Бір жағдаймен ауылға барып қайттық. Жол быт-шыт. Миллиардтап ақша жұмсалып, бес-алты жылдан бері салынып жатқан "Талдықорған-Өскемен" жолының кей жерімен жүре алмайсың. Жүрдің деген аты – 20-30-бен, батып, бір шұңқырдан бір шұңқырға қашып, көліктің астын соғып, зықың кетіп, зығырданың қайнайды. «Ходовкадан» түк қалмайды.
«Ойбой, осындай керемет «Нұрлы жол» салып жатырмыз!» деп кім мақтанбады дейсің? Назарбаев та айтты, Мәмин де барып көрді, қанша министр күшті-күшті слайдтармен есеп берді. Ерінбеген журналист «қашан бітеді?» деп сұрайды, жылда «Биыл бітеді» деп «Қазавтожол» да міз бақпай жауап береді. «Осы жолмен Алакөлге турист ағылады» деп Даниал Ахметов пен Амандық Баталов та талай қиялдаған шығар... «Қытайлар тауды тесіп те жол салады, қытайдың компаниясына берсе, «шоколад» жасайды» деп бір мықтылар шықты. Сөйтіп, Қытайдың компаниясына да берді. Не болды сонымен?
Қызылағаш, Сағабүйен сияқты жол бойындағы ауылдардың іші, көпірлер бітпеген. Жан жолдардың сапасы Алматы облысында сәл тәуір, Шығыс Қазақстан облысында өте нашар. Қабанбай мен Көлбайдың (Алматы облысы) арасындағы 30 шақырым жол мүлдем жөнделмеген: апандай шұңқырлар, су, лай, мұз, тас, трактор күреп тегістемеген, өлмесең өмірем қап деген сияқты. Қарақол мен 92-нің (ШҚО) арасындағы 18 км участок одан да сорақы. Айналма жолды жазда трактормен топырақтың бетін бір қырып жасай салғанға ұқсайды. Жолды биіктетпеген, табанына ештеңе төсемеген. Төсесе де жерге сіңіп кеткен. Қазір 15-20 тонналық жүк көліктері жан жолды әбден таптап, ойып, 18 шақырымның көп жеріне терең із сап, сорап жасап тастаған. Қар еріп, ол жердің бәрі көлкіген су. Жеңіл көліктің дөңгелегінен асады. Обал. «Қай жерінен өтсем, батып қалмаймын ба?» деп ойланып тартыншақтап тұрасың. Көбесі сөгілмеген қар әлі жатыр. Ол ерісе не болады?
Шет жақты ойып, көлдей суды арықпен шұңқырға тартып, жалғыз экскаватор жүр. Ол не бітіреді? Қай жыртықты жамайды? 92 мен Аякөздің арасы да осы. Сонда жаңа жол біткенше айналма жолға деп бөлінген ақша қайда кетті? Жалпы жоспар қайда, неге әу баста бәрі дұрыс ойластырылмаған? Жеңіл көліктер қайтіп өтеді мына батпақтан? Неге министр келіп көрмейді, неге әкім дабыл қақпайды? Неге «Қазавтожол» қолға алмайды? Үкіметтен ешкім жолдың бойына жоғары жылдамдықты интернет орнат деп жатқан жоқ. Тесланы зарядтайтын бекет сал деген де ешкім жоқ. Ең құрыса, 60-пен жүретін жан жол салып беріп, жылдың соңына дейін жаңа жолды толық бітірсеңдерші. Қашанғы қырық сылтау айтасыңдар? Күн сайын өтіп жатқан бес мың көлікке обал емес пе?
Талдықорған-Өскемен ғана емес, елдегі көп жолдың жағдайы осындай, тіпті бұдан да жаман шығар. Қ.Тоқаев пен Ә.Смайылов, назар аударыңыздар.
Журналист Болат Мүрсәлімнің facebook парақшасынан