Мұхамеджан Тазабековтің еліміздің басты арнасына арнайы уақыт алып «Тәлім-тренд» бағдарлама ашып, уағыз жүргізуіне қарсылық білдіріп жатқандар саны азаяр емес. Тіптен «қауіптің алдын алмаса болмайды» деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ұсыныс-хат жазып жатқандар бар, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Солардың бірі - Тәуелсіз кәсіподақ ұйымының төрағасы, «ЕЛ мен Жер» қозғалысының бастамашыл тобының мүшесі әрі қоғам белсендісі Талғат Қатауов. Ол facebook парақшасында елдің басты ақпарат арнасына сәләфиттердің уағыз айтуы ұлтымыз үшін өте үлкен қауіп екенін әрі бұл мәселені құзырлы органдар дер кезінде бақылауға алып, бір шара қолданбаса еліміз Ауғанстан мен Сирия секілді басынан тыныштығы тайған қараңғы мемдекетке айналып кетуіміз мүмкін екенін айтқан.
«ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа АШЫҚ ХАТ» делінген жазбасында қауіптің алдын тез арада алмаса болмайтынын айтқан:
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Діні бар да, ұлты жоқ, сақалы бар да, мұрты жоқ. Теке сақал, қырма мұрт, елдің түбіне сол жетер!» деп 160 жыл бұрын әулие Мәшһүр Жүсіп қазіргі діни ахуалды дәл айтып, ұрпақтары-бізді теке сақалдылардан сақтандырып кеткен.
Шынында, елімізде Асыл Ислам діннің атын жамылып, теке сақал қойған, бетін қарамен тұмшалаған діні бар да, ұлты жоқ, сақалы бар да, мұрты жоқ араб идеологиясын насихаттайтын түрлі ағымға байланған адасушылар күн санап көбейіп келеді. Осылардың бірегейі, діні барда, еш ұлттық намысы жоқ, қазақ қоғамында жат ағымның миссионері делінетін, теке сақал Мұхамеджан Тазабектің Қазақстан ұлттық телеарнасының "Тәлім-Тренд" бағдарламасын жүргізуі - ұлт қауіпсіздігі мен ұрпақ болашағын ойлайтын жұртты қатты шошытты.
«Асыл Арна» діни-танымдық телеканалының директоры, ұлттық құндылықтар мен қазақтың тәлім-тәрбиесінен гөрі араб идеологиясына жақын М.Тазабекке басты арнадан арнайы бағдарлама ашып беруі көп нәрсені аңғартады.
Теке сақалдылар қазақтың психологиясын өте жақсы зерттеп, біліп алған.
М.Тазабек бағдарлама басында ұлттық құндылықтар мен отбасылық тәрбиені айтып жұрттың және арна басшылығының сеніміне кіріп алады. Қатаң бақылау мен қадағалау болмағасын, жәймен өздерінің Араб идеологиясын және исламның басқа бағыттарын ұстану керектігін астарлап, кейін ашық насихаттайтынын еңбектеген балаға дейін өте жақсы біледі.
Тазабек ұлттық арнаға мысық табандап жайлап кіріп алғасын, онсызда діни ахуалы өте нашар Қазақстанды Ауғанстан мен Сирияға айналдырып, ұлт қауіпсіздігі мен ұрпақ болашағына, мемлекет тәуелсіздігіне қауіп-қатер төнеме деп қатты алаңдаймыз!»
«Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы Заңда:
«Қазақстан Республикасында
Ислам дінінің ханафи бағыты танылады» делінген.
Қажылыққа бірнеше рет барғанын мақтан етіп айта беретін және "Меккеде жолда тұрған адамды полициялар құйымшағынан қатты бір тебеді» деп, полицияларға халықты тебетін өтірік пәтуасын айтатын М.Тазабек заңда көрсетілген ханафи бағытын және қазақтың мың ғасыр бойы қалыптасқан әдет-ғұрпын, салт-дәстүрі мен өзіндік наным-сенімін мойындаған емес және мойындамайды да.
Араб идеологиясын насихаттайтын теке сақалдылар мен тұмшаланғандар көбейсе, ұлттық идеологиямыз және салт-дәстүріміз мен әдет-ғұрпымыз тасада қалып, араб идеологиясымен жүретін қантөгісі көп Ауғанстан мен Сирия мемлекеті секілді болып кетеміз!
Ықылым заманнан бері дін мен дәстүрдің арасына сына қағып көрмеген қазағымның ала тайдай бүлінгенін және діни ұстанымға байланысты бөлінгенін, діни ағымдары көп Араб елдеріндегідей қантөгіс болғанын қаламаймыз!
М.Тазабектің ұлттық арнада бағдарлама жүргізуіне қарсымыз!
Конституциямыз бойынша Қазақстан- зайырлы мемлекет. Мемлекет пен дін бөлек.
Сол себепті, ұлттық идеология мен әдет-ғұрпымызды мойындамайтын Мұхамеджан Тазабектің басты арнаға келіп, ұлттық сипатқа айналған салт-дәстүр мен дүниетанымызға түзету жасағысы келетін әрекетіне жол бере алмайтынымызды ашық, қатаң ескертеміз!
Қоғамдық пікір мен әлеуметтік ортада және желіде Мұхамеджан Тазабектің Қазақстан ұлттық телеарнасының "Тәлім-Тренд" бағдарламасын жүргізуіне халықтың наразылығы көбейді және әліде көбейе беретіне нық сенеміз. 5 мыңға жуық мүшесі бар Тәуелсіз кәсіподақ ұйымы да өз наразылықтарын ашық білдіреді.
Ұлты болмайтын теке сақалдылар елдің түбіне жетпестен бұрын халық атынан «Тәлім-Тренд" бағдарламасының жабылуын немесе діни ұстанымға еш қатысы жоқ Нұртілеу Иманғалиұлы, Бибігүл Жексенбай, Жайна Сламбек, Зейін Әліпбек секілді журналистердің жүргізгенін талап етеміз!
Талғат Қатауов-Тәуелсіз кәсіподақ ұйымы төрағасы. Орал қаласы.