Саясат 21.12.2020 сағат 12:20

«Көпұлтты елміз» деп көпіре бергенді қою керек» - Серікзат Дүйсенғазы

Думаның серкелері айтып отырған бұл мәлімдемелер біздің Үкіметті ойландыруы тиіс. Осыны пайдаланып солтүстікті қазақыландыру жұмысын үдетуіміз керек. Павлодар мен Петропавлдың атауын өзгерту қажет. Өскеменнің Семей сияқты тек қазақша атауын ресми бекіту керек.
«Көпұлтты елміз» деп көпіре бергенді қою керек» - Серікзат Дүйсенғазы
фото: qazaly.kz
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Айтыскер ақын әрі қоғам белсендісі Серікзат Дүйсенғазы жеке ел болып, Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылға жуықтаса да, әлі күнге дейін солтүстік облыстарды қазақыландыру жұмыстарының мардымсыз болып отырғанына алаңдаушылық білдірген. Сонымен қатар ол Павлодар мен Петропавлдың атауын өзгертіп, Өскеменнің Семей сияқты тек қазақша атауын ресми бекіту керек екенін айтқан, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Оның айтуынша, Ресей Думасы депутаттарының қазақ жеріне қарата айтылған мәлімдемелері Үкіметті ойландыруы тиіс. 

«Ресей Думасының депутаттары бірінен соң бірі біздің жерімізге қызылкөзденіп сөйлеуі жақсылықтың нышаны емес. Олар ол жерлердің қазақтың ежелгі атақонысы екенін білмейді емес, біледі. Бұл әдейі жасалып отырған саяси технология сияқты. Грузиядағы, Украинадағы жағдайлардан кейін бізге етек-жеңімізді жеделдетіп қымтай түсуіміз керек еді. Әлі күнге дейін орыс мектебінің мерейі үстем, аралас мектеп дегендердің саны көп болып отыр. Балабақшадан университетке дейін шүлдірлеп жүрген түріміз мынау. 

Әсіресе, солтүстік облыстарды қазақыландыруға қарқынды жұмыс жүріп жатқан жоқ. Жылына оңтүстік өңірлерден "Серпінмен" бірнеше мың адамды апарғанымызға мәзбіз. Далиып жатқан бес облысқа ол не болады? Қай жерде болсын алдымен жергілікті ұлтқа жағдай жасалуы керек. Өйткені, бұл даланың иесі де, киесі де - қазақ. Ресейдің жері жетпей жатқан жоқ. Өзінің ұшы-қиыры жоқ Сібірін игере алмай жатып басқаның жеріне таласады. Бұл - олардың қанына сіңген империялық пиғыл. Араны ашылған ашкөздік», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.

Сонымен қатар ол Павлодар мен Петропавлдың атауын тез арада өзгерту қажеттілігін атап өткен. 

«Біз енді қасық қанымыз қалғанша қазақ жерінің тоқымдай бөлігін де ешкімге бермейміз. Кім келсе - ол келсін! Думаның серкелері айтып отырған бұл мәлімдемелер біздің Үкіметті ойландыруы тиіс. Осыны пайдаланып солтүстікті қазақыландыру жұмысын үдетуіміз керек. Павлодар мен Петропавлдың атауын өзгерту қажет. Өскеменнің Семей сияқты тек қазақша атауын ресми бекіту керек. Кейбір аудандар мен ауылдардың орысша аты ауысатын уақыт келді. Жер біздікі болған соң бәріне тарихи атауы қайтарылуы тиіс. Жаңадан сайланғалы жатқан Парламентке қазақтың жеріне, тіліне, дәстүріне жаны ашитын азаматтарды сайлауымыз керек. Мен саясатты түсінбейтін адам емеспін. Бәрін түсінемін. Бірақ көпұлттымыз деп көпіре беруді енді қою керек. Бұл жердің келешек тағдырына тек қазақ қана мүдделі. Оны көзіміз көріп отыр. Әйтпесе, мына шабаланған пәлелерге өзгелер неге үндемейді? Ұлардай шулап жатқан өзіміз ғана ғой. «Өзіңді өзің сыйласаң, жат жанынан түңіледі» деген ата-бабамыз. Осылай жасамасақ ертең кеш қалуымыз мүмкін, ағайын! Ат төбеліндей қазағыма бір Алла жар болсын!», - деп атап өткен жазба авторы. 
 

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар