$ 487.37  532.94  5.09

«Абайға арналған кеште Абайды таба алмадық... Парадокс...» - «Нұр Отан» партиясының мүшесі

Мұндай әртүрлі жанр үлгілерін топтастырып, өзара қиюластырып, домбайлап қоюды концерт ұйымдастырушы мамандар тілінде «солянка» деп айтады. Ал мына қойылым сол «солянкаға» да тартпай қалды... Бір сөзбен айтқанда, «ботқа» болды!
фото: abai.kz
фото: abai.kz

«Нұр Отан» партиясының белді өкілі Ғалымжан Өтелбай facebook парақшасында кеше ғана ашылу салтанаты дүркіреп өткен Абай жылының бастамасына көңілі толмағанын жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Мерейтойлар... Мерейтойлар... немесе Абайды қорлаудың қазақша үлгісі...» деп көп нүктелермен күрсіне басталған жазба ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойын өткізудегі шала шаралардан көп үміт күтпей-ақ қойыңдар дегенді аңғартқандай. Толық нұсқасы мынау:

«Кеше ғана биылғы жылы елімізде кең көлемде аталып өтетін Абай жылының ресми ашылуы өтті. Мәшһүр «Астана опера» театрында. Залда отырған көрермен ретінде үзік-үзік, бірімен бірі байланыспайтын, бас-аяғы жоқ, жалпы композициялық құрылымнан жұрдай қойылымды көруге мәжбүр болдық. Мұндай әртүрлі жанр үлгілерін топтастырып, өзара қиюластырып, домбайлап қоюды концерт ұйымдастырушы мамандар тілінде «солянка» деп айтады. Ал мына қойылым сол «солянкаға» да тартпай қалды... Бір сөзбен айтқанда, «ботқа» болды!

Ең кереметі, Абайды көре алмадық... Абай жоқ... Абайға арналған кеште Абайды таба алмадық... Парадокс...

Біріншіден, Ұлы Ақынға, ой алыбына арналған кешті ашу құрметі мәдениет министріне бұйырды. Елдің көбі тым болмағанда, мемлекеттік хатшының баяндамасын күтіп еді...

Екіншіден, Абай шығармаларын ұзын-сонар етіп, әр тілде оқу көрерменнің ішін пыстырды. Әрі ондай сәт кеш барысында бірнеше рет қайталанды. Бұл Абай өлеңдері көп тілге аударылды деген сөз бе, әлде, әлемге танытамыз дегенді меңзеу ме? Ең бастысы, Абайды әлемге емес, алдымен өзіміз танып алайықшы. Кешегі кеш Абайды әлі танымағандығымыздың керемет үлгісі болды.

Үшіншіден, Абайға, Абайдың іліміне тікелей қатысы жоқ «Қарлығаш» әніне кезекті бір музыкалық нөмір арналды. Қисынсыз іске, Бұқар бабамыз айтпақшы, «Қарап тұрудан басқа амалымыз қалмады». Әлде, «Қарлығашты» шедеврлік қойылымды дайындаған шығармашылық топ «Айттым, сәлем Қаламқаспен» шатыстырып алды ма екен... Ол жағы бізге беймәлім...

Төртіншіден, Кештің кульминациясы – «Сегіз аяққа» қойылған театрландырылған қойылым болды. «Сегіз аяқ» атты Абайдың ішкі иірімі терең, сыртқы формасы да бөлекше, шоқтығы биік шығармасы ақын өмірінің соңғы кезеңдерінде, сырттағы қайғысының ішіне түсе бастаған тұсында дүниеге келген. Яғни, бұл ауыр мұң мен қалың ойға құрылған шығарма еді...

Осындай салмақты дүниені 30-40 шақты ауылдық көркемөнерпаздар деңгейіндегі шуылдаған әртістер сахналады. Әрбір қайырымның соңы қарқылдаған, шиқылдаған күлкіге ұласты. «Моласындай бақсының жалғыз қалдым, тап шыным» деген Абай күңіренісі бір топ мисыз әртістердің күлкісіне айналды...

Солайша қор қылдық... Қор болдық... Біз Абайды бұлай дәріптемесек керек еді... Ұлы Ақын айтады ғой, «Өзі ермей, ерік бермей, жұрт қор етті... Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме...», - дейді.

Бесіншіден, кештің финалында Абай болып киініп, сақал-мұрт жапсырып алған әртіс сөзінің соңында сахнада арлы-берлі жүгіріп, өз-өзімен арпалысып, «Алға, қазақ, ұмтыл...» деген сияқты бей-берекет ұрандарды айғайлаумен болды. Жалпы, кез келген сахна мәдениетін сыйлайтын елдерде, тіпті, монументалды үлкен көше қойылымдарында белгілі бір кейіпкердің образын сомдау деген өткен шақтың ісі болып есептеледі.

Орыстар Л. Толстойдың 175 жылдығында немесе А. Пушкиннің 200 жылдығында ешқандай әртісті Толстой, Пушкин етіп киіндіріп қойып, сахнада ұрандатқан жоқ. Бұл үрдіс біздің елде 1990 жылдары ауылдық жерлерде өтетін мерекелік шараларда қатты белең алып барып, басылған еді. Міне, сол «дәстүрді» Абайдың 175 жылдығында қайта жаңғырттық...

Айта берсең, сөз көп. Абай айтпақшы, «Бір қайғы жүз қайғыны қозғайды». Мақсатымыз – мін тауып, бәле іздеу емес, Абайдай ұлтымыздың ой түзер ұлысына арналатын келешектегі іс-шараларда ойымыз ескерілсе деген ақ ниет, адал көңілмен айтып отырмыз бұл сөзді. Біздің ниет – алау отқа ұшқын беретін тамызық міндетін ғана атқару. Бұл менің ұзақ жыл мәдени іс-шараларды ұйымдастырушы, өткізуші ретіндегі өз ойым. Осы реттегі өзіме хақылы ой-пікірімді ғана білдірдім! Мүмкін, мен Абайды басқаша қабылдап, басқаша түсінетін шығармын! Әркімнің өз Абайы бар ғой...».

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары