Ардагер журналист, дәрігер әрі қоғам белсендісі Нұрлыбай Қошаманұлы кейінгі кездері жиі айтыла бастаған отандық БАҚ төңірегіндегі былықтар мен қадірі кеткен журналистика саласындағы келеңсіз жайттарға қатысты мәселе көтеріп жазба жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қоғам белсендісінің айтынша, қазіргі қазақ журналистикасы мен бұқаралық ақпарат құралдары тек жүйенің саясатын насихаттайтын құралға айналған.
«30 жыл бойы мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары тек жүйенің саясатын насихаттайтын құралға айналды. Басқа көзқарастарды (оппозицияны) білдіретін ақпарат құралдарының қуғына түсіп жабылып, жоқ болғаны қанша. Бүгінде мемлекеттің қылмысты саясатын мадақтап, «Гүлденген Қазақстан» жасап отырған да мемлекеттік БАҚ және соның робот журналистері ғана. Ондайларға айтарым, өмірде бір сәтке қазіргі ауыр жағдайға түскен халыққа назар аударайық. Құлдық өмірдің көзімізді ашатын уақыты болды. Тарихта тек құлдар ғана халыққа емес, ас-су берген қожайынына қызмет жасауға міндеттелген...
Қоғамдық ой – пікір шынайы болғанда ғана билік аяғын тартады, көпшіліктің пікірімен санасуға мәжбүр болады. Жалғандық жардан жығады, халықты адастырады. Қашанда МемБАҚ қоғамға шындық әкелетін төртінші билік екендеріңізді ұмытпаңыздар. Сіздердің қолыңызда заңмен бекітілген ТӨРТІНШІ БИЛІК бар. Жарғыда бір адамға, не бір отбасына емес қоғамға, халыққа, демократияға шынайы қызмет ет деп анық жазылған. Ендеше қызметімізге адал болайық. Отыз жыл қоғамды алдағанымыз да жетер...», деп жазған өзінің facebook парақшасында.
Айтуынша, шындықты айту оңай емес. Бірақ абыройлы іс. Өзі де шындықты айтамын деп талай мәрте қуғын көрген.
«Құрметті әріптестер мен де Журналистер Одағының мүшесімін. Осы жүйенің қылмысын әшкерелеймін деп 2 рет сотталдым. Жұмыстан да шығарылған кезім болды... Қылмысты жүйеге жегіліп, жемқор жүйенің бұғауында қашанғы бас шұлғи жүре береміз. Ендеше, жетістіктерімізбен қатар өміріміздің жан ауыртар кесапатты тұстарын да шырылдап айта білу ЖАЗУШЫНЫҢ да, ЖОРНАЛШЫНЫҢ да басты қаруы болы керек. Жағымпаз, жартылай шын, күңгірт әдебиеттің пайдасынан зияны көп.
Оқи отырыңыз: «Қарапайым халық шектен тыс қорғансыз күйге түсті» - қоғам белсендісі
Биліктің 30 жыл бойы: «бүгінгі өмірді сынай бермей жақсымызды да көре білейік, мына қалыпта жазайық» деп келген біржақты бүркемелеген рецебінің бізге қажеті жоқ. Қоғамдық ойды ақиқаттан ауытқуға мәжбүр етумен келісуге болмайды. Қазіргі ауыр жағдайымыз, жемқорлық жайлаған өміріміз Қазақстан өмірінің бүгінгі реализмі. Ауруын жасырған өледі - ендеше бүгінгі заман шындығын, Назарбаев реформасының реализмін шынайы беруде ұсталық көрсете білу бәрімізге - шарт.
Айтарым, бұдан бұрын орын алған және қазіргі кездегі елді жайлаған келеңсіздіктерді батыл әшкерелейтін уақыт келді.. «Адассақ та «бірмен» емес, «көппен – халықпен» бірге адасайық, жауапкершілігі жеңіл болады...», - деп жазған ол.