$ 494.87  520.65  4.91

Путин мен Порошенконың жеке кездесуі - шараның басты қорытындысы — Н.Назарбаев

Мемлекет басшысы Кеден одағы елдері көшбасшылары, Украина және Еуропалық одақ өкілдері кездесуінің қорытындылары жөнінде брифинг өткізді, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Ақорданың басапасөз қызметі мәлімдегендей, Қазақстан Президенті Украинадағы ахуалды реттеуге бағытталған кездесудің маңызды болғанын айтты.

— Қазақстан мен Беларусьтың осы мәселелер бойынша пікір алмасу және талқылау мақсатындағы кездесуді Минскіде өткізу бастамасын маңызды деп санаймын, — деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев кездесу барысында біздің еліміз Донбасс және Луганск халқына гуманитарлық көмек көрсету мәселесін қарастыруға бастамашылық еткенін атап өтті.

— Қазақстан оны қамтамасыз ету ісіне қатысуға дайын. Мен гуманитарлық жүкті жеткізу кезінде бітім жариялауды және оларды өткізу үшін арнайы дәліз қамтамасыз ету туралы ұсыныс тастадым. Бұл үдеріске Ресейден басқа елдер де қатысуы тиіс, — деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Украинаның Еуропалық Одақпен қауымдасуы туралы келісімінің Кеден одағы елдеріне тигізетін ықтимал салдарлары кездесудегі тақырыптардың бірі болғандығын мәлімдеді.

—Мәселе - осы қауымдасудың нәтижесінде Еуропа елдерінен Украинаға әкелінетін тауарларға кедергілер толығымен жойылатындығында. Бұл дегеніміз, сапалы әрі арзан еуропалық тауарлар Украинаға әкелінеді, ал бұл елдің тауарлары Ресейге, сондай-ақ біздің елге экспортталады. Бізге мұны ескеру керек. Қауымдасу туралы шартты имплементациялау біздің елдеріміздің сауда қатынастарына зиянын тигізбеу мәселесі Еуропалық комиссия басшылығымен бірге қарастырылды. Осы мәселелермен айналысатын, қажет болғанда Украинаның Еуропалық Одақпен уағдаластықтарына өзгерістер ұсынатын жұмыс тобын құруға шешім қабылданды, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті ең басты мақсаттардың бірі Ресей мен Украина президенттерінің кездесуін ұйымдастыру болғанын айтты.

— Қазақстан мен Украинаның арасын тарихи байланыстар жалғап жатыр. Біздің еліміздің сыртқы саудасында Украина үлкен үлеске ие. Біз әрдайым сенімді қарым-қатынаста болдық, сондықтан Украинада болып жатқан жағдайға қатты алаңдаймыз. Мен тараптардың уағдаластыққа қол жеткізіп, түйткілдерді шешуі үшін бар күш-жігерімді салдым. Бір мәмілеге келу керек, бұл өзара белгілі бір шегіністі білдіреді. Владимир Путин мен Петр Порошенконың жеке кездесуі — бүгінгі шараның басты қорытындысы, — деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев осындай кездесуді жалғастыру туралы уағдаластық пен мәселені біртіндеп шешудің маңыздылығына назар аударды.

— Бәлкім, келесі кездесу Қазақстанда өтетін болар, бұл турасында Еуропалық Одақ өтініш білдірді. Біз келісім бердік. Қалай болғанда да, кез келген келіссөз қақтығыстан жақсы. Бұл кездесуге біздің қатысуымыздың өзіндік маңызы болды, өйткені Қазақстан екі тараптың да сеніміне ие. Біз әділміз, бейбітшілікті, сондай-ақ ынтымақтастық пен өзара түсіністікті жолға қою мәселесіне көмектесе отырып, Ресей мен Украинаның уағдаластыққа қол жеткізгенін қалаймыз, — деді Қазақстан Президенті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары