап жатқан жоқ. Олар дәрігерлерді қолдауға арналған жырлар жазып, оны әлеуметтік желілер арқылы таратып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Тіпті, «үйде бол» және «үйден шықпа» деген ұранмен жаңа челлендж бастап, үйде отырған көпшілікке жалынды шумақтар арқылы демеу жасауда.
«Жан қуантып жанардағы жылылық,
Оянарда үзілмеген бір үміт.
Дәрігердің инесінің ұшында,
Қанша жанның тағдыры тұр ілініп».
Белгілі ақын Баянғали Әлімжановтың бір минутқа жетер-жетпес бейнежазбасы қазір әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, қызу талқыланып жатыр. Дәл солай басқа ақындар да, оның ішінде айтыскері де бар, жазба шебері де бар, барлығы бірдей қауіпті індеттің басы-қасында жүргендерді жалынды жырларымен демеп, қолдан келгенше қолдауларын жасап жатыр.
Тіпті, «Ақ қанатты періштедей» деген жаңа челлендж пайда болып, бірер күнде дәрігерлер жайында жаңа туындылардың жарық көруіне мүмкіндік берді. «Ауыл» партиясының бұл бастамасы тек ақындарды ғана емес, сазгерлерді де шабыттандыра түсті. Соның арқасында кейбір жыр шумақтары артынша әнге айналып шыға келді.
Ал әріптесіміз, «Дарын» сыйлығының иегері Жадыра Байбұланова өз өлеңі арқылы еліміздегі оқушыларды бір серпілтіп тастады. Яғни, 4 шумақтан тұратын жыр жолдарын үйде отырған балалар жарыса жаттап, «үйде бол» деген хэштегпен оны басқа құрбыларына жолдай бастады.
«Осы індеттен алғашқы өлім тіркелді. Сол оқиға қатты әсер етіп, өлеңді жазғанмын. Кейін әлеуметтік желіге жарияладым. Сол жерден Семей қаласындағы ұстаз алып, оқушыларымен бірге оқып, челлендж ретінде басқа ұстаздарға ұсынған екен», - дейді ақын.
Қазақстандық ақындардың жырлары республикалық басылымдарда да жарық көріп, оқырмандар назарына ұсынылып жатыр. Осындай қиын-қыстау кезеңде пайда болған өлеңдер отандық поэзияға жаңа дүмпу әкелді дейді Жадыра.
Тағы оқи отырыңыз: «Бізде бар Балташ деген антивирус»: ақын Балтабек Нұрғалиев коронавирусқа қарсы дұға жазып шықты
Ал айтыскер ақындар қалыптасқан жағдайға байланысты онлайн айтыстар ұйымдастырып, карантин аяқталғанға дейін әлеуметтік желілер арқылы көпшілікті жырмен сусындатпақ.