$ 494.87  520.65  4.91

Қазақстандағы жаңа тағайындаулар

Осы аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Өкімімен Талғат Амангелдіұлы Ермегияев «Астана ЭКСПО - 2017» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның басқарма төрағасы қызметінен босатылып, оның бұл қызметін елорда әкімі қоса атқаратын болып бекіді. Бұдан өзге Батыс Қазақстан облысы әкімінің жаңа орынбасары тағайындалып, бірқатар өңірге қарасты аудандарда жаңа әкімдер өз қызметтеріне кірісті. ҚазАқпарат апта ішінде орын алған осы және өзге де тағайныдауларға шолу жасайды.

Сонымен Әділбек Жақсыбеков «Астана ЭКСПО - 2017» Ұлттық компаниясының басшысы қызметін Астана қаласының әкімі қызметімен қатар атқаратын болды. Ә.Жақсыбеков 1954 жылы Қостанай облысы, Қарабалық ауданының Бөрілі ауылында туған. 1977 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының (Мәскеу қаласы) экономика факультетін бітірген, 1987 жылы Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институтында «материалдық-техникалық жабдықтауды ұйымдастырушы» мамандығы бойынша қайта даярлаудан өтті. Экономика ғылымдарының кандидаты. Қазақ КСР Мемкино және Мемжабдықтау жүйесінде жұмыс істеді, бірқатар кәсіпорындарды басқарған. 1988-1995 жылдары «Цесна» көпсалалы корпорациясын басқарды. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына сайланды. 1996 жылы Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалады. 1997-2003 жылдары - Астана қаласының әкімі. 2003-2004 жылдары Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрі. 2004-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы. 2008 жылғы қаңтар - қазан аралығында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары - ҚР Президентінің кеңесшісі. 2008-2009 жылдары Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі болды. 2009-2014 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі. 2014 жылғы 3 сәуірде Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болып тағайындалды. 2014 жылы 22 қазанда Астана қаласының әкімі болып тағайындалды. 2008 жылы Астана қаласындағы «Дөңгелек алаң» архитектуралық кешені үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев», II және III дәрежелі «Барыс», III дәрежелі «князь Ярослав Мудрый» (Украина) ордендерімен және медальдармен наградталған. «Зажечь звезду-столицу», «Так начиналась Астана. Записки первого акима столицы» кітаптарының авторы.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісіміне сәйкес облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың өкімімен Нариман Төреғалиев Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Нариман Төреғалиев 1964 жылы Орал облысы Тайпақ ауданы Есенсай ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары, 1990 жылы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс ииститутын, 2004 жылы Қазақ қоғамдық университетін тәмамдаған. Мамандығы - инженер-экономист, заңгер. Еңбек жолын бұрынғы Ақжайық ауданының «Есенсай» кеңшарында 1981 жылы жұмысшы болып бастаған. 1982-1984 жылдары Венгр Халық Республикасында кеңес әскері қатарында болды. 1985-1990 жылдары Жамбыл гидромелиорация құрылыс институтында оқыған. 1990-1991 жылдары - Теректi ауданы 18 партсъезд атындағы арнаулы шаруашылық бірлестігінің еңбек және еңбекақы жөніндегі экономисі. 1991-1995 жылдары - Теректi ауданы 18 партсъезд атындағы мамандандырылған шаруашылық бірлестігінің бас экономисі. 1995-1997 жылдары - Теректi ауданы Ұзынкөл ауылындағы шаруа қожалығы штатының мүшесі. 1997-1999 жылдары - Теректi ауданы Ұзынкөл ауылы «Әйтиев» өндiрiстiк кооперативінің бас бухгалтері, жабдықтаушы мiндеттерiн атқаратын бас экономист. 1999-2001 жылдары - Теректi ауданы Ұзынкөл ауылы «Ақжол» шаруа қожалығының басшысы. 2001-2002 жылдары - Теректі ауданының еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы. 2002-2003 жылдары - жалпы үлгідегі Орал интернат үйінің директоры. 2003-2005 жылдары - Батыс Қазақстан облысының еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары. 2008 жылдары - Батыс Қазақстан облысының еңбек, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру департаменті директорының орынбасары. 2008-2010 жылдары - ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі БҚО бойынша департаментінің директоры. 2010-2012 жылдары - Батыс Қазақстан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы. 2012 жылдан бастап Ақжайық ауданының әкімі қызметін атқарды. Еске сала кетейік, кеше бұған дейін БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған Әділ Жоламанов Ақжайық ауданы әкімі болып тағайындалған еді.

Осы облысқа қарасты Ақжайық ауданының әкімі болып Әділ Тауфиқұлы Жоламанов тағайындалды. Әділ Жоламанов - Сырым ауданының түлегі, 1968 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. Еңбек жолын Сырым ауданында бастап, аудан әкімінің орынбасарлығына дейін көтерілді. 2014 жылғы мамырдан бері БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары болды.

Ал, Қарағанды облысына қарасты Шахтинск қаласы мен Осакаров ауданына жаңа әкімдер тағайындалды. Атап айтқанда, Осакаров ауданының бұрынғы әкімі Сержан Аймақов лауазымынан босатылып, Шахтинск қаласының әкімі болып тағайындалды. ал бұдан бұрын Осакаров ауданы әкімінің орынбасары болған Нұржан Әбілдин аудан әкімі болды.

С.Аймақов 1961 жылы туылған. Екі жоғары білімі бар, біліктілігі бойынша инженер-механик, экономика бакалавры. 20 жылдан астам мемлекеттік қызметте. Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары, сосын әкім болған. Қарағанды облысы құрылыс басқармасы бастығының орынбасары болып қызмет етті. 2011 жылғы қазаннан бастап қазіргі кезге дейін Осакаров ауданының әкімі болды.

Н.Әбілдин 1962 жылы туылған. Білімі жоғары, Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген. Біліктілігі бойынша экономист. Коммерциялық құрылымдарда басшылық лауазымдарда тәжірибесі бар. 1998 жылдан бастап мемлекеттік қызметте. Ақмола облысы Астрахан ауданы әкімінің бірінші орынбасары, сосын әкім орынбасары болып қызмет етті. 2006 жылғы наурыздан бастап қазіргі уақытқа дейін Осакаров ауданының әкімі болды. Бұл лауазымда құрылыс, сәулет, ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, төтенше жағдайлар мәселелеріне жетекшілік етті.

Солтүстік Қазақстан облысында да кадрлық ауыс-түйістер орын алды. Бұл өзгерістер туралы аппарат кеңесінде СҚО әкімі Ерік Сұлтанов мәлім етті. Нақты айтқанда, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің бұйрығымен осы ведомоствоның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы болып Александр Иванищев тағайындалды. Ол бұл лауазымға дейін Солтүстіқ Қазақстан облысы индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары болған.

Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің өкімімен СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы болып Қайрат Пішенбаев тағайындалды.Қ.Пішенбаев бұған дейін Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі қызметін атқарған.

Қарлығаш Аралбекова Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының жаңа директоры болды. Қ.Аралбекова бұдан бұрын Таразда «Банк Центр Кредит» АҚ филиалының басшысы қызметін атқарған.

«БЖЗҚ» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен «БЖЗҚ» АҚ Басқармасының жаңа құрамы сайланды. «БЖЗҚ» АҚ басқармасының төрағасы болып Ерденаев Руслан Серікұлы тағайындалды. Р.С.Ерденаев жинақтаушы зейнетақы жүйесінде 2009 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2009 жылдың шілде айы мен 2013 жылдың тамыз айы аралығында «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ басқармасының мүшесі - басқарушы директоры лауазымында жұмыс істеді. 2013 жылдың қыркүйек айынан бастап «БЖЗҚ» АҚ басқармасы төрайымының орынбасары болды.

Сонымен қатар «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқармасының құрамына басқарма мүшесі, басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дүйсенова Сәуле Сағынтайқызы, басқарма мүшесі, басқарма төрағасының орынбасары Махмеджанов Ғалым Набибуллаұлы кірді.

Қазақстанның Шаңғы жарысы ұлттық федерациясының жаңа басшысы қызметіне Владимир Смирнов тағайындалды. Ол Тәуелсіз Қазақстанның бірінші Олимпиада чемпионы (Лиллехамер қаласы, Норвегия, 1994 жыл), әлемнің төрт дүркін чемпионы, қысқы Олимпиада ойындарының төрт дүркін күміс және екі дүркін қола жүлдегері, КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары