$ 444.32  473.33  4.76

«Тағы 30 жыл құлдыққа дайын екенбіз!»: жұрт Дариға Назарбаеваның атын жамылған алаяқтарға алдануда

«Аты-жөніңнің алғашқы әрпін жазсаң, пәленбай ақша береміз» дейді. Соған қазақтар шынымен жазып жатыр. Комментарий саны 9000-нан, репост 1500-ден асып кетті...
фото: kz.expert
фото: kz.expert

Уайс Ерсайынұлы атты азамат facebook парақшасына Дариға Назарбаеваның атын жамылып, желі қолданушылардың сенімін пайдаланып отырған алаяқтар туралы жазба қалдырды. Оның айтуынша, «жазба астына есіміңнің бас әрпін қалдырсаң, бірнеше миллион доллар ақша ұтып аласың» мазмұнындағы өтірікке иланып отырғандардың көбі оқыған-тоқыған адамдар көрінеді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Фейсбукта алаяқтар Дариға Назарбаеваның атын пайдаланып, ақша жасауды бастады. «Аты-жөніңнің алғашқы әрпін жазсаң, пәленбай ақша береміз» дейді. Соған қазақтар шынымен жазып жатыр. Комментарий саны 9000-нан, репост 1500-ден асып кетті.

Енді андағы комменттерді қарасаң, шошисың. Қараңғы қара тобыр шыбынша үймелеуде. Арасында достарым да жүр. Парақшаларына кіріп қарасам, кәдімгі «приличный» адамдар. «Ау, алданбаңдар, мыналар – алаяқтар» десең, одан сайын өршелене комментарий қалдыруда.

Е-е-е... Биліктің 30 жыл халықты қалай мал қылып басқарып келе жатқанын ұға бастағандаймын. Гәптің бір ұшы өзімізде екен ғой. Ай, өзі обалы жоқ ел екенбіз-ау! Мына түрімізбен тағы 30 жыл құлдыққа дайын екенбіз! Тек арамыздағы ерте оянған азғантай ғана естілерге обал», - дейді жазба авторы.

 

Осы орайда, желі қолданушы Қолғанат Нұржаубайұлы: «Тек Дариға емес, Динара мен Тимур Құлыбаевтарды да көрдім», - деп елбасы әулетінің аты-жөндерін пайдалану белең алғанын аңғартты.

Ал Уайс Ерсайынұлының өзі қазақ жұртына «парақшалардың ағылшынтілді адамдардікі екені, сөйлемдердің келіспей тұрғаны да кедергі болмай тұрғанына» қынжылыс білдірді.

Сондай-ақ, Нұргүл Мұқатай атты кісі: «Осыған мен де таң калып отырмын. Осыншама су ми болармыз ба? Акша үлестіріп беретіндей сеніп отыр, бір әріптен жазып», - десе, журналист Сәуле Әбілдаханқызы: «Халқым надан болған соң, Қайда барып оңайын?!..». Қайран, Абай... халқың сол қалпы... өзгерген жоқ», - деп күрсініп отыр.

Aқкенже Бұсырманова «Мен де лентадан бірнеше рет лохтар бөліскенін көрдім. Ауыздарының сілекейі шұбырып, дәмелері зор. Ай, сол ақшаға маңдайдың тері сіңбесе болмайтынын түсінбей өтетін шығар кей қазақтар», - деп алаяқтарға алданбаған «көзі ашық, көкірегі ояу» азшылықтың пікірін толықтыра кетті.

Желі белсендісі Гала Бақтыбай болса, «Aида Балаева ханым, мына іске шұғыл нүкте қоймаса болмайды!», - деп жауапты министрлікке құлаққағыс жасап қойды.

Әрине, олармен қоса, өзге пікір иелері де тобырлық сана, надан пиғылдың кең өріс жайып тұрғанын жарыса жазысуда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары