$ 487.37  532.94  5.09

Радикализм – жер бетіндегі тозақ

Құраннан тыс, шариғаттан бөлек, өздері ойдан тауып, кәпір деп есептеген адамына лайықты әрекет жасауға болады деп есептеп, тонайды, ұрлайды, қарақшылық жасайды. Бұл – заңсыздық. Өзгенің малын, басқаның дүниесін, біреудің ақшасын иеленіп кетуге ешкімнің қақысы жоқ.
фото: elorda.info
фото: elorda.info

   Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының мәліметіне сәйкес, радикалданған діни экстремистік топтардың жасап жүргендерін  тозақтан да қорқынышты әрекет болып табылады. Бұл тұжырым деструктивті теріс діни ағымдардың  айтатын жұмағына мүлде қайшы. 

Шариғат бойынша адам өмірінде  жасаған іс-әрекетіне, жақсылығы мен жамандығына, достығы мен дұшпандығына қарай о дүниеде жұмақ пен тозаққа барады деген сенім бар. Құран сөзімен айтқанда тозақ – күнәні көп жасаған жаман адамдар мәңгілік  азап шегетін, тірі адам үшін беймәлім, бірақ  өте қорқынышты мекен. Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы террористер жер бетіндегі тозақты жасап жүргендер деп бекерден бекер айтып отырған жоқ. Иманның жолын іздегендер теріс ағымдар мен секталардың алдауына түспесін, арбауына көнбесін деп сақтандыру мақсатында айтады. 

 Исламда тозаққа түсіретін күнәһарлықтың жетпіс алты түрі бар екен. Теріс діни ағымдарда осылар анық көрініп тұрады. Айталық  олар: нақақтан адам өлтіру, мемлекеттің билігін көздеу, адамдарды алдау және тирандық,  хадистерді өтірік ойлап табу, тәкаппарлық, менмендік, мұсылмандарды қарумен қорқыту, қарақшылық, т.б. Діни деструктивті топтар осындай күнәһарлық пиғылдарын дінмен жабады, түпкі пиғылдарын өздері ойлап тапқан шариғи өтіріктерімен бүркемелейді.  Олар арбауына түскен адамдарды тозақпен, жаһаннаммен қорқытады. Қоғамдағы әрекеттің бәрін дерлік сол жаһаннам мен тозаққа апаратын жол деп танытып, миын улайды, санасын шатастырады. Ал өз әрекеттерін жәннатқа баратын бағыт деп түсіндіреді. Шындығында мүлде олай емес. Олардың айтып жүрген жәннаттары жалған. Бұлардың адам өлтіріп, жиһад жасау дегендері шариғатқа келмейді, Құранда ондай мүлде жоқ, керісінше, бір нәрсені желеу етіп, әдейі адам өлтірсе, өлтірушінің барар жері тозақ. 

Құран бойынша тозақ тіршіліктегі жасаған күнәсіне қарай жүйеленген жеті қақпадан тұрады екен. Құран нұсқасында тозақ немесе жаһаннам  алып құбыжықтың ішіндегі адам ұғымы жетпейтін қорқыныш болып суреттеледі. Міне, бұл әдейі адам өлтіргеннің тартатын жазасы және жоғарыда келтірген ең ауыр жетпіс алты күнә жасаған адамдардың азабы. Ал бұл белгілер деструктивті топтардың әрекетінен байқалады. Бұл тұжырым қарапайым адамдардың теріс діни ағымдардың алдауына түсіп кетпесін деген мақсаттан туып отырған сақтық шаралары, терроризм мен экстремизмнің алдын алу екенін тағы қайталап айтқымыз келеді. 

 Деструктивті топтардың жантүршігерлік террористік әрекетін көптеп келтіруге болады. Соның ішінде ұшақпен алып ғимараттарға бір-ақ кіріп, басынан аяғына дейін жарылғыш заттарды байлап алып мекемелерді жарып, өзі де өзгені де ажал құштырғаны туралы әлем бойынша мысал көп. Мұны да олар жәннатқа баратын жиһад деп үгіттейді. Миы уланып, санасынан айрылған қаншама адасушылар осындай әрекетке барып, күнә арқалады. Бұлар шынайы ислам бойынша өзін-өзі өлтірушілер болып саналады. Ал адамның өзін-өзі өлтіруіне ешқандай нәрсе себеп бола алмайды екен. Адам тек  өз ажалымен ғана бақиға аттануға тиіс. Өзіне-өзі қол салу – үлкен күнә. 

Деструктивті діни топтардың әрекетінде қарақшылық та бар. Олар күпірлікпен айтыптаған адамдарды кәпір деп есептейді. Құраннан тыс, шариғаттан бөлек, өздері ойдан тауып, кәпір деп есептеген адамына лайықты әрекет жасауға болады деп есептеп, тонайды, ұрлайды, қарақшылық жасайды. Бұл – заңсыздық. Өзгенің малын, басқаның дүниесін, біреудің ақшасын иеленіп кетуге ешкімнің қақысы жоқ.  

Шын мәніндегі  біреуді адастырған күнәһарлар, ауыр қылмескерлер, алдағандар, өтірік айтқандар, өлтіргендердің азабы ауыр. Осы келтіргендеріміздің барлығы да экстремизм мен терроризмді қолдайтын теріс діни ағымдардың әрекеті. Олардың осы өмірдегі теріс істері Құрандағы тозақ отының көрінісіндей болып тұрғаны рас. Бұл тек біздің елімізде ғана емес, күллі адамзатқа қауіп төндіріп тұр. Сонымен қатар, тозаққа түсу себептерінің бірі-Алланың жауларының арасынан әділетсіз күнәһарларға қолдау көрсету және олармен жылы достық қарым-қатынаста болу.

Ислам – мейірім діні. Бұл дінде алдау, арбау, қорқыту, қарақшылық, өлтіру деген жоқ. Сондықтан исламның атын жамылған алдамшылардан сақтанайық, сақ болайық!

                                                                                                                          Еділ   АНЫҚБАЙ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары