$ 498.34  519.72  4.85

БҚО-да колледж студенттері Open Talk форматында кездесу өткізіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын талқылады

Батыс Қазақстан облысының жастары үнемі өз белсенділіктерімен көзге түсіп, ішкі мәдениетін, білімін, руханиятын дамытатын шараларды жүзеге асырып келеді. Облыста бастау алған бір ғана «English for jastar» жобасы осы сөзімізге дәлел. Аталған республикалық тіл үйрену курсы алғаш болып осы Батыс өңірінде жүзеге аса бастады. Бұл бір ғана мысал, облыста бұдан бөлек жүздеген ірі іс-шара жыл сайын өтіп жатады.

Сондай ауқымды шаралардың бірі Тасқала ауданында өтті. Мұнда Тасқала колледжінің студенттері «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалымен бірлесе отырып, аудандық мәдени-демалыс орталығында Open Talk форматында кездесу ұйымдастырды.

«Рухани жаңғыру» залында болып, туған өлкеге қатысты ақпараттармен танысты Аталмыш шараға аудандық мәслихат депутаты, аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Жанар Бисенғалиева, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айгүл Дүйсенова, өлкетанушы, Ы.Алтынсарин атындағы мектептің тарих пәнінің мұғалімі Тілекқабыл Ажғалиев, жас ақын, аудандық білім бөлімінің әдіскері Меңдібек Лұқбанов, «English for Jastar» партиялық жобасының еріктісі Жәңгір Мүбинов және колледж оқытушылары қатысты. Аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Думан Ғазез «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілетін басқосудың дәстүрлі модераторы болды.

Жиынға қатысқан жастар Тасқала ауданы туралы және ауданнан шыққан танымал тұлғалар жайында жазылған кітаптармен танысып, туған жер туралы мол мағлұмат алды. Кездесуді ашқан кітапханашы Бақтыгүл Шотанова әрбір кітаптың тарихына тоқталып, олардың авторлары туралы айтып берді.

Ал аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айгүл Дүйсенова «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мән-маңызын, колледж студентерінің аудандық жастар саясатына қосқан үлестерін баяндаса, өлкетанушы, Ы.Алтынсарин атындағы тарих пәнінің мұғалімі Тілекқабыл Ажғалиев ауданның шежіресін, әсіресе, Ешкітау маңынан табылған палеолит кезеңінің ескерткіші және Бастау мен Бірлік елді-мекен маңынан табылған қола дәуірінің ескерткіштері туралы баяндады.

Жас ақын, аудандық білім бөлімінің әдіскері Меңдібек Лұқбанов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Тасқала ауданында бір жарым жыл ішінде атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталса, Тасқала колледжінің студенті Бауыржан Меңдешов осындай ашық әңгіме форматында өткізілген кездесудің жиі болса екен деген тілегін жеткізді.

«Қарапайым колледждің студенті бола отырып, біз де ауданымыздың мәдени-көпшілік шараларына белсенділік танытып жүрміз. Қазір студент болғанымызбен, қолымызға диплом алғаннан кейін бір-бір маманның иесі бола отырып, еліміздің өркендеуіне өз үлесімізді қосамыз. Осындай өз ойларымызбен бөлісіп, көкейіміздегі сұрақтарды қоя алатын еркін форматтағы ашық әңгімелесулерге қуана қатысамыз», - дейді Бауыржан Меңдешов.

Студенттер спикерлерге өздерінің толғандырған сауалдарын ашық жолдап, тиісті жауаптарын алды.

Осы ретте айта кету керек, Батыс Қазақстан облысында жастар ісі мәселесі оң жолға қойылған. Жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс бойынша да облыс республикада ең төменгі көрсеткіштердің біріне ие.

Ақбота Мұсабекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары