$ 494.87  520.65  4.91

«Бітті, қора бос!»: қостанайлықтар малдарының бруцеллез деген желеумен етке өткеніне наразы

Әр ауладан бірнеше бас мал мәжбүрлі түрде етке өткізілген. Нақты айтсақ, 100 ірі қараға бруцеллез болуы мүмкін деген диагноз қойылған.
фото: centralasia.news
фото: centralasia.news

Бруцеллез деген желеумен бар малымызды құртып жатыр. Қостанай облысындағы Белозеров елді мекенінің тұрғындары бізге осылай деп шағымданды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Соңғы жылда бұл ауылдан жүз бас ірі қара мәжбүрлі түрде етке өткізілген. Қан тексерісі кезінде бруцеллез анықталғанымен, кейін ПТР сараптамасы ол диагнозды жоққа шығарды дейді жергілікті тұрғындар. Сондықтан малдарының нақты ауру екеніне сенімсіздік білдіріп отыр.

Осыған дейін Мельничуктер отбасында бірнеше бас ірі қара бар еді. Ветеринарлар келіп, қорадағы малдарының бәрін бруцеллезге шығарған кезде бір сәтте кедейшіліктің кебін киді.

«Мына жерде төрт сиыр тұрған болатын. Биыл көктемде соның бәрін алып кетті. Алдымен екеуін, сосын араға екі ай салып, қалған екеуін тағы құртты. Бітті, мойын жіптері мен шынжырлары ғана қалды. Қора бос», - дейді Николай Мельничук.

Үш баласы бар жас отбасы күніне 50 литр сүт тапсырып, нәпақасын тауып отырған. Енді одан да айырылды. Басқа табыс көзі жоқ. 240 мың теңгеге сатып алған қысқы азықтық шөбі де жайына қалды.

Бұл – Белозер ауылы тұрғындарының біразының басындағы жағдай. Әр ауладан бірнеше бас мал мәжбүрлі түрде етке өткізілген. Нақты айтсақ, 100 ірі қараға бруцеллез болуы мүмкін деген диагноз қойылған.

«Төрт сиырымды алып кетті. Ешқандай бруцеллез болған жоқ. Ешкім ештеңе берген жоқ. Ең сүтті сиырымыздан айырылып қалдық», - дейді Белозёр ауылының тұрғыны Гүлжан Хасенова.

Жергілікті тұрғындар ветеринарлардың әрекетін түсінбей дал. Олар бруцеллез деген ірі қарадан мал сою пунктерінде ауру анықталмайды. Сол себепті, анықтама қағаз берілмейді. Ал онсыз мемлекет өтемақы төлемейді.

«Инспекция ешқандай анықтама бермейді. Несиеге сиыр алып едім, енді қарызды қалай өтерімді білмеймін. Ең болмағанда, бруцеллез екендігін дәлелдейтін құжат беріңдер десем, малың сап-сау деп қарап отыр. Онда неге сойғызды?» - дейді тағы бір тұрғын Ольга Качесова.

Мұндағы жұрт бруцеллездің бар екендігіне күмәнмен қарайды. Өйткені, ауылда карантин енгізілген жоқ, тұрғындардың денсаулығы тексерілмеген, санитарлық іс-шаралар жүргізілмеген. Бұл әрекет заңға томпақ келетіндігін ауылдың ветеринарлық дәрігері де мойындап отыр.

«Жіберілген ұсынымда былай деп жазылған, егер екі рет күмәнді деп танылса, онда ол мал ауру саналады. Бірақ, заң бойынша теріс, не оң нәтиже көрсеткенге дейін бірнеше қайтара тексерілуі тиіс. Күмәнді ірі қара 15 күн сайын тексерілуі қажет. Ал бізде олай емес. Екі рет күмәнді деді ме, бірден сойысқа жібереді. Ал мал нақты ауру ма, жоқ па, оны біліп жатқан ешкім жоқ», - дейді Белозёр ауылдық округінің ветеринар дәрігері Анастасия Кель.

Телеарна тілшілері жағдайды анықтап білу үшін облыстық ветеринария басқармасына хабарласқан. Ал олар денсаулықтарына байланысты қашықтан жұмыс істеп жатқандарын айтып, қандай да бір түсінік беруден бас тартыпты. Жауапты бір-екі күн күтіңдер дейтін көрінеді.

Тағы оқи отырыңыз: «Бруцеллез, бруцеллез деп дүрлігіп...»: ауыл халқының азын-аулақ малын етке өткізіп жатқан кімдер?

Ал Белозер ауылының тұрғындары мұнымен тоқтамақ емес. Жоғары жаққа шағымданып, тәуелсіз сараптама өткіземіз деп отыр. Телеарнаның жаңалықтар редакциясы осы мәселе бойынша Ауыл шаруашылығы министрілігіне ресми сауал да жолдап қойған. Алайда, әзірге оған да жауап жоқ. «Әрі қарай да Белозеров тұрғындарының шағымы назарымызда болады», - дейді әріптестеріміз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары