Ақтөбеде «Ақтөбе -Тазалық» мекемесінің 60-тан астам жұмысшысы 3 айдан бері жалақы алмаған. Олар жергілікті билікке алданып қалдық дейді. Ол ол ма, шаһар басшысы қоқысқа жауаптылардың қызметінен сәуір айында аяқ асты бас тартыпты.
Орынтай Әбузаров бұл мекемеге осы жылдың ақпанында жұмысқа тұрған. 70 мың теңге айлыққа таң атқаннан қара кешке дейін қоқыс жәшіктерін тазалауы тиіс. Тіпті, кейде жалаң қолымен қоқыс жинаған күндері болғанын айтады. Солай бола тұра, әлі күнге еңбекақысын алмаған.
«Отбасымда ешкім жұмыс істемейді. Ауруға қарсы әйелім істейтін еді. Ол да жабылып қалды. Үйдегілер жұмысқа шық дейді. 42500 теңге де тимей жатыр. Ал жұмысты сәуір айында тоқтаттық», - дейді ол.
Дәл осындай жағдай мұндағы 60 отбасына тән. Көпшілігі пәтер жалдап тұратындарын жеткізді. Үш айдан бері өлместің күннін кешіп жүрген жандарға карантин жағдайында күн көру тіпті қиындаған.
«Ақпан айынан бері айлық алған жоқпыз. Карантин жағдайында отбасымызға өте қиын болды. Кейбір отбасылардың азық-түлік, тіпті, нан алатын ақшасы болмаған күндері болды. ЖКХ-ға хабарлассақ, бізге береміз деп құтылады. Құр уәделерінен шаршадық», - дейді «Ақтөбе-Тазалық» ЖШС-нің жұмысшысы Арсен Жұмағалиев.
«Ақтөбе-Тазалық» мекемесі әкімдіктегілердің ауызша уәдесіне сенген. Тараптар өзара келісім-шартта жасаспаған. Тек ресми хаттың негізінде жұмыс атқарған. Ал сәуір айында, тіпті, әкімдік бұл мекеменің қызметінен аяқасты бас тартқан. Жалпы берешек шамамен 9 миллион теңге болады дейді жұмысшылар.
«Біз Ақтөбе қаласының әкіміне, Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшылығына сендік. Міне, қала әкімдігінің хаты. Онда біздің мекеменің тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға дереу кірісуі керектігі айтылған», - дейді Арсен Жұмағалиев.
Құр уәдеден шаршаған жұмысшылар кеше облыстық прокуратуға арызданды. Енді олар қалалық әкімдікпен соттасуға да дайын.
«Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшылығы мен «Ақтөбе-Тазалық» мекемесінің арасында ешқандай келісім-шарт жасалмаған. Сондықтан біз оларға бюджеттен қаражат бөле алмаймыз», - дейді қалалық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Бекболат Нұрашев.
Тағы оқи отырыңыз: Талдықорғанда апаттық газ қызметінің жұмысшылары жарты жыл бойы жалақы алмаған
«Есепшот кепілдікте тұр дейді...»: Жаңарқа электриктері 17 ай бойы жалақы алмапты
Шенділер «Ақтөбе-Тазалық» мекемесінің жұмысшыларына жалақысын төлеуге асығар емес. Бірақ, мәселені демеушілік қаражат тарту арқылы шешпек. Ал уәдеден шаршаған жұмысшылар Президент әкімшілігі мен Бас прокуратураға дейін шағымданбақ.
Дереккөз: astanatv.kz