Абай – қазақтың ғана емес, адамзаттың ақыны. Ұлы ойшылдың шығармашылық мұрасы, теңдессіз дана ойлары мен туындылары бүкіл әлемдік қазынаға қосылған алтын қор екені талассыз. Осы орайда Әбділда Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Абай мұрасының ұлттық әдебиет пен мәдениеттегі маңыздылығы» тақырыбында республикалық онлайн конференция өтті.
Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы әрі Абай күні аясында ұйымдастырылған конференцияда елімізге белгілі ғалымдар бас қосты. Атап айтқанда, М.Әуезов атындағы «Әдебиет және өнер» институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Гүлжахан Орда, Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы Марат Бекбосынов, Шәкәрім университетінің кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы Айман Ақтанова, «Өрлеу» ұлттық орталығының кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Баймырза Қожамберліұлы, Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Айман Айтбаева, профессор, экономика ғылымдарының кандидаты Қазыбай Құдайберген, филология ғылымдарының кандидаты, түркітанушы Серікбай Қосанов сынды ғалымдар Абай мұрасы жөнінде әңгіме өрбітті.
«Абайға арналған республикалық дәрежедегі ғылыми конференция ақын мұрасын жас ұрпаққа үлгі етуді көздейді. Абай шығармашылығы арқылы біз адамтануға, адами капитал идеясына түбегейлі бет бұрып жатырмыз», – деді онлайн шараға моераторлық жасаған тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас.