Саясат 25.06.2021 сағат 14:40

Александр Винокуров: Қызметімнен шеттетілгенінімді естіп, абдырап қалдым

2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада чемпионы Александр Винокуров Astana - Premier Tech велотобының спорттық жетекшісі лауазымынан босатылды.
Александр Винокуров: Қызметімнен шеттетілгенінімді естіп, абдырап қалдым
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

2012 жылы Лондонда өткен Олимпиада чемпионы Александр Винокуров Astana - Premier Tech велотобының спорттық жетекшісі лауазымынан босатылды. Бұл туралы спортшы өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

 

«Astana - Premier Tech» командасы Александр Винокуровтың бұдан былай спорттық топтың жетекшісі лауазымынан босталғанын хабарлайды. 

 

«Команданың директорлар кеңесінің қазіргі шешіміне қарамастан, Винокуров "Астана - Premier Tech-тің" маңызды мүшесі болып қала береді, бірақ белгілі уақыт аралығында басқарушылық қызмет атқармайды», - делінген ұйым хабарламасында. 

 

Алдағы уақытта командаға Джузеппе Мартинелли мен Стив Бауэр жетекшілік етпек. Олар топтың күнделікті спорттық іс-әрекеттерін үйлестіру бойынша Astana - Premier тобының басқарушы директоры Яна Зельмен бірігіп жұмыс істейді. 

 

"Біз Александр Винокуров команданың спорттық жетекшісі лауазымы тоқтатылғандықтан, оның "Тур де Франсқа" қатыспайтынын растаймыз. Алайда бұл Александрдың топтан шеттетілді дегенді білдірмейді. Ол басқа жұмыстармен айналысады", - деді Яна Зель.

 

Бұл туралы Олимпиада чемпионының өзі пікір білдірді. Ол бұл шешім жайлы естігенде сасып қалған көрінеді. 

 

"Мен жетекшілік қызметімнен шеттетілгенім рас, бұл туралы маған жылдың ең басты жарысы - "Тур де Франсқа" бірнеше күн қалғанда айтылды. Мұндай шешімді естіп, абдырап қалдым. Мен үшін велоспорт өмірімнің ең ажырамас бөлігі екенін бәрі біледі", - дейді қазақстандық спортшы. 

 

Франциялық L’Equipe басылымының мәліметінше, бұған Винокуровтың жеке мәселелері себеп болған. Десек те спортшының өзі мұны жоққа шығарады. 

 

"Осындай ақпараттың таралғаны рас, алайда ешқандай жеке проблемам жоқ. Менің лауазымымнан босату туралы ресми хабарламада себеп ретінде топтың осы жылғы спорттық нәтижелерінің төмендігі айтылады. Бірақ өз басым мұынмен келіспеймін. Қазіргі таңда команданың қоржынында 8 жеңіс, 33 подиум бар. Мұнымен қатар, маусым әлі аяқталған жоқ, сол себепті бірнәрсеті шорт кесіп айту дұрыс емес", - дейді Винокуров. 

 

Оның айтуынша, жыл соңында команда нәтижелерін жыл соңында бағалау қажет еді. 

 

"2013 жылдан бері топқа жетекшілік етіп келемін. Мен жұмыс істегелі бері бірқатар сәтті көрсеткіштерге қол жеткізілді. Мәселен, 2013-2019жылдар аралығында топ 170 рет жеңіске жетті, төрт рет көп күндік жарыста жеңімпаз атанып, бес рет Гранд-турдың жүлдегері болды. Мен басшы болған кезде "Астана" беделді командаға айналды. Алайда 2019 жылы басшылық ауысқалы бері топ ішінде өзгерістер орын алуда", - деп қосты ол. 

 

Ашық айтқан пікірім біреулерге жақпай қалды деген Александр Винокуров бұл шешімге қатты мұңайғанын жеткізді. 

 

"Сөз жүзінде мені жұмыстан шығармады, бірақ іс жүзінде олай емес. Енді не істеуім керек? Бәлкім, жаңа бағытта бағымды сынауым қажет шығар. Өзімнің спорттық мансабымда Отанымыздың даңқық асқақтатып, бірнеше рет жүлделі орындарға ие болып, қазақстандық спортты әлемге таныттым. Жаттықтырушы ретінде халықаралық сайыстарда республикамыздың намысын қорғаған ұрпақ тәрбиеледім. "Астана" велокомандасы Қазақстанның визиттік картасына айналды. Қазір топ әлемде өз орнын тапқанда, мені лауазымымнан айырғаны жаныма батады, әрине. Менің кәсіби пікірімді ашық айтуым біреулерге ұнамаған сыңайлы", - деді спортшы. 

 

Қазіргі таңда Винокуров назарын Токиодағы Олимпиада ойындарына бұрғанын қосты. 

 

"Қазір мен алдағы Олимпиада ойындары жайлы көбірек ойланамын. Алексей Луценко бұл жағдайға қарамастан, жақсы дайындалып, ел үмітін ақтайды деген сенімдемін. Мен ол үшін жанкүйер боламын. Алексей Токиода бағын сынап, Қазақстан велоспортының тарихын әлемге паш етеді деген ниеттемін!", - деді ол. 

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар