$ 494.87  520.65  4.91

5 миллиард теңге: Назарбаевтар әулетіне тиесілі қорлар коронавируспен «белсене күресіп» жатыр

Бұл ретте Сара ханымның «Бөбек» қоры мен Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» және «Қоғамдық маңызды бастамаларды дамыту» қорлары да қарап қалмауы тиіс.
фото: elbasy.kz
фото: elbasy.kz

Елбасы үндеу жариялағаннан кейін Сенат спикері Дариға Назарбаева басқаратын «Дегдар» гуманитарлық қоры да коронавирусқа қарсы күреске 100 миллион теңге бөліп, бірқатар шараларды жүзеге асыруды қолға алды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Еске сала кетсек, бұл қор Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы балалар үйлері мен қарттар үйлеріне басты назар аударады. Аталған мекемелердегі 2 мыңға жуық адам ең қажетті жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіледі. Бұл мекемелердің қызметкерлері мен ондағы адамдар үшін медициналық маскалар, санитарлық тазартқыштар сатып алынады. Берілген барлық тауарлар сертификатталған.

Сонымен қатар, коронавируспен ауыратындарға шұғыл қажет болатын екі стационарлық жасанды тыныс алу аппараты сатып алынды. Әлемдегі ең ірі клиникаларда пайдаланылатын ондай аппараттар Қытайдағы науқастардың көпшілігінің сауығуында басты рөл атқарған.

Сонымен, еліміздегі коронавирус дертіне қарсы күреске Елбасы қорынан – 200 миллион, Болат Назарбаевтың «Салиқалы ұрпақ» қорынан – 150 миллион, Дариға Назарбаеваның «Дегдар» гуманитарлық қорынан – 100 миллион және Динара Құлыбаеваның өз атынан 4,5 миллиард теңге аударылып отыр.

Сонда Назарбаевтар әулетінен әзірге бас-аяғы 4 миллиард 950 миллион теңге шығып тұр. Тимур Құлыбаевтың жеке аударған 10 миллион долларын қоспағанда, әрине. «Әзірге» дейтін себебіміз, бұл ретте Сара ханымның «Бөбек» қоры мен Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» және «Қоғамдық маңызды бастамаларды дамыту» қорлары да қарап қалмауы тиіс.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары