Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы экстремизм мен терроризмнің алдын алу шараларын ұйымдастырып, көпшілікті сақтандырумен қатар, адасқандардың да тағдырына бей-жай қарамайды. Олардың басынан кешкен оқиғасын, адасқан жағдайын көрсету арқылы да басқаны сақтандырып, солардан сабақ алуды мақсат етеді.
Теріс діни ағымның идеологиясына алданып, бүгінде жазасын өтеуші қыз көз жасы көл болып, өткенін өзегі өртене отырып айтып берді: - Заң талабын орындауым керек, түрменің қиындығына шыдауға тиіспін. Ендігі өмірімде мұндай қателік жасамаймын, бейбіт те бақытты өмірімді, барымды бағалаймын, жақындарымды құметтеймін, сыйлаймын, айтқандарын тыңдаймын, олардың жанына қайтадан баруым керек. Ата-анаңнан, туыс-бауырыңнан артық ештеңе жоқ-дейді.
Бұл кейіпкеріміздің шын аты – Татьяна, ал теріс дінді қабылдағаннан кейін оған Сура есімі берілген. Ол Қылмыстық кодекстің 256-статьясы бойынша сотталған. Қазір Шығыс Қазақстан облысының түрмесінде отыр.
Татьяна бала күнінде тәртіпті, тәрбиелі болыпты. Алматыдағы қазақ-түрік лицейін үздік бітірген. Ислам дінін 2013 жылы қабылдаған. Мектепті бітіргеннен кейін отбасында қаражат мүмкіндігінің тапшылығынан жоғары оқу орнына түсе алмаған. Жұмыс іздеген, бірақ, жұмыс табылмаған. Оның үстіне ол Алматыдан елу шақырым жердегі ауылда тұрыпты. Ауыл мен қаланың ортасына қатынап, күнделікті жұмыс іздеу де қиындық туғызса керек. Күндердің күнінде Татьянаға Еуропадан білім алсам деген ой туады. Бағын сынап көргісі келеді. Норвегияға баруды ұйғарады, бірақ ол елге виза ала алмайды. Алғашқы талпыныс осылай сәтсіз аяқталады.
Сөйтіп жүргенде мұсылман сайтындағы танысу айдарында болашақ күйеуімен танысады. Бастапқыда ол Татьянаны қарындасым деп атайды. Бауырына тартады, жылы сөздер айтады және мұсылман елінде жарқын өмір күтіп тұрғанына сендіреді. Келетін елінде оны бәрі түсінетінін, сенімін құрметтейтінін, көңіл күйіне қарайтынын жеткізеді, жас қызды тәтті тілімен иландырады. Сеніміне кіріп, сезімін қозғаған, әлеуетті әңгімелерімен әсер еткен. Жұмыссыз жүрген қыздың осал тұсын тауып қамқор кейіп танытқан. Жол қаражатын төлеп берген.
- Жоғары оқуға түспедім, жұмыс таппадым. Мамама Түркияға баратынымды, ол жерден жұмыс қарайтынымды, тұрмысқа шығатынымды, көп ұзамай қайтып келетінімді айттым. Әке-шешем менің бұл әрекетіме немқұрайлы қараған жоқ, тек олар маған сенетін еді,-дейді жалған діннің құрбаны болған Татьяна.
Әрі қарай жағдай интернетте жазысып келіскен жоспар бойынша өрбиді. Татьяна Алматыдан Түркияға ұшады. Түркиядан Сирияға шекарамен жаяу өтетін, белгіленген жерде интернет арқылы үйленген күйеуі күтіп алатын болады. Бұл белгіленген жерге барғанда күтіп алатын күйеуі ауыр жарақат алып, төсек тартып жатады. Амал жоқ, шегінуге кеш. Сонымен төрт жыл өмірі атыс-шабыс, соғыс-дүрбелеңде өтеді. Күндегі көргені қан, өлім, қорқыныш, үрей. Интернет арқылы санасына сіңіріп, басын айналдырып тастаған күйеуі әйелдің міндеті бала туу, оны бағу, өсіру, күйеуін күту екенін айтады. – Солай, өміріміз үрей мен қорқынышта өтіп жатты-деп жалғастырды әңгімесін, Татьяна-Сура. - Ол келіп-кетіп тұрды. Жоқ боп кететін, қайтып оралатын. Сөйтіп террорист болып жүріп өлді, ақыры... егер өліп қалсаң, жәннатқа барасың дейтін» Бұл тұрғыда шынайы ислам не дейді екен?
«Шын мәнінде исламда нақақтан қан төгуге болмайды. Бір адамды өлтірсең, барлық мұсылманды өлтірген болып есептеледі. Бұл жол мүлде қате. Оларда терең білім жоқ. Олар адасқан немесе адастыратын шейхтарды тыңдаған. Олардың мүддесі адастыру. Өз ойларын жүзеге асыру. Адастырушылар миын улап, оларды басқа адамдарға қарсы қояды. Өздерінен басқаларға олардың дұшпандығы оянады» Бұл – дін маманы Саят Хасеновтің сөзі.
Иә, теріс діни ағымның тобына қосылғандардың көзі байланған, санасы уланған. Ондай болуы бүгінде дәлелденіп жатыр.
Сонымен Сирияда азаппен өткен төрт жылда Татьяна үш баланы өмірге әкеліпті. Тұңғышы қыз бала туа салып шетінепті. Екі және үш жастағы ұлдары елге оралды. Татьянаға жаза кесілгенде ұлдары балалар үйіне өткізілген. Алайда Татьянаның әке-шешесі алты айдан кейін ДНК сараптамасын жасатып, ұлдарды өз қолдарына алған.
«Әке-шешем менің кеудемнен итерген жоқ, теріс айналып кетпеді. Сотқа туған-туыстарым келді. Бәрі мені қолдап, үміт сыйлады. Әкем маған енді мұндай қателік жасамауымды айтты».
Татьянаның ата-анасы мен ұлдарына қайтып оралуы үшін жазасын өтеуі тиіс. Ол бұл жазаға келіседі, өз қатесін толық мойындайды.
ҚМДБ қызметкері Қанат Алшынбаев қыз-келіншектердің Сирияға кетуінің екі себебін айтады: «Біріншіден, теріс діннің тобындағы күйеулерінің ықпалымен және идеологияны әбден сіңіріп, сендіріп жасауынан дейді. Олар аудио, видео роликтер арқылы әсер етеді. Санасы уланғандар сол өтірікке сенеді. Ерлер де солай адасады, негізінен әйелдердің осылай адасатынына мысал жетерлік. Олар жалған насихаттың құрбаны болады».
Қазіргі уақытта Татьянамен теологтар, психологтар жұмыс жүргізуде. Өзі де үнемі бірдеңемен айналысып, бос жүрмеуді қалайды. Көбіне тігін цехында уақытын өткізеді екен.
- Мен ата-анамды құшағыма алып, сағынышымды басқым келеді. Алты жыл болды, құшағыма алмағаныма. Сот кезінде ондай мүмкіндік берілмеді. Өйткені мен қылмыскермін. Олардан кешірім сұрағым келеді. Шығыс Қазақстаннан Алматы түрмесіне ауысқым келеді. Әке-шешемді тағы көргім келеді. Тағы да кешірім сұрағым келеді»- дейді өкініштен өзегі өртенген Татьяна.
Татьяна тағдырының осылай болғанын тек қана өзінен көреді, өкінеді. Заң бойынша өкініш, тек мойындау жазадан құтқармайды. Алда әлі төрт жыл жазасы бар Татьянаның өзгерісін өмір көрсетеді. Онымен қазір теолог, психолог мамандар жұмыс істеп жатыр. Мемлекет үшін әрбір адам қазына, тек қана оның қоғамға зиянкестік әдеті болмауға тиіс. Түзетіп, адам қатарына қосу үшін, әрбір адамның қылмыссыз, тыныш мемлекетте өмір сүруі үшін көптеген жұмыстар істеледі. Ең бастысы кім болмасын жаза басып, қателік істеуден, теріс діни ағымның ықпалына ермеуді ойлануға тиіс. Жалған ақпараттың құрбаны болмау үшін, зерек те зерделілік әр адамның міндеті. Сақ болайық, сақтанайық!
Еділ АНЫҚБАЙ