$ 498.34  519.72  4.85

"Менің бұл жайтқа қатысым жоқ": қарағандылық депутат күзетшісін ұрғанын жоққа шығарды

"Қазір тексеріп жатыр ғой полиция. Дегенмен, дәрігерге қаралу керек болса, мен оны өз қаражатыма емдетіп беремін", - дейді депутат.

Бүгін «Жас Алаш» газетінің сайтына Қарағандыдағы қалалық мәслихат депутатынан зәбір көрген күзетшінің әкесі Төлеген Камзин мен екінші тарап – Бейбіт Досжановтың сөздері жарияланды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.

Ықшамдап жеткізсек, депутаттан таяқ жедім деген күзетшінің әкесі «маған, Бейбіт Досжановтың бір тиыны да керек жоқ, ұлым мен менен ел алдында кешірім сұрасын», – деп отыр. Ал жергілікті мәслихат депутаты өзінің күзетшіге қол ұшын да тигізбегенін мәлімдеді.

«Менің бұл жайтқа қатысым жоқ. Сауда үйі мен жеке жайымды күзететін фирманың қауіпсіздік қызметінің бастығын шақырып алдым да: «Күзетке қойған адамдарың неге ұйықтап жатады?» – деп айттым. Сосын көлігін үйдің ішіне қарай кіргізіп қойыпты. «Ол неге көлігін қояды? Алып кетіңдер!» – деген болатынмын. Мен ол жігітті ұрмадым. Оны күзет фирмасының қауіпсіздік қызметінің бастығы ұрған. Қазір тексеріп жатыр ғой полиция. Дегенмен, дәрігерге қаралу керек болса, мен оны өз қаражатыма емдетіп беремін. Бірақ, тағы қайталап айтамын, мен ол жігітті ұрған жоқпын. Ақша берді деп жатыр, оған да қатысым жоқ. Тек мен күзетшінің екі айлық жалақысын төлемеймін», – деді қалалық мәслихат депутаты Бейбіт Досжанов.

Оның айтуынша, күзет фирмасының бастығы Марат Бекжанов күзетші Бахтияр Камзинді ұрғанын мойындапты.

Енді екінші тарапқа келсек, Төлеген Камзин әуелгіде баласының жұмыс берушіден таяқ жегенін айтқысы келмегенін жеткізді. 26 жастағы жігіттің маңдайының ісіп кеткенін көрген ата-анасы алаңдап, оны сұрақтың астына алған. Сол күні Бақтиярды (Камзин) депутаттың тапсырмасымен үйін және фирмасын күзететін күзет қызметінің бастығы «Строй март» дүкеніне алып барып, «көлігіңді жөндетіп ал» деп 100 мың теңге беріпті. Мұны алған күзетші ата-анасына айтпай, көлік жөндеу сервисіне барып, автокөлігінің артқы терезесін салғызып алған.

«Біз бүгін де полиция бөліміне бардық. Қараймыз, тексереміз деп жатыр. Ал депутат әлі күнге бізбен хабарласып, бір ауыз сөз айтпады. Менің балам арақ ішіп, темекі тартпайтын момындау жігіт. 2014 жылдан 2017 жылға дейін «Строй март» дүкенінде күзетші болып еңбек етті. Тек 2017 жылдан бастап оны депутаттың коттеджін күзетуге жіберді. Үш жыл үйін күзетіп жүрді. Енді мінезі қиын болса, жұмыстан баяғыда шығарып жіберер еді», – дейді күзетшінің әкесі Төлеген Камзин.

Бір қызығы, кеше ғана күзетші өзін мәслихат депутаты ұрғанын айтқан еді. Ал бүгін депутат ол жауапкершілікті күзет фирмасы бастығының мойнына артып отыр. Оған қоса, күзет қызметінің бастығы жәбірленушіні «Строй март» дүкеніне алып барып, оған «көлігіңді жөндетіп ал» деп 100 мың теңге ұстата салады. Сонда бұл не, «күштінің арты диірмен тартадының» кері ме?

Тергеушілер болса, әзірге үнсіз. Мына жағдайдан кейін олар да қос тарап уәжінің дұрыс-бұрыстығын саралап, «былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледі» деп отырса керек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары