$ 494.87  520.65  4.91

Түркістан облысында аштық жариялаған белсенділердің халі нашарлап, жедел жәрдем шақырылды

Бұрыннан қан диабеті мен қан қысымы көтерілетін белсендінің жағдайы екі күннен бері нашарлай бастаған. Айтуынша, әлсіздіктен денесі дірілдеп, басы ауырып, жүріп-тұруы қиындаған.

27 маусым күні Түркістан облысы Төле би ауданы Ұзынарық ауылында аштық жариялаған шымкенттік және түркістандық бес белсендінің екеуінің денсаулығы нашарлады, деп жазады Азаттық. 

Шымкенттік белсенді Нұржан Әбілдаев Азаттыққа төрт күннен бері судан басқа дәм татпай отырғанын айтты. Бұрыннан қан диабеті мен қан қысымы көтерілетін белсендінің жағдайы екі күннен бері нашарлай бастаған. Айтуынша, әлсіздіктен денесі дірілдеп, басы ауырып, жүріп-тұруы қиындаған.

– Жедел жәрдем шақырдық. Тексерді. Қан қысымы көтеріліп кеткен деді. Ауруханаға жатудан бас тарттым. Аштықты жалғастырамын, – деді белсенді әлсіз үнмен.

Белсенділер жіберген видеода жедел жәрдем қызметі келіп, олардың қан қысымы мен қант мөлшерін тексеріп жатқаны көрінеді. Онда Нұржан Әбілдаевтың қан қысымы 140/90-ға көтерілгені айтылады.

Әбілдаевпен бірге аштық жариялап отырған Ерлан Файзуллаевтың да басы айналып, әлсіздік пайда болғаны хабарланды. Ал қалған белсенділер Жанмұрат Аштаев, Мұрат Байдәулетов пен Ермек Қонышбаевтың жағдайы бір қалыпты.

Белсенділер саяси тұрқындарға бостандық талап етіп, саяси көзқарасы үшін қудалауды тоқтатуды, Еуропарламент қарары талабының орындалуын, Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотының "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы мен "Көше" партиясын экстремистік ұйым деп таныған шешімін жоюды және Қазақстан билігінен сыртқы қарыздың есебін беруді талап етіп жатыр.

Осыған дейін сот экстремистік деп танылған екі ұйымның жұмысына араласты деген айыппен Нұржан Әбілдаев, Ерлан Файзуллаев, Жанмұрат Аштаев пен Мұрат Байдәулетовтің бас бостандығын 1 жылдан 2 жыл 6 айға дейін шектеген, 3 жылға дейін қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салған. Одан бөлек Әбілдаев, Файзуллаев, Аштаевты 100 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартқан.

Аштық жариялаған бесеу бұған дейін жерді шетелдіктерге сатуға бастамасына қарсы шығып, саяси тұрқындарға бостандық талап еткен наразылықтарға, "Қытай экспансиясына қарсы" митингілерге қатысқан. Сол үшін бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылып, қамалған.

Шымкенттік және түркістандық белсенділерден бөлек Алматы, Нұр-Сұлтан, Орал қалаларының белсенділері аштық жариялап жатыр. Қазақстан бойынша жаппай аштық жариялаған белсенділер саны жиырмаға жетті. Олардың бесеуі – зейнеткер.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары