$ 444.22  476.38  4.82

Бүгін АҚШ президенті Джо Байден мен Ресей басшысы Владимир Путин кездеседі

Бұл кездесу өте тартысты әрі ауыр өтуі мүмкін.

Бүгін Женевада АҚШ президенті Джо Байден мен Ресей басшысы Владимир Путиннің кездесуі өтеді.  Ақ үй басшысы Байден мен РФ президенті Путиннің ұшағы Женеваға кеше кешкісі ұшып жеткен. Бір қызығы, Женева билігі Байденнің ұшағын бірден қабылдаған. Ал сол сәтте келіп жеткен ресей делегациясын біраз әуре-сарсаңға салғанға ұқсайды. Әуежай басшылығы "Байденнің ұшағын қабылдап жатырмыз" деген желеумен Путиннің ұшағын бір сағат бойы Женева аспанында сандалтып қойған, деп хабарлайды Skifnews.kz  ақпарат порталы.

Бұл Джо Байден мен Владимир Путиннің алғашқы кездесуі емес. Екеуі 2011 жылы Мәскеуде кездескен еді. Ол кезде Байден АҚШ вице-президенті, Путин Ресей премьер-министрі қызметінде еді. Әрі бұл кез ресми Мәскеу мен Вашингтонның арасындағы саяси байланыстардың жақсы уақыты еді. Ал қазір керісінше, екі тараптың арасы қатты ушығып тұр. Сол себептен де болар әлем жұртшылығы бұл кездесуге айрықша мән беріп отыр. 

Азаттықтың жазуынша, бұл кездесу өте тартысты әрі ауыр өтуі мүмкін. 

«Мәскеудегі кездесуден он жыл үш ай өткенде, 2021 жылғы 16 маусымда АҚШ президенті Джо Байден мен Ресей президенті Владимир Путин Женевада кездескелі отыр.

Бұл жолы Мәскеу мен Вашингтонның қарым-қатынасы "қырғи қабақ соғыстан" бері ең нашар жағдайға жеткені сонша, дәл қазір АҚШ-тың Ресейде, Ресейдің АҚШ-та елшісі де жоқ.

Дональд Трамп АҚШ президенті болған тұстағы Ресей саясатындағы диссонанс қазір байқалмайды, Трамп өз әкімшілігі Мәскеуге қарсы санкцияларды ұзартып немесе жаңасын салып жатқан кезде де Ресейге жасаған ескертуі жұмсақтау шығатын. Ал Байден билікке келген соң Ақ үй Мәскеумен бұрынғыдан қатаң саясат ұстанып жүр.

Джо Байден қаңтарда қызметіне кіріскенде, Вашингтон Мәскеуге АҚШ үкіметтік ұйымдарына Ресей агенттері жаппай кибершабуыл жасағаны үшін және ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйдың улануына байланысты жаңа санкциялар салды.

АҚШ Украинамен қарым-қатынасын нығайтқысы келеді. Донбаста Ресейдің қолдауына сүйенген күштер мен Украина әскері арасындағы соғыстың жалғасып жатқанына биыл сегіз жыл болды. Ресей Донбаста әскери күшін көрсетіп, білегін білеугеннен кейін АҚШ мамырда мемлекеттік хатшы Энтони Блинкенді Киевке жіберді. Джо Байден Украина президенті Владимир Зеленскийді жазда АҚШ-қа сапармен келіп кетуге шақырды. Зеленский Байденнен Путинмен кездесер алдында өзімен жүздесуін сұраған еді, бірақ АҚШ президенті ол өтінішті қабылдамады, деп жазады Азаттық радиосы.

Сонымен қатар аталмыш дерек көзі бұл кездесуге қатысты екі тараптың пікірін келтірген. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров бұл кездесуден Мәскеу үлкен прогресс күте қоймайтынын білдірген. Сол секілді АҚШ билігі де осындай пікір ұстанатынын айтқан.

«Ақ үйдегі лауазымды тұлғалар да Женевадағы кездесуге көп үміт артпайтынын айтты. «Қорытынды жасайтын, қарым-қатынасымыздағы барлық мәселені шешетін кездесу ұйымдастырамыз деп айта алмаймын, – деді 5 маусымда Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псаки, деп жазады аталмыш дерек көзі. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары