Бүгін Ақордада Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалымен экономикалық саясаттың жүйелі шаралары жөніндегі кеңес өтті.
Шара барысында әлемдік нарықтағы ахуалдың қиындауы жағдайында қазақстандық экономиканың өсімін қамтамасыз ету бағыттары талқыға түсті.
Мемлекет басшысы ұзақмерзімді болашақта қазақстандық экономикаға ықпал етуі мүмкін бірқатар теріс факторларды атап көрсетті.
«Біріншіден, сарапшылардың пікірінше, мұнай мен металдың төмен бағасы 5 жыл бойы сақталуы мүмкін. Екіншіден, дамушы елдердің инвестициялар мен капиталға қолжетімділігінің айтарлықтай шектелуі орын алады. Үшіншіден, біздің негізгі серіктестеріміздің, ең алдымен Ресей мен Қытай тарапынан әлсіз сұраныс салдарынан қазақстандық өнімді өткізу нарығы тарылады», – деді елбасы.
Президент орын алып отырған жағдайда мемлекеттен теңгерімді бюджетті және монетарлық саясатты қамтамасыз ету, сонымен бірге экономикалық өсімді қолдау мақсатында жаһандық сын-қатерлерге қарсы тұру бойынша тиімді алдын алу шараларын жүргізуді талап ететіндігін баса айтты.
Жиын барысында елбасы жаңа экономикалық ақиқаттарды ескере отырып, барреліне 30-40 доллар деңгейіндегі мұнай бағасына бейімделу қажеттігін атап өтті.
«Өткен жылдары ішінде біз көп құрылыс салдық, штат санын және жалақы деңгейін көтердік. Бірақ қазір қаржы жетіспеушілігі байқалады. Осыған орай жаңа жобаларға шығыстар кіріс базасының кеңейтілу мүмкіншілігімен қатаң шектелетін болады. Сондықтан 2018 жылға дейін түрлі бастамаларға мораторий енгізу қажет. Бұл бүгінгі күн шындығынан туындаған амалсыз шара», – деді президент.