Парламент Мәжілісі 4-сессиясының бірінші отырысында депутаттар шұғыл деп жарияланған екі заң жобасын жұмысқа қабылдады. Олар мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелерін көздейді, деп хабарлайды Skifnews.kz.
Соған сәйкес қолданыстағы 15 кодекс пен 125 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Парламент Мәжілісінің ертеңгі пленарлық отырысында аталған заң жобалары бірінші оқылымда қаралатын болады.
Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы парламенттік фракциясының мүшесі Нұртай Сабильянов мәлім етті.
Халықтың көші-қон мәселелері туралы заң жобасын басымдықты түрде қарастырылатынын айта келе, депутат Қазақстан халқының жалпы санының өсуіне қарамастан, жекелеген өңірлерде тұрғындардың саны азайғаны байқалатынын атап өтті. Мысалы, соңғы 10 жылда Солтүстік-Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстарының тұрғындарының саны азайған.
Мәжіліс депутатының айтуынша, жылдан жылға анықталған қаржылық заңбұзушылақтардың саны да азаймай отыр. Қаржылық бақылаудың тексерулері бойынша, заңбұзушылықтың жалпы сомасы 2013 жылы – 262,4 млрд. теңгені құраса, соның ішінде 127 млрд. теңге сомасындағы заң бұзушылық мемлекеттік сатып алулар кезінде орын алған.