Мәжіліс депутаты Фуат Сатыбаев сайлауда студенттер мен бюджет қызметкерлеріне қысым жасау тәжірибесін тоқтатуды талап етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
"Алдағы уақытта Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарға мерзімінен бұрын сайлау жарияланады деп күтілуде. Осыған байланысты, "Ақ жол" Қазақстан демократиялық партиясы сайлау процесінің тұрақты қатысушысы ретінде соңғы жылдары тараған "Ескі Қазақстанның" жағымсыз тәжірибесіне назар аударады. Осыған дейін жоғары оқу орындарының басшылығы студенттерді билік партиясына дауыс беруге міндеттеді, ал оны заңсыз бақылау үшін кураторларға "Нұр Отан" үшін белгісі бар сайлау бюллетеньдерінің фотосуреттерін жіберуді талап етті. Кейінірек қызметкерлердің дауыс беруін бақылау үшін осы әдістемені кейбір бюджеттік ұйымдардың басшылары қолдана бастады", – деді Сатыбаев Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында.
Сонымен қатар, ол "Ақ жол" партиясы мұндай тәжірибені биліктің азаматтық қоғамға жалпы қысымының көрінісі деп санайтынын және ҚР Конституциясы мен заңдарының барлық нормаларына қайшы келетінін атап өтті.
"Студенттерге мұндай қысым шараларын қолданудың залалы орасан, өйткені бұл құлдық психологияны тәрбиелеуге, жастарымыздың таңдау еркіндігі мен жеке қадір-қасиетіне қол сұғуға ықпал етеді", - деп атап өтті депутат.
Осыған байланысты Сатыбаев толтырылған бюллетеньді суретке түсіруге тыйым салуды ұсынды.