ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі Қарағанды облысында әскери ұшақ құлағаны жайлы ақпаратты растаған болатын. Бұл жаңалық бүкіл БАҚ бетін кезіп, елді елең еткізгені анық. Ресми деректерге сенсек, қазір ұшақ апатының себебі анықталуда. Осы орайда, белгілі журналист Марат Байділдәұлы "Қазақстанның әскери әуе күштерінде мұндай өлігін сүйреткен отыздай жойғыш ұшақ бар", - деп facebook парақшасында жазды. Ол Ресейдің ұшақтарын "ұшатын табытқа" теңеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жазба авторының пайымдауынша, Ресейдің техникасына құштар болуды доғарған жөн екен.
"Ресейдің ұшақтары – «ұшатын табыт».
Кеше Қарағанды түбінде әскери кезекшілікке дайындық бойынша жоспарлы ұшу кезінде Қазақстан Әскери Әуе Күштерінің МИГ-31 ұшағы құлап, апатқа ұшырады. Ресми деректерде әуеге көтерілген кезде қозғалтқыштардың бірінен өрт шыққан да, ұшқыштар секіріп кетіп аман қалған. Далаға құлаған ұшақ жанып кеткен.
Қазақстанның әскери әуе күштерінде мұндай өлігін сүйреткен отыздай жойғыш ұшақ бар. МИГ-31 бұрынғы МИГ-25-тің орнына 1978-1979 жылдары жетілдіріліп жасалған ұшақ болатын. Бұл әбден көнерген, артта қалған ұшақты әлемде бірде-бір мемлекет сатып алмаған. Керексінбеген, металлалом! Қазақстан тәуелсіздік алған соң, Ресей сол ұшақтарын бізден түгел жинап әкетпек болғанда біздің генералитет жалынып-жалбарынып қымбат болса да қалдыруды сұраған ғой. Орыс еліне қанша қаражат төлегеніміз белгісіз.
Міне, біздің әскери ұшқыштар шығарылғанына 40 жыл болған осы «ұшатын табыттармен» Қазақстан аспанын қорғамақ болады. Енді «кезегін» күтіп тағы 29 дана МИГ-31 тұр. Қанша мақтаса да, Ресейдің әскери техникасы түкке тұрмайтынын Сириядағы соғыс көрсетіп берді. Сондықтан жалпы Ресейдің технологиялық тұрғыдан артта қалған әскери техникасына құштар болуды доғару керек!", - деді өзекті ойын желіде жариялаған журналист.