$ 514.65  544.6  5.17

«Неге жерді босатпайсыз?»: Қызылорда облысындағы 455 мың гектар жайылым - депутаттың інісіне тиесілі

«Жергілікті латифундист отбасы – Ералиевтер мыңдаған гектар жайылымдық жерді қоршап алды. Шөп бермейді, дивиденд төлемейді», - дейді Мұхтар Тайжан.
фото: inform.kz
фото: inform.kz

Белгілі саясаткер, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің белсенді мүшесі Мұхтар Тайжан Қызылорда облысының Сырдария ауданына қарасты Нағи Ілиясов ауылындағы 455 мың гектар жайылымдық жерді бір-ақ адам иеленіп отырғанын жеткізді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Сол ауылдың тұрғындары қоғам белсендісін жайылымға жер жетпеген соң, Жер туралы заң мен космомониторингті түсіндіруі үшін шақырған екен.

«Жайылымдық жерлер бар ғой, бірақ, бір отбасы қоршап алған. Бүгінгі қазақ ауылының классикалық проблемасы. Қоршап алған кісі кім? Мәжіліс депутаты Абзал Ералиевтың інісі – Дархан. Бос тұрған жайылымдық жерлерді неге халыққа босатып бермеске?

Ал жергілікті ауыл әкімі – 1990 жылы туған Сағадат Нұрмағанбетұлы деген жас жігіт бізге жиын өткізу үшін, тіпті, Мәдениет үйін де бермей қойды. Одан бұрын бұл жігіттің әкесі де, ағасы да осы ауылдың әкімі болып істеген. Ким Ир Сен, Ким Чан Ир секілді бұл ауылда династия пайда болған...

Бізбен бірге жайылымдық жерлерді талқылаудың орнына, полицияны шақыртып қойды. Бірақ, мен сол ауылға тағы барамын, жергілікті халықпен жиынды тағы өткізуге тырысамыз. Журналистерді шақырамын. Біріксек қана жерімізді латифундисттерден босата аламыз!» - дейді Мұхтар Тайжан.

Сондай-ақ, ол facebook парақшасына осы бір мәселеге қатысты тағы екі жазба қалдырды.

«Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Нағи Ілиясов ауылының халқы қатты ашынған. Жергілікті латифундист отбасы – Ералиевтер мыңдаған гектар жайылымдық жерді қоршап алды. Шөп бермейді, дивиденд төлемейді.

Жоғары биліктің назарына! Жер мәселесі – жарылайын деп жатқан, газға толы тағы бір бөлме. Жер мәселесін жақын арада шешіп алмасаңыздар, бұл бөлме де жарылайын деп тұр!» - деді бірінші жазбасында.

Осы орайда, қоғам белсендісі ауыл халқымен кездескен және қоршалған жерге барған екі видеосын қоса жариялады.

«Жалпы, Қызылорда облысы бойынша 455 мың га бос жатқан жайылымдық жерлер біреулердің (латифундисттердің) қолында тұр. Бірақ, олар жерді ұтымды пайдаланбай отыр. «Собака на сене» деген осылар.

Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов мырза, Сіз неге латифундистермен жұмыс істемейсіз? Неге жерді босатпайсыз? Бұл жер үшін ата-бабаларымыз қан төккен жоқ па, әкім мырза? Неге жер санаулы отбасылардың қолында ғана болуы керек? Әлде, Абзал Ералиев сияқты Мәжіліс депутаттарына қарсы шыға алмайсыз ба?» - деді ол екінші жазбасында.

Тағы оқи отырыңыз: 2 млн қаралым: орысшасы онша емес жігіт желіде танымал әнші, актерлардан асып түсті (ВИДЕО)

Сондай-ақ, Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақовтың атына Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан жолданған хаттың көшірмесін жариялады. Онда мыңдаған гектар жер игерілмей, мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану туралы тапсырмасының орындалмағаны атап көрсетілген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары