$ 498.34  519.72  4.85

«English for jastar»: ауыл жастары ағылшын тілін үйрене бастайды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың үштұғырлы тіл саясаты қоғамға кезең-кезеңмен енгізіліп келеді. Алғашында мектептерде пилоттық жоба негізінде ғана жүзеге асқан үштілділік жобасы бүгінде балабақшалардан бастап жоғарғы оқу орындарының баршасына дерлік қолданысқа енуде. Тіпті, Астанада кез-келген адамға ағылшын тілін үйрететін тегін оқу курстары да ашылып жатыр.

Мұның бәрі нені білдіреді? Еліміз өркениетті елдер қатарына қосылуға шындап кіріскендігін білдіреді. Өйткені, баршаға мәлім, қазақстандықтар қазақ тілімен бірге ағылшын тілін де қоса меңгермей әлемдік көшке ілесе алмайды. Ғылым мен технологияның тілін үйренуіміз үшін, оларды өзімізге ендіру үшін ағылшыншамызды жөндеуіміз керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үштұғырлы тіл саясатының астарында да дәл осы мақсат жатыр.

Жасыратыны жоқ, өңірлерде, аудан-ауылдарда жастарымыздың ағылшын тілін меңгеру деңгейі өте төмен. Шет тілін мүлдем білмейтіндер де жеткілікті. Өйткені, ауылдарда оларды оқытатын мұғалімдер тапшы. Оның үстіне, күнделікті қолданыста болмағаннан кейін де жастардың ағылшын тіліне деген қызығушылығы жоқ. Олар ертеңгі бәсекеге қалай қабілетті бола алады? Не ғылымнан, не технологиядан жұрдай жастардың саны артса Қазақстанның болашағы не болады? Әрине бұлыңғыр болады. Ауыл жастары көштен қалып, тағы да сол қара жұмысқа жегілулеріне тура келеді. Бұл нағыз теңсіздіктің өзі. Сондықтан, жастарды тұрғылықты мекен-жайына бөліп жармай, баршасын ғылымға, кәсіпке, өркениетке баулу қажет.

Баулу қажет дейміз-ау, бұл шара ққазір елімізде басталып та кетті. Шара деп отырғанымыз – ауыл жастарына ағылшын тілін үйрету. Тегін! Есте болса, биыл «Нұр Отан» партиясының өкілдері Мемлекет басшысы – партияның бірінші төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында «English for jastar» жобасының презентациясын жасаған болатын. Ол Қазақстанның барша жастарына ағылшын тілін ақысыз негізде үйретуді көздейді. Жобаны «Болашақ» қауымдастығы, «Жас Отан» жастар қанаты мен әр өңірдегі Жастар ісі жөніндегі басқарма және Білім беру басқармалары жүзеге асыруда.

Тіл үйрету курстары бүгінде Батыс Қазақстан облысында жүзеге асыруға дайын. Жоба авторларының айтуынша, ұстаздар шәкірттерге тек тіл негіздерін үйретіп қана қоймай, ағылшын тілінде белгілі бір саланы немесе мамандықты үйреніп шығуға көмектеседі. Оның үстіне, сабақтар меткеп не ЖОО-дағы секілді емес, еркін форматта және қызықты әдістерді қолдану арқылы өтеді.

«English for jastar» жобасының Батыс Қазақстан облысы бойынша кординаторы Ерлік Шамғалиевтің айтуынша, БҚО-да жоба алдымен Ақжайық, Теректі, Сырым, Бөрлі, Зеленов және Тасқала аудандарында пилотты түрде жүзеге асады. Әр ауданға жергілікті М.Өтемісов атындағы БҚМУ ұстаздары Мамедова Алина Рахмановна, Махамбет Дина Жамбылқызы, Ниязбаева Гүлбағым Беймбетқызы мен Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің ұстаздары Жумирова Асель Жаслановна, Мусаева Ару Уалиқызы, Мубинов Жангир Жасжигерович, Абдрахманова Жайна Нұрлыбекқызы, Сайлау Умітқаным Меңдібекқызы, Мендигалиева Гауһар Дарынқызы, Амангелді Эльвира Темірболатқызы жергілікті мектептер мен коворкинг орталықтарында сабақтан тыс уақытта 8, 9, 10, 11 сынып оқушыларына арнайы speaking club, деңгейлік «Elementary» және «Pre-Intermediate» бағдарламалары бойынша «Oxford» университетінен шығарылған кітаптармен сабақтарды жүргізетін болады.

«Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Г.Құлжанова Тасқала ауданына арнайы келіп, аталмыш жобаға қатысушы Жәңгір Мүбиновты жауапты тұлғалармен таныстырды.

Аудан әкімі, аудандық филиал төрағасы Алдияр Халелов қонақтарды қабылдап, партиялық жоба аясында жүздің үстінде бала ағылшын курсынан өткізу жоспарда бар екенін айтты.

Өз кезегінде Гүлназ Мағжанқызы, партиялық жобаның маңыздылығына тоқталып, жоба тіл үйренгісі келетін жастарға зор мүмкіндік жасайтындығын жеткізді.

«Партиялық жобаны іске асыру үшін арнайы еріктілер тобын жасақтап отырмыз. Барлығыда Орал қаласындағы жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері. Соның ішінде екі шетел азаматы бар. Олар да ертікті ретінде біздің елге келіп, жастарға ағылшын тілін үйретуге келісім берген азаматтар. Шетелден келетін екі еріктінің бірін Тасқала және Сырым ауданына жолдап отырмыз», - деді ол.

Абдрахманова Жайна Нұрлыбекқызы, Ж.Досмұхамедов педагогикалық колледжі шет тілі мамандығынығ 4 курс студенті:

- Біріншіден, мен «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатына және «Болашақ» Қауымдастығына осы жаңа жобаға қатысуға мүмкіндік бергені үшін үлкен алғысымды білдіргім келеді. Бұл жобаның басты мақсаты - балаларға ағылшын тілін үйренуге ынталандыру. Ағылшынша ағылшын тілін қолдана білу. Жоба бойынша Бөрлі ауданы № 4 ЖОББМ оқыту бағдарламасы интерактивті форматта жүзе асырғалы отырмыз.

Сондықтан алғашқы күніміз басталды. Барлығы өте жақсы басталды. Мүмкін бұл жоба болашақта өзін-өзі жүзеге асырудың жақсы бастауы болады деп ойлаймыз. Менің ойымша, бұл маған жаңа білім сапасы мен дағдыларды дамытуға, сондай-ақ қызықты тәжірибе алуға және өзімді жаңа қырларымды ашуға көмектеседі деп ойлаймын.

Айта кетейік, «English for jastar» жобасы тек Батыс Қазақстан облысында емес, еліміздің барлық өңірінде басталуда. Мәселен, Павлодар облысында жасотандықтар Баянауыл, Успенск, Тереңкөл, Павлодар, Шарбақты және Железинка аудандарына ерікті азаматтарды алып барып, жұмыстағы алғашқы қадамдарын жасады. Жақын күндері бұл аудандардың орталықтарында ағылшын тілі курстары ашылатын болады.

Ал, «Нұр Отан» партиясының Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңабай Бисембаевтың айтуынша, тың жоба өңірдің жеті бірдей ауданында жүзеге асырылады. Олар: Амангелді, Денисовский, Жітіқара, Сарыкөл, Таран, Жангелді және Федоров аудандары. Тіл курстарында дәріс оқитын 12 ерікті азамат бүгінде таңдап алынған. Олардың тоғызы студент болса, біреуі Жітіқарадағы политехникалық колледждің ағылшын тілі пәні мұғалімі. Қалған екеуі шетел азаматтары.

Солтүстік Қазақстан облысында да 10 ерікті жұмысқа кірісуге дайын отыр. Оларды іріктеу биыл жазда болған. Олардың барлығы берлік ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері.

Шығыс Қазақстан облысында 12 ерікті 6 ауданға аттанған. Атап айтқанда, СҚО жастары Бородулихин, Қатоң Қарағай, Зырян, Үржар, Аягөз және Зайсаң аудандарында тіл білімін дамыта алады. Мұндағы дәріскерлер Өскемендегі Қазақстан-Америка университеті мен Семейдегі Қазақ гуманитарлық-заң инновациялық университетінде жұмыс істейтін мамандар. Олардың бәріне тегін баспана мен азық-түлік беріледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары