$ 494.87  520.65  4.91

Карантиндік режим жалғасқан жағдайда студенттер диплом жұмысын қалай қорғайды?

Вице-министр Мирас Дәуленов емтихандарға қатысты студенттерді екі санатқа бөлу қажет екенін айтты

Еліміздегі ЖОО-ның бакалавр және магистратура дәрежесін бітіретін түлектер Білім және ғылым министрлігінен карантин жағдайына байланысты диплом жұмыстарын қорғауды шегеруді өтініп отыр.  Azattyq Ruhyредакциясына әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Филология» факультетінің 4-ші курс студенті хат жазып, кейбір топтастарының бітіру жұмысын жазуға техникалық мүмкіндіктері жоқ екенін айтты.

«Барлық ЖОО-ның студенттері диплом жұмысын қорғауды кейінге қалдыруды өтініп жатыр. Шынымен, бәріміз алаңдаулымыз. Бізге де дипломды мектептегі жас түлектерді жылдық қорытындысымен бағалағандай бағалап бере берсе деген ұсынысымыз бар. Жұмысымызды қорғауға мүлдем аз уақыт қалды, кітапханаларға барып, қажетті әдебиеттерді алудың өзі мүмкін болмай жатыр. Интернеттен материал алсақ, антиплагиаттан өтпей қаламыз. Кейбір топтастарымда компыютер, енді бірінің ауылында интернет мүлдем жоқ. Көпбалалы отбасындағылар үйде ештеңе өндіріп жаза алмай жатыр. Білім және ғылым министрлігі ҰБТ тапсырушы түлектерге ғана жеңілдік жасауда. Ал біздің жағдайды кім ойлайды? Ақылы оқитындардың университетке қарызы бар, оларды емтиханға қалай кіргізбекші?!»,- деп өкпесін жеткізді ол.

Кеше ведомствоның Facebook-тегі ресми парақшасындағы  тікелей эфирде ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов ЖОО ректорларымен бірге қашықтан білім беру жағдайында емтихандар мен дипломдық жұмыстарды қорғау қалай өтетінін түсіндірді.

Вице-министр Мирас Дәуленов емтихандарға қатысты студенттерді екі санатқа бөлу қажет екенін айтты, олар - 1, 2, 3-курс студенттері және биыл оқуын тәмамдайтын түлектер.

ДИПЛОМ ЖҰМЫСЫ ҚАШЫҚТАН ҚОРҒАЛАДЫ

Егер карантиндік шектеулер алынбаса, онда дипломдық жұмыстар қашықтан қорғалады. Айта кетерлігі, студенттер дипломдық жұмыстарын ақпан-наурыз айларында алдын ала қорғаған болатын, яғни,  негізгі жұмыс атқарылды.

Кешенді емтиханға келетін болсақ, мұнда әрбір ЖОО үш нұсқаның бірін қолданады:

Кешенді емтиханды қашықтан тапсыру форматында өткізу;

Жиынтық бағаны базалық пәндер бойынша бағаларының негізінде қою;

Кешенді емтиханды кешірек мерзімге ауыстыру (жазға немесе күзге).

Осылайша, ЖОО министрлік тарапынан рұқсат алмай-ақ, жиынтық бағаны базалық пәндер бойынша бағаларының негізінде қою арқылы кешенді емтихандарды өткізбеу туралы шешім қабылдай алады.

Естеріңізге сала кетсек, 2018 жылы Қазақстанның жоғары оқу орындары академиялық дербестік алды, соған байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстар заңнамаға толық сәйкес келеді.

«Бүгін біз емтихан тапсыру және дипломдық жұмыстарды қорғау алгоритмін талқыладық. МЖМБС-на сәйкес, ЖОО-ы емтихан өткізу түрлерін өз бетінше анықтайды. Дегенмен, қашықтан оқыту жағдайында министрлік тарапынан әдіснамалық қолдау көрсету қажеттілігі туындайды. Ол үшін біз барлық жоғары оқу орындарымен алдын ала талқыланған алгоритмді әзірледік», - деді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов.

Биыл 604 345 студент емтихан тапсырады, оның 142 435-і қорытынды аттестаттауға кірісетінін атап өтеміз.

2020 жылғы 16 наурыздан бастап азаматтық ЖОО қашықтан оқытуға көшті. Дәрістер мен семинарлар MS Teams, Meet by Google Hangouts, Zoom және басқа да сервистердің көмегімен онлайн режимінде өткізіліп жатыр, ал студенттердің тапсырмалары Canvas, Moodle, Univer және Platonus платформаларында орындалуда.

СТУДЕНТТЕР ЕМТИХАНДЫ КЕЙІН ТАПСЫРА АЛАДЫ

ҚР Білім және ғылым министрлігі ұсынған емтихандарды тапсыру әдістемелері  мен оның алгоритмі заңнама талаптарына, БҒМ-нің қашықтан оқытуды ұйымдастыру жөніндегі бұйрығына (2020 жылғы 1 сәуірдегі № 123), сондай-ақ ЮНЕСКО-ның ұсыныстарына негізделген.

Студенттердің бірінші санатына қатысты қиындық жоқ, олар сессияларын тапсырады. Оның 3 жолы ұсынылуда:

Емтиханды қашықтан тапсыру форматы;

Пән бойынша бағаны ағымдағы бағаларының негізінде қою;

«I» (Incomplete) бағасын қою арқылы емтихан тапсыру мерзімін шегеру. Бұл студенттерге емтиханды кейін тапсыруға мүмкіндік береді және оларды оқудан шығарудан қорғайды.

Нақты шешімді әрбір ЖОО академиялық дербестігі аясында өзі қабылдайды.

Бүгінгі күні студенттердің қашықтан оқыту форматында орындаған жұмыстарына 1,15 млн баға қойылғанын атап өткен жөн.

Айта кетейік, БҒМ ұйымдастырған эфирге UIB университетінің президенті Дархан Ахмед-Зәки, Нархоз ректоры Эндрю Вахтель, Yessenov University ректоры Берік Ахметов, ҚазҰУ оқу ісі жөніндегі проректоры Асқар Хикметов, Алматы қаласындағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының білім беру бағдарламасы бойынша ұлттық маманы Мейіргүл Алпысбаева, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев, «ADAL BILIM» жобалық кеңсесінің әкімшісі Сергей Пен және «Қазақстан студентерінің альянсы» республикалық студенттер қозғалысының президенті Ілияс Түстікбаев қатысты.

Дереккөз: Азаттық рухы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары