$ 444.32  473.33  4.76

Тоқаев билікке келгелі не өзгерді? (жалғасы)

Президент Тоқаев сенім үдесінен шыға білді.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келгелі екі жылдан астам уақыт болды. Небәрі екі жыл дегенмен де, осы уақыт аралығында Президент атқарған жұмыс аз емес. Кешегі лентамызда Skifnews.kz ақпарттық порталы Мемлекет басшысының өзі бас болып кіріскен маңызды қадамдарын саралап көрген еді. Бүгін сол зерттеудің екінші бөлімін жариялап отырмыз. 

Жер мәселесіне біржолата нүкте қойылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында көтерген мәселенің бірі - жер тақырыбы болатын. Биыл ақпан айында өткен Ұлттық сенім кеңесі отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдіктерге ауыл шаруашылық жерлерді сатуға және жалға беруге заң түрінде тыйым салуды тапсырды. Айта кету керек, 2016 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сату және ұзақ мерзімге жалға беруді қарастыратын даулы заң жобасы халық жаппай наразы болған соң билік бес жылға мораторий жариялаған болатын.

«...Халқымыз үшін жер мәселесі қашанда аса маңызды. Бұл – мемлекеттігіміздің берік негізі және қасиетті символы. Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды деп бірнеше рет айттым. Бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет. Сондықтан, мен мынадай нақты шешімдер қабылдадым. Біріншіден, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырамын. Бұл шетелдіктердің үлесі бар заңды тұлғаларға да қатысты», деген еді Президент. 

Ал, биыл мамыр айында ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге сату және жалға беру туралы көп жылға созылған қызу талқыға біржола және түбегейлі нүкте қойылды. Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл құжат «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының тиімділігін көрсетеді.

«Жусан» операциясы

Тоқаев билікке келгелі ел тарихында орын алған тағы бір елеулі қадам – «Жусан» операциясы болды. «Жусан» арқылы Сириядағы түрлі діни ағым жетегінде кетіп, тоз-тозы шыққан отандастарымыз елге оралды. Президент «Жусан» операциясының соңғы кезеңі аяқталғаны туралы мәлімдемесінде гуманитарлық акция табысты аяқталғанын атап өтті.

«Менің тапсырмам бойынша 28-31 мамырда «Жусан» арнайы гуманитарлық акциясының соңғы кезеңі табысты өтті. Сириядан отандастарымыздың кезекті тобы оралды. Қазақстанның мемлекеттік құрылымдарының жүйелі жұмыстарының және шетелдік серіктестермен тығыз ықпалдастықтың арқасында қақтығыс аймағынан 171 бала шығарылды. Қазақстанға оралған соң, олар оңалту шараларынан өтіп, барлық қажетті көмек алатын арнайы бейімдеу орталығына орналастырылды», – деді ол.


«Көк Тудың желбірегені»

Президент Тоқаевтың халықты бір серпілтіп тастаған кезекті шешімі -  Қазақстанның Мемлекеттік рәміздерін пайдалану туралы заңнаманы қайта қарау керегін мәлімдеуі болды. Ол бұл турасында өзінің Twitter желісіндегі парақшасында жазды.

«Парламенттің бірқатар депутаттары мен патриот азаматтардың еліміздің мемлекеттік рәміздерін, атап айтқанда, ҚР мемлекеттік туын кеңінен қолдану туралы ұсынысын қолдаймын. Қолданыстағы заңнамада туымызды пайдалануға қатысты шектеулер бар. Мысалы, пәтерлердің балконына немесе үйлердің қабырғасына ту ілуге тыйым салынған. Заңнамалық және нормативтік актілерді, ең алдымен, Мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау қажет», - деп жазды Тоқаев. 

Президенттің пәрменінен кейін іле Мемлекеттік Туды ғимараттардың қасбеттеріне ілуге рұқсат берілді. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидаларын бекіту туралы» Үкіметтің 2007 жылғы 2 қазандағы қаулысына Мемлекеттік Туды ғимараттардың қасбеттеріне ілуге рұқсат беретін түзетулерге қол қойды.

Сарсаңға салған коронавирус

Тоқаевтың азаматтық бейнесі Қазақстанды ғана емес, әлем елдерін тұтас әуре-сарсаңға салған коронавирус пандемиясы кезінде айрықша байқалды. 2020 жылы 16 наурызда Президенттің Жарлығымен 2020 жылдың 15 сәуіріне дейін коронавирустың таралуына байланысты бүкіл елде төтенше жағдай жарияланған болатын.

Төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған азаматтардың бәріне ең төменгі бір айлық көлемінде - 42 500 теңгеден берілді (бүгінге дейін 4,5 миллионнан астам адамға 42500 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілген). Коронавирус инфекциясымен күресіп жатқан медициналық персонал үшін үш ай бойы төленетін жалақыға үстемақы белгіленді. Ең жоғары қауіп тобына – 20 ең төменгі жалақы, жоғары тәуекел тобына - 10 ең төменгі жалақы, орташа тәуекел тобына – 5 ең төменгі жалақы берілетін болды. Медицина қызметкері коронавирус жұқтырған жағдайда оған Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін біржолғы әлеуметтік төлем мөлшері 2 миллион теңгені, қайтыс болған жағдайда 10 миллион теңгені құрайды. Бұдан бөлек, 1 миллионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестірілді. 2 миллионға жуық адамның несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді. 700 мыңнан астам компания мен кәсіпкерлердің салық жүктемесі азайтылды. Жалпы Қазақстан Президентінің тапсырмасымен құрылған Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия 500-ге жуық маңызды шешімді іске асырған. 

«Бұл дағдарыс мемлекеттік аппарат пен отандық бизнес үшін қозғаушы күш болғалы тұр. Мұның сабағы есте сақталуы керек. Яғни, жедел шаралардан басқа, жағдай тұрақтанғаннан кейінгі өмірге қатысты жүйелік тәсілдерді әзірлеп, қабылдау қажет. Біз іс жүзінде жаңа жаһандық әлемнің табалдырығында тұрмыз. Ол әлемде Қазақстан өзінің лайықты орнын табуы тиіс», деді Мемлекет басшысы.

Зейнетақы жинағы

Президент қабылдаған маңызды шешімдердің бірі - зейнетақыға қатысты еді. Бұл жөнінде ол өзінің алғашқы Жолдауында айтты.

«Менің тапсырмам аясында тұрғындардың зейнетақы жинақтарының бөлігін пайдалана алу мәселесі қарастырылды. Бұл - қазір өте өзекті. 2021 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бір бөлігін үй алу, емделу үшін пайдалана алады немесе қаржы ұйымдарының басқаруына бере алады. Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесе жыл соңына дейін тиісті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауды және дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын», деді Президент.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары