$ 494.87  520.65  4.91

«Мәскеу мұражайында тұр»: Депутат Кенесары ханның бас сүйегін елге қайтару мәселесін көтерді

Ол сүйегін Астанадағы Ұлттық пантеонда жерлеуді, ал мылтықты Ұлттық мұражайға тапсыруды ұсынды.
Фото: aikyn.kz / А.Ахметқазы
Фото: aikyn.kz / А.Ахметқазы

Премьер-министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдаған мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл Мәскеу мұражайында сақтаулы тұрған Кенесары ханның бас сүйегі мен мылтығын қайтаруда көмек көрсетуді сұрады, деп хабарлайды Stan.kz. 

Депутат 2022 жылы Кенерасының туғанына 220 жыл, ал хан бастаған көтеріліске 185 жыл толғанын мәлімдеді. 

“1837-1847 жылдардағы Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалыс — қазақтардың отаршылдыққа қарсы бағытталған жаппай бұқаралық және ұзаққа созылған көтерілістерінің бірі. Оны патша үкіметі де жеңе алмады. Кенесары хан қапыда қаза тапқан соң, Қазақ хандығы да жойылды. Хан Кене аз уақытқа болса да, барлық үш жүзді біріктіріп, хандықты, яғни қазақтың мемлекеттілігін қалпына келтіре алды. Көптеген зерттеуші елдің аумақтық тұтастығын қалпына келтірудегі Кенесарының ерекше рөлін атап өтті. Оған патша әкімшілігінің өкілдері де құрметпен қарап, оны "Қазақ даласының Митридаты", "ержүрек батыр" деп атаған”, – делінген сауалда. 

Оның сөзінше, қазіргі уақытта Кенесары ханның бас сүйегі мен оның мылтығы Мәскеуде этнографиялық мұражайда уақытша сақтауда тұр.

“2021 жылы географиялық қоғам ұйымдастырып, Қазақстаннан арнайы барған комиссия және мамандар Ұлы ханның бас сүйегі мен мылтығын сәйкестендіру жұмыстарымен айналысты. Тарихи, антропологиялық, мұражайлық және мұрағаттық зерттеулер кешенінің қорытындысында мылтықтың ханға 100% тиесілі екені, ал бас сүйек Кенесары ханның бас сүйегі екені (сәйкестік 90%-дан жоғары) анықталды”, – деп қосты депутат. 

Бақытбек Смағұл Әлихан Смайыловтан Кенесары ханның сүйегі мен мылтығын Ресейден Қазақстанға қайтару мәселесіне қолдау көрсетуді сұрады. Сонымен қатар сүйегін Астанадағы Ұлттық пантеонда жерлеуді, ал мылтықты Ұлттық мұражайға тапсыруды ұсынды. Айтуынша, бұл шара ел рухының асқақтауына, отаншылдықтың күшеюіне және ел астанасындағы туризмнің дамуына ықпал етеді. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары