$ 494.87  520.65  4.91

Жамбыл облысында жемқорлығы анықталған 9 басшы қызметін жалғастыра берген

Былтыр облыста сыбайлас жемқорлық қылмыстарынан келтірілген шығын көлемі 1,2 миллиард теңге болыпты.

Жамбыл облысында сыбайлас жемқорлық әрекеттері бойынша жауапқа тартылған мемлекеттік органдар мен кәсіпорындардың 9 лауазымды өкілі басшылық қызметтерін жалғастырып келген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Аталған азаматтар тек сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің араласуынан кейін ғана өз өкілеттігін доғаруға мәжбүр болған. Бұл туралы еңбек және сыбайлас жемқорлық заңнамасының орындалуы бойынша мониторинг барысында анықталған. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның отырысында 2019 жылы және биылғы жылдың алғашқы үш айында атқарылған жұмыстардың қорытындысы сараланды.

«2019 жылы Жамбыл облысы бойынша сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін 33 лауазымды тұлға сотталса, олардың басым бөлігі білім саласына қатысты. Басқа салалардан да сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзушылар бар. Ең көп қылмыс Тараз қаласында, Шу, Байзақ, Жуалы және Меркі аудандарында болған», - деп атап өтті облыс әкімі жиынның алғы сөзінде.

Күн тәртібіндегі өзекті тақырып бойынша толық ақпаратты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев баяндады.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша, департамент сотқа сыбайлас жемқорлық сипатындағы 70 іс жолдаса, 90 лауазымды тұлға қылмыстық жауапқа тартылған. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарынан келтірілген шығын көлемі 1,2 миллиард теңгені құрап, 930 миллион теңге мемлекетке қайтарылды.

Шағын және орта бизнес қызметіне араласумен, сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға бөлінген қаражатты жымқыруға қатысты қылмыстардың саны артқан», - деп атап өтті Әшірбаев.

Анықталғандай, мемлекеттік құрылымдар арасында жергілікті атқарушы органдар сыбайлас жемқорлыққа аса бейім. Әсіресе, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығы, құрылыс, энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық салаларында заңбұзушылыққа жиі жол берілуде. Сонымен қатар, жиында өткен жылы құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарсы 29 қылмыстық іс қозғалғандығы да айтылды.

Биылғы үш айда сотқа жолданған сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстық істердің саны 27-ге жетсе, осы бөлік бойынша 28 адам қылмыстық жауапқа тартылған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары