Діни сенімде алтын ортаны ұстаныңдар деген ұстаным негізі өте дұрыс. Себебі, кез келген жағдайда шектен шығу адамды қоғамнан оқшаулайды. Ал адамның Құдаймен байланысындағы сырт көзге көрініп тұратын тұсы – оның көркем мінез-құлқы. Адамның айналамен қарым-қатынасында екінші бір адамға зияны тимеу керек. Ал экстремизм, терроризм – дін атын жамылған қылмыскерлердің әрекеті дейді бүгінгі сауалнамаға қатысқан қалалықтар. Өйткені, біз оларға сенім сізге не береді? Қазақстандағы діни жағдайды қалай бағалайсыз? Экстремизм, терроризммен дінді байланыстыра аласыз ба деген сауал қойып, жауаптарын өз ауыздарынан жазып алған едік.
Раушан, 30 жаста, аудармашы:
Қазақстан – зайырлы мемлекет. Бізде діни бостандық бар, сол қуантады. Кез келген адам, қандай дін өкілі, ол тіпті атеист, агностик болсын өмірінде бір қиын сәттер болып, отбасында махаббат, жақын адамдарынан жылы көңіл жетіспей, жеке мәселелерін шеше алмаған кезде діннен жұбаныш іздейтін секілді.
Сенім – менің таңертеңнен кешке дейінгі жалпы бүкіл өмірімді қамтиды. Сол уақыттың ішінде Құдаймен байланысқа уақыт табуға тырысамын. Өйткені, кез келген нәрсе істейтін, бастайтын, шешім қабылдайтын кезде Құдаймен байланыстырамын. Себебі, өмірде болып жатқан жақсылық, жамандық болсын барлығы кездейсоқ емес. Адамның тағдыры – Құдайдың қолында. Менің өзім христиан дінінің өкілімін. Католикпін. Сенім менің өмірімдегі ең басты құндылық деп есептеймін. Жеке басымда қаншама қиын кездер өтті, мәселелер туындады, осы сенім мені солардан алып шықты. Егер менде осы сенім болмағанда, қазіргі жағдайым мүлде басқаша болар ма еді. Сенім дегеніміз мынадай деп нақтылап, тәптіштеп жеткізу өте қиын. Оны адамның өзі жүрегімен терең сезінуі маңызды секілді.
Өз басым экстремизм, терроризммен дінді мүлде байланыстыра алмаймын. Көзі ашық, кез келген нәрсеге азаматтық көзқарасы қалыптасып үлгерген саналы адам болса, әлемдегі діндердің ешқайсысы зұлымдық атаулыны еш қолдамайтынын жақсы біледі. Сондықтан дін төңірегіндегі жаңалықтарды оқыған кезде оларды фильтр арқылы оқыған дұрыс шығар. Өйткені, қазір әлемде ақпараттық соғыс жүріп жатқанын ұмытпау керек. Егер дінге қатысты жаңалық болса, оның артында белгілі бір елдің мүддесі тұратынын да біле жүрген жөн.
Тома, 53-те, шешен ұлтының өкілі:
Сенім маған күш, қуаныш, тыныштық, ертеңгі күнге үміт береді. Жаратушы Алла әрқайсымызды махаббатпен жаратқан. Ол менің отбасымды қорғайды. Яғни, өзімнің шамам келмейтін жерде үнемі Құдайға иек артамын.
Шыны керек, Қазақстандағы діни жағдай жайлы айтып бере алмаймын. Бұл тақырып маған қиындау екен. Бірақ елуден асқан жасымда мен дін мен экстремизм, терроризмнің бір-бірімен байланысы болады дегенді ақылыма сыйдыра алмаймын. Біздің жас кезімізде адамдар дәл бүгінгідей діндар болмаса да, өте мейірімді, ашық-жарқын еді. Нағыз көркем мінез адамдардың әрбір сөзі мен әрекетінен көрініп тұратын. Бүгінгі заманның адамдары көп дүниені теорияда білгенімен, практикада қолданбайтын секілді көрінеді. Дін ұстанамын деп айғай шу көтеріп жататындарды көргенде таңғаламын, сенің Құдаймен байланысың неге өзгелердің мазасын алуы керек? Сенім, дін жүректен орын алмай, құр тілде сайрағандықтан да шығар қоғамда дінге қатысты мәселелер көп болатындығы. Мүмкін, ол біздің аға буынның жіберіп алған қателігі шығар, нақтысын айту қиын.
Екатерина, 25 жас, журналист:
Құдайға сенетін адаммын. Православ бағытының өкілімін. Бірақ Қазақстан аумағындағы неміс өкілдері болсын, Германиядағы немістер болсын олардың көбіне католиктік бағыт тән. Айырмашылық өте үлкен емес, ең басты идея екеуінде де бір. Шыны керек, сенімді мен өзім таңдаған емеспін. Кішкентай кезімде ата-анам шоқындырған. Бірақ мен әрбір адамның таңдау еркі болу керек дегенді ұстанамын. Яғни, ақыл тоқтатып, ненің ақ, ненің қара екенін ажырата алатын кезде әр адам сенімді өзі таңдауы тиіс. Дегенмен, мен дәл қазір қандай сенімді таңдасам да, осы дінді ұстанатын сияқтымын. Өйткені, ата-анам да, өскен ортам да – осы.
Сенімнің құндылығына келсем, оның рөлі өзім үшін өте жоғары. Өйткені, сенімнің болғаны өте маңызды. Бірақ оны қалыптасып қалған үрдіс секілді басыңа күн туған кезде ғана іздемеу керек деп ойлаймын. Әдетте сондай жағдайларды көріп тұрамын. Сенім адамға тірек бола алады. Сенім болған кезде саған көп нәрсе жеңіл болады. Ол жәй нәрсе емес. Адам болған соң бәріміздің басымызда небір жағдайлар болып жатады. Сол кезде Құдай адамға қуат береді.
Адамда сенім болған кезде өмірі мән-мағынаға толы болатынына көзім жетті. Ештеңеден қорықпай өмір сүру деген меніңше дұрыс емес. Кез келген діннің негізін түсінген адам онда мейірімділік барын, ешкімнің өміріне қол сұқпа, біреудің ала жібін аттама деген адамгершілік қағидалары барын біледі. Бұл өте дұрыс. Адамда сенім болмаса, оның өмірінде бұл нәрселер кейде болмай жатады.
Қазақстандағы діни орта жағдайына келсек, қазір дін соншалықты танымал емес. Өйткені, өзім мектепте оқыған кездермен салыстыра алмаймын. Бәлкім менің ортамның аясы тар шығар. Біз көбінесе Еуропаға мойын бұрамыз. Ал онда дін алдыңғы қатарларда емес. Қазір менің таныстарымның арасында өзін атеист санайтындар бар, мүлде ешқандай дінге қатысы жоқтар да бар.
Сенім маған сенімділік береді. Бұрыс жолға түсіп кетуден сақтайды. Және өмірдің әрбір сәтінде тек қана көмегін көріп келемін.
Әйгерім, 33 жаста:
Әрбір адам Құдайға келу үшін дін дегеніміз не, дін арқылы біз неге жетеміз, Жаратушы кім дегенге өзін қанағаттандыратындай жауап алған соң ғана дінге келсе жақсы болар еді деп ойлаймын. Әйтпесе еліктеу арқылы дінге келетін жастарды көріп жүрмін. Кейбіреуі дін ұстанамын деп басқа жат ағымдарға кіріп кетіп, Сирия асып келді. Сол әйелдердің тағдырына қарап, соқыр сенімнің адамды қалай жарға жығатынын түсінуге болады. Өте өкінішті. Кез келген адам бұрыс жолға түсейін немесе адасайын деп дінге келмейтіні белгілі. Олар діннен тірек, жанына жұбаныш болатындай иман іздеп жүрген жандар дер едім. Бұл жерде үшінші бір субъект бар, олар әрине адамның өмірімен оңай ғана ойнап жүрген жат ағымдар. Олар өздерінің арам пиғылдарына жету үшін сондай діни, имани тұрғыдан әлі «әлсіз» адамдардың осал тұсын пайдалануда. Бұлай дейтінім, дінге байланысты сауат ашып, білім алған адаммын. Сондықтан дінге енді келіп жатқан адамды сырттай танып тұрамын. Бұл жерде көп адамда діни сауат болмағандықтан сүрініп жатады. Сондықтан адам Құдайға шын жүрегімен келгені дұрыс деп есептеймін. Сонда ғана ол ақиқатты табар еді.
Қазіргі қоғамның діни көңіл күйі алуан түрлі секілді. Себебі, дінге сенбейтін адамдар қатары артып келетінін байқап жүрмін.
Бірақ қандай дін өкілі болсын ең бірінші адамға толеранттылық керек екен. Өйткені, қазір кейбір дін өкілдері бір дінді асыра жоғары көтеріп, екінші бір дінді түсіріп тастап жатады. Егер екінші бір адамның діни көзқарасы қоғамға зиян тигізбесе, ол адамның таңдауына біз құрметпен қарауымыз керек.
Анатолий, 65 жас, профессор-атеист:
Мен Құдай жоқ деген заманда өскен адаммын. Сол кездегі идеологияның мықтылығы болар әлде мен бала кезімнен соған сенгендіктен шығар, мен Құдай бар деген теорияға осы күнге дейін сене алмаймын. Оған мұқтаждық болған да емес. Құдай тарапынан түсірілген әлемдік діндердің өзіне мен өте скептикалық тұрғыдан қараймын. Бірақ дін ұстанатын адамдардың сеніміне құрметпен қарап, сыйлаймын. Өйткені, менің діндар достарым бар. Кейде олармен шәй ішіп, өзара қалжыңдасып отырғанда: «мен өліп бара жатқанда мен үшін Құдайға дұға жасауды ұмытпайсыңдар ғой» деп оларды күлдіріп қоямын. Өмір бойы ұстаздық етіп келе жатқандықтан діндердің тарихын өте жақсы зерттегем, білемін. Менің жас кезімдегі қоғам дінсіз болса да, қазіргі қоғам секілді экстремизм, терроризм дегенді білген де көрген де емес. Бүгінгі жастар діншіл болса да, парадокс көп. Дін ұстанатын, Құдайға сенетін адамның жанында сен өзіңді қауіпсіз сезінуің керек еді, қазір көп жағдайда керісінше.
Қазақстандағы діни жағдай жайлы сөз қозғау маған жараса бермес. Өйткені, әркім өз саласына қатысты әңгіме қозғағаны жөн. Бір айтарым, жастардың арасында дінге қызығушылық артып келе жатқанын көріп жүрмін. Олар жалындап тұрған шақта жан-жақты білім алулары керек. Қазір ғылымның заманы. Қоғамға кімдерден көп пайда келеді, әрине білімді, ғылымда небір жаңалық ашатын ізденімпаз жастардан пайда көп. Бүгінгі жастар өте еркін әрі оларда мүмкіндік өте көп. Міне, соның бәрін олар өздеріне білім алуға, өзіне инвестиция құюға жұмсауы керек. Жоғары білім мен эмоционалды интеллект адамды үлкен жетістіктерге жеткізеді және білім адамға қонған кезде ол адамды өте мықты тәрбиелейді.
Адамзат тарихында ғасырлар бойы қалыптасқан адамгершілік нормалары бар. Міне, солардан асып кетпей, азғындыққа жоламай, кісілік келбетін жоғалтпай өмір сүрсе, дін оларға өзі-ақ келеді.
Сауалнаманы жүргізген – Assel D.