Бүгін белгілі заңгер Айгүл Орынбек facebook парақшасы арқылы Мақтарал ауданында құрылыс жұмыстарын ең алғашқы болып бастаған компаниялардың үндеуін жеткізген еді. Енді оларға облыс әкімінің орынбасары келіп, қысым жасап жатқан көрінеді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Айта кетсек, заңгерден өз қаражатымен құрылыс бастап кеткен компаниялар көмек сұраған. Оған жергілікті биліктің 10 пайыздан 18 пайызға дейін «откат» сұрап отырғаны себеп. Ал олар басында әкімдіктегілермен 1-2 пайызға келіскен екен.
Енді міне, әкімдік қызметкерлері егер шу шығарса, құрылыс компаниясы жұмысшыларының өздерін қамаймыз деп қорқытып отыр-мыс.
«Бас Прокуратура назарына! Облыс әкімінің орынбасары келіп, құрылысшыларға қысым жасап жатыр екен!
Өзімен бірге телевидение алып келіпті, «басқаша сөйлеп беріңдер» депті. «Әкімдіктің қатысы жоқ деп айтыңдар» депті...
Былықтарын ашқан адамдарға қысым жасайтынын сіздер білесіздер! Құрылысшыларды қолдаңыздар, прокуратура!» - деп отыр Айгүл Орынбек.
Ал оның «Басында шақырғанда келісімшарт анау-мынауға қарамай салдыра береді. Арыста да осы жағдай болған! Енді қайталанып отыр», - деген сөзіне әкімдік өкілі Айдар Сейдазым қарсы уәжін айтты.
«Ештеңе қайталанып отырған жоқ. Бұлар бас мердігер мекемемен келісе алмай отыр. Неге соны бұрмалап отырсыз? «Жаптым жала, жақтым күйе» тірлігіңізді қоймайсыз ба? Ақыры көрсеткеннен соң ақ-қарасын дәл анықтап, кімнің шын кінәлі екеніне көз жеткізіп алмадыңыз ба?» - деді ол.
Оған қоса, заңгерге шағымданған жұмысшылардың әкімдік видеосында басқаша сөйлеп тұрғанын көрсетті. Соған қарағанда, бұл төңіректегі дау-дамайдың нүктесі әзір қойылмайтынға ұқсайды.