Сәтбаевтағы тұрғындар мен полиция арасындағы қақтығыстан ұсталған адам саны 19-ға жетті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, КТК арнасына сілтеме жасап.
Тергеу амалдарында бұл сан еселеп өсуі мүмкін. Өйткені шілденің 24-не қараған түні қалада ойран салғандардың саны мыңға жуық. Ал қақтығысқа қалада жоғалған 5 жастағы қыздың ересек көршісінен қорлық көруі себеп болған еді. Ашынған топ полициядан күдіктіні беруді талап етіп, істің соңы насырға шапқан болатын.
Шілденің 24-не қараған түні дүрліккен Сәтбаевтағы бүгінгі тіршілік қалыпты. Астан-кестеңі шыққан подьезд де тыныш. Тек сол күнгі оқиғаны тұрғындар көпке дейін ұмыта алмайды. Қазір бұл үйдің тұрғындары зақымдалған дүние-мүлкін реттеп, қираған есігін жаңартып жатыр.
Сол күні бұл пәтерге қонаққа келген 5 жастағы қыз аулаға шығып жоқ болған. Туған-туыс, полиция мен еріктілер айналаны толық шолып шығып, подьездің алдына шоғырланыпты.
Жоғалған бүлдіршінді табуда бейнекамераның көмегі зор болған. Өйткені бейнетаспада қыздың подьезге кірген сәті бар да, шыққаны жоқ. Сондықтан полиция мен еріктілер подьездегі барлық пәтерді тінти бастаған. Күдік тудырғаны – есігін ашпаған бірінші қабаттағы пәтер.
"Мына терезесі жанды ма, әйтеуір қозғалыс болды да, адамдар соны байқап қалып, ішінде адам бар деп айта бастады. Есікті сындырып, полиция қызметкерлері ішке кіргенде, терезенің алдына келіп, жаңағы кісіні, жалаңаш денелі кісіні қолынан бұрап ұстап жатқанын мен өз көзіммен көріп, камераға түсіріп тұрдым. Сосын ашынған халық, мынаның үстіне шығып, терезені шағып, торын жұлып алды. Осы жақтан жастар кіре бастады", - деді Сәтбаев қаласының тұрғыны Ботагөз Бұшманова.
Қызды ата-анасына беріп, күдіктіні шығармақ болғанда ойран басталған. Ашу-ызыға ерік бергендер пәтерге баса көктеп кірген. Үй алдында азғантай полицейлердің ырқына көнбеген қарақұрым жұрт есік алдындағы мүлікті де талқандауға кірісіпті. Істің насырға шапқанын көрген полицейлер күдіктіге полиция киімін кигізіп үйден алып кеткен.
"Оны үйден алып шығу қиын болғанан кейін киімін ауыстырып, киіндіріп алып шығып, қауіпсіздігін қамтамасыз еттік. Әрекеттерімізге қарамастан, «Жоқ, онда сендер полицияға алып кетіп, сонда ұстап отырсыңдар» деп, балағат сөздер айтып, бері полиция бөліміне қарай келген. Бақылау пунктін сындырып үлгеріп, бері қарай кіріп, тас лақтырып, біраз шығын келтірді", - деді Сәтбаев қалалық ПБ бастығы Жандос Қарабеков.
Тағы оқи отырыңыз: «Періштедей қыздан шал артық болды ма?»: Сәтпаев тұрғындары жантүршігерлік оқиғаның қалай болғанын айтып берді
Сәтбаевтағы бас көтеруде Жезқазғанның полиция бастығы соққыға жығылған (ВИДЕО)
Бір педофилдің кесірінен Сәтбаев қаласының 15 тұрғыны қамауға алынды
Полиция бөлімінің алдында бірнеше қызметтік көлік талқандалып, бір жеңіл көлік пен автобус өртенді. Ғимарат та зақымдалған. Жалпы келген шығын көлемі 60 миллион теңге. Ал тергеуде куәгерлерден жауап алынып, оқиғаға белсене қатысқандар анықталуда. Олардың арасында сол күндері осы жағдайға қатысты жалған ақпарат таратқандар да бар.
Соның бірі - Жеңіс Үсен. Ол «ІІБ-ның астында 50-60 адам жатыр» деген жалған ақпарат, өз кінәмді толық мойындаймын» деді.
Оқиғадан екі апта өткенде ғана басты күдіктінің пәтерін жақындары жинастырып жүр. Сұхбаттан ат-тонын ала қашты. Белгілісі, 62 жастағы тұрғынның әйелі, бөлек тұратын балалары мен немерелері бар екен. Сол күні оның әйелі саяжайға кетіп, күдікті үйде жалғыз қалған. Тергеу мәліметінше, оған адам ұрлау және зорлау баптары бойынша айып тағылған. Ал зардап шеккен бүлдіршін үйінде ата-анасының қарауында.